Аймақ басшысы алдымен Индербор кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйге барды. НКОК компаниясының демеушілігі есебінен салынған нысан 2017 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Одан кейін Нұрлан Ноғаев «Индер аудандық білім бөлімінің оқушылар шығармашылық орталығы» КММ-мен танысты. 2014 жылдан бастап оқушылар шығармашылығы болып жұмысын бастаған мекемеде бүгінде 19 мұғалім жұмыс жасап, 19 үйірме бойынша 683 оқушы оқиды. Сондай-ақ, сапар барысында аймақ басшысы Есбол ауылындағы құрылысы жүріп жатқан 300 орындық мәдениет үйімен танысты. Қазіргі кезде ғимарат құрылысы аяқталғанмен құрылыс кезінде кеткен кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, облыс басшысы Есбол ауылындағы мал моласына барды. 2017 жылы желтоқсан айында құрылысы аяқталған жаңа типтік үлгідегі мал моласы тиісті заңдылыққа сай елді мекеннен 1700 м қашықтықта орналасқан. Сырты қоршалған. Арнайы адамдар кіретін есігі, автокөлікер кіретін қақпасы бар.
Нысанмен танысқан аймақ басшысы облыстың барлық аудандарында аталған нысанның болуы керектігін ескертті:
- Бұл мәселе әлі де өзекті. Барлық аудандарда бұл нысан болуы керек. Аудандардың мал молаларымен толық қамтылуын қатаң тапсырамын – деді облыс әкімі.
Есбол ауылынан кейін облыс әкімі Көктоғай ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында болды. 1 дәрігер, 14 орта буын қызметкерлері бүгінде 6752 адамды қабылдай алады. Облыс әкімі нысанмен таныса жүріп қажет болса ауылға мамандар шақырып, барлық жағдай жасауды тапсырды.
- Медицина саласына маман тапшы болса алдыртайық. Және олар міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Жергілікті билік медицина мамандарына барлық жағдайды жасауға дайын,- деп атап өтті аймақ басшысы.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша салынған қызметтік пәтерлерді көрді. Қазіргі таңда бұл үйде полиция қызметкері, спорт жаттықтырушысы және мемлекеттік қызметшілер тұрады. Айта кетейік, Индер ауданы бойынша бүгінгі таңда 2 пәтерлік 28 үй қажетті мамандарға пайдалануға берілген.
Кейін, Көктоғай ауылындағы апатты жағдайдағы интернат, ескі дәрігерлік амбулатория ғимаратының жай-күйін көрді. Алдағы уақытта ғимараттарды бұзып орнына жаңа ғимараттарды салу жоспарлануда.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Құлыншақ» шаруа қожалығында болды. Шаруа қожалықтың жұмысымен танысып асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтың қызметкерлеріне алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Индер ауданындағы іссапар кезінде «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, артында аудан ардагерлерімен кездесті.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау