Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

Бірге барайық: Алға жетелеудің жолы

700 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мінекей, жұмыс күндері зымырап өтіп, 1-2 күндік демалыс та келе қалды. Оны тиімді пайдалану – жұмысбасты әрі қарбаластан қажыған кез келген адамды мазалайтын мәселе.

Бірге барайық: Алға жетелеудің жолы

Суда еркін балықтай жүзе алатын әпкем болмағанда мен дәл қазір сіз оқып отырған дүниені жазбаған болар едім. Ол осыдан 20 жылдай бұрын ұйыққа ағып бара жатқан кезімде білегімнен суырып алып шықты. «Бірге барайық» жаңа жобасының кезекті санында осы демалысты жүзуге арнауды ұсынамын. Бұрыннан барып жүрсеңіз, ат-тонын ала қашатындарды еліктіру үшін оқып алыңыз. Жүзе алатындар көп, алайда менің күйімді кешкен, қорқынышы қалып қойған талай адам тағы бар. Ал мен бойымда 20 жылдай бойы жүрген фобияны жеңдім. Қалай?..

Қолында интернетке қосылған қандай да бір құралы бар адамға жүзудің пайдасы туралы айтып жату артық. Бірақ суда жүзудің рақатына бөленер жан ғана сезіне алатын бір ерекшелігі бар, бұл – қолға ұсталмайтын кедергіні жан-тәніңмен жойып, алға жетелеуге үйрететіні. Және миы қажетсіз ақпаратқа толған адамдардың көбі бір нәрсеге мән бермейді. Байқайсыз ба, біз шомылу емес, жүзу туралы сөз қозғап тұрмыз. Осы екеуінің арасын айыра алмайтындар ғана жүзуді 2-3 рет барған соң тастап кетеді. Шомылу да ағзаға пайдалы, сергітеді. Алайда жүзу – өмір сүру деген сөз.

Жүзіп үйренуді қалалықтар хауыздан, ауылдағылар ағысы жоқ көлден бастауына болады. Астанадағы «Алатау» спорткешенінде инструктор-жаттықтырушы болып жұмыс істейтін, 15 жылдың еңбек өтілі бар Әлия Ермұханның кеңесін келтіре кетейік. «Жүзуді үйрену адамның салмағына, жасына және құмарлығына қарай әр түрлі уақытта нәтижесін береді. 40 жастан асқанда адам сүйегінің салмағы ауырлайды. Сондықтан мұндай жастағыларды аяғына жүзуге жәрдемдесетін құрал байлап үйретеміз. Ал балалар жылдам алып кетеді. Негізінен бойында қорқыныш қалып қойған адамдар болмаса, аптасына 3 рет келіп, 1-ақ айда үйреніп алуға болады. Бұл инструктордың шеберлігіне де байланысты», дейді ол. Менің де қорқынышымды жеңуге жаттықтырушы көмектескен. Сондықтан жүзуді білмесеңіз, әсіресе қорқынышыңыз болса, сөзсіз алдымен тәжірибелі маманнан сабақ алыңыз. Әйтпесе, еш рақатын сезінбей, жай шомылып қайтасыз. Айтпақшы, осы тұста жүзуге қажетті заттардың негізгі миссиясын айта кетейік, көзілдірік – судағы бактериялардан, аллергиядан сақтайды. Резеңке баскиім шашты қорғайды, бірақ көп адам құлаққа су кірмеу үшін киеді деп қателеседі. Есіңізде болсын, құлақтың өзі-ақ суды кері итеруге қабілетті. Әлия апайдың айтуынша, жүзу киімі адамның ұятты жерлерін жабуға ғана емес, түпкілікті міндетіне сай, түрлі тері ауруларын жұқтырмауға септігін тигізетіндей сапалы болуы тиіс. Сол себепті ол іш киім секілді емес, кемі тізеден түсетін және жейдесі кіндікті жабатындай болғаны дұрыс, жеңі білегіңізден келетін боса, тіпті керемет. Қысқасы, киім тері үшін фильтрдің қызметін атқаруы қажет.

Су сезеді, сондықтан оған деген қорқынышты жеңу үшін сену керек, судың сізді көтере алатынына сену керек. Инструкторға илансаңыз, ең алдымен тыныс алуды үйренгеніңіз абзал, бұл жүзуде басты рөл ойнайды. Ол үшін қолыңызды хауыздың жақтауына қойып, аяғыңызды жерден көтермей ауаны судың сыртында ауызбен жұтып, басыңызды батырасыз. Осы сәттегі сіздің тұрысыңыз «Г» әріпіне ұқсауы қажет. Деміңіз таусылғанша судың астында басыңызды батырып ұстайсыз. Иығыңызды да суға батыруды ұмытып кетпеңіз. Бұл бірінші жаттығу. Мұны меңгеріп алсаңыз, суда жүзуге көмектесетін тақтайшаны ұстап, бірінші жаттығуды су ішінде жүріп жасайсыз. Тек бір айырмашылығы енді су сыртында жұтқан ауаны судың ішінде ақырындап мұрынмен шығарасыз, ауызбен қоса шығаруға да болады. Осы жаттығуды хауызды 10 рет айналып қайталаңыз. Үшінші жаттығу – суға деген қорқынышты жеңудің нағыз жолы. Енді тақтайша ұстап, қолыңызды созасыз, яғни 1-ші және 2-ші жаттығуды қоса қайталайсыз, тек бір ғана айырмашылығы аяғыңызды итеріп суға жата қаласыз. Суды кәдімгі керует сезініңіз, ол сөзсіз көтереді, сіз сенсеңіз болғаны. Бұл жерде ауаны аяғыңыз су бетіне қалқығанда барып ақырын шығарасыз. Судың сізді көтеріп тұрғанын сезінгенде, осы көрініске өзіңіз куә болғанда фобия өздігінен жоғалады. Сіз сумен достасасыз. Бұл – қорқынышты жеңудің жолдары. Ал жүзуді үйрену сізге:

сымбат;

сұлулық;

еркіндік;

иммунитет;

жеңілдік;

тыныштық;

мотивация;

қуаныш;

сергек ұйқы;

денсаулық сыйлап,

жүректің;

бұлшық еттің;

буындардың;

өкпенің;

қан айналымның;

жүректің;

иә-иә, мидың жұмысын жақсартады. Осының бәрі бір ғана жүзуде.

Фитнестегі белге, аяқ, мойынға арналған деп тізбектеле кететін барлық жаттығулардың жиынтығын жалғыз-ақ жүзу алмастыра алады. Өйткені онда бүкіл дене, бұлшық еттің бәрі қимылдайды.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»