Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Түркістанда жас маманға 1,5 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілмек

639 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы қаңтардан бастап маман тапшылығын төмендету мақсатында Түркістан өңіріндегі ауылдарға жұмысқа орналасқан денсаулық саласындағы әр маманға 1 миллион теңге бір реттік қаржылай көмек ретінде төленіп келеді. 2018 жылы ауылдарға жолдама алған 89 жас маман әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілген.

Түркістанда жас маманға 1,5 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілмек

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қаржылай көмек көлемін көбейтіп, 1,5 млн. теңге етуді ұсынып отыр. «Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен ауылдарға жұмысқа орналасқан маманның әрбіріне облыстық бюджет есебінен 1 млн теңге қаржылай көмек беріліп келеді. Мұндай көлемде дәрігерлерге қолдау өзге өңірлерде көрсетілген жоқ. Нәтижелі жұмыстың жалғасы ретінде облыстық мәслихаттың сессиясында осы көмек көлемін 1,5 млн-ға көтеруді ұсынбақпыз. Депутаттар қолдайды деп сенеміз. Бұл облыстағы тапшы мамандардың орнын толтыруға септігін тигізеді», – деді М.Егізбаев өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма маман тапшылығын болдырмаудың басқа да жолдарын да іске асыруда. Мысалы, басқарма өкілдерінің, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің және түлектердің қатысуымен Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясында, Қ.А.Яcауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Астана, Семей, Қарағанды қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарында бос орындар жәрмеңкелері өткізілген. Нәтижесінде 17 жас маман шалғай ауылдарға жұмысқа орналасыпты. Ал өткен жылда 28 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, басқарма басшысы Түркістан қаласында 500 мың шақыртуға арналған облыстық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының құрылысы жоспарланғанын атап өтті. Өңірде ауысымына 350 төсектік туберкулезге қарсы диспансер, ауысымына 350 төсектік онкологиялық диспансер, уақытша бейімделу және детоксикация орталығы, облыстық психикалық орталығы, облыстық қан орталығы, СПИД орталығы ғимараттарын салу да жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Сарыағаш қаласында Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін №4 облыстық перинаталдық орталығының құрылысы басталады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы