Бұл кабинетте жаңа әліпбиді үйрету, жазу емлесінің ережелерін түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету сияқты қажетті шаралар тұрақты іске аспақшы.
- Осы шаңырақ аясында ұлттық әліпбиге қатысты дәрістерге, оқу курстарына, семинарларға орын беріледі. Кабинетті соңғы үлгідегі интербелсенді тақтамен, жаңа әліпбиді үйретуге қажетті бағдарламалары бар компьютермен және қазақ тіл білімі саласы бойынша соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектер жинағымен жабдықтадық, - дейді І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.
Қазір кабинет қызметін пайдаланғысы келетін студенттер үшін qazlatyn.kz, emle.kz, tilalemi.kz, atau.kz, termincom.kz, qujat.kz сынды ақпараттық порталдар жұмысы істеп тұр.
Сондай-ақ кабинет төріне қазақ тілін латын графикасына көшіру бастамасын алғаш көтерген ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Әбуәли Қайдардың жеке кітапханасынан сыйға тартылған кітаптар қойылған.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы