Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген міндеттер аясында тарихи-мәдени құндылықтар шоғырланған отандық музейлердің атқарар жұмысының ауқымы кеңейіп, республика және шет ел жұртшылығына таныстыру, насихаттау секілді мәселелердің өзектілігі арта түсті.
Екі ғасырға жуық тарихы бар орталық музей қоры ең бай болып табылады. Бүгінгі күні музей атаулының қорын үздіксіз жетілдірудің негізгі көзі жекелеген ұйымдар мен тұлғалардың сый-тартулары мен арнайы тақырыптарды зерттеу үшін ұйымдастырылған археологиялық қазбалар мен этнографиялық экспедициялар нәтижесінде ел арасынан алынған музейлік мәні үлкен заттарды жинақтау болып отыр.
Сондай-ақ белгілі тұлғалардың ұрпақтарымен, түрлі мекемелермен байланыс орнату, сый-тартулар акцияларын өткізу және де ізін суытпай жинау тәсілімен жұмыс жүргізілуде. Айталық, 2017 – 2018 жылдары «Отбасы күніне орай музей қабырғасында өткізілген «Отбасымен музейге» атты мәдени – білім беру шарасы аясында «Отбасылық жәдігерлерді музейге сыйла!» атты арнайы акция ұйымдастырып, музей қорына тарихи-мәдени, музейлік құндылығы бар ерекше құжаттарды, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер, белгілі тұлғалардың жеке заттары мен отбасылық мұрағаттағы фотосуреттері қабылданды.
Бұл жолғы кездесуге әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым, академик Мұхамеджан Қаратаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев, өнер қайраткері , белгілі театр педагогы Галина Рудковская, жазушы, медицина ғылымдарының докторы, професор Советхан Ғаббасов, сондай-ақ, «Марапаттар мен атақтар бойынша Алматы қаласындағы қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Жаңабаевтың сый-тартулары бар. Әр қайсысы өзінше бір тағылымы бөлек дүниелер секілді елестейді, ардақты ағалардың құрмет тұтқан асыл дүниелері секілді көрінеді. Шіркін, асыл ағалар-ай...
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ