Жалпы, Астана қаласының халық саны соңғы 20 жылда жылдам өсті. 1997 жылы тұрғын саны 300 мың болса, биыл 1 млн 78 мыңға жетті. О баста миллионер қала болуға жоспарланбаған еді. Бірақ жыл сайын аймақтардан көшіп келетін жұрт аз емес, 2017 жылы 135 мың кісі бас қалаға қоныс аударған. Осы уақытта 121 мыңы Алматыға көшкен. Әрине келгеннің бәріне бірдей пәтер мен жұмыс жетпейді. Жалақысының 70%-ын пәтерақыға жұмсайтын мыңдаған отбасы бар. Екі-үш бөлмелі үйді бірлесіп жалдайтындар да жетерлік. Ал табысы аздар қала шетіндегі Кеңес заманынан қалған тар тамдарды жағалайды. Бөлмелерді 30-35 мың теңгеге жалдайды. Ірі шаһарларда осылай жалға беру үшін арнайы жер алып, 4-5 «времянка» салып тастайтындар аз емес. Тұрақты табыс көзі. Қаланың орталық коммуникацияларына қосыла бермейді. Ресми мекенжай болып есептелмеген соң, баласын мектепке, балабақшаға орналастыру оңай емес, жедел жәрдемнің келуі де қиын. Үй мәселесі көпшілікке уақытша болса да осылай шешілгендей болады. Бірақ өмір сапасы төмен. Жан бағу дейді мұны.
Қазақстанда урбанизация қазір 57%, яғни халықтың осынша пайызы қалада тұрады және жыл өткен сайын арта түсуде. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбеде жаңа шағын аудандардың, кейде аудандардың ашылуы – соған дәлел. Негізі өзге елдермен салыстырсақ, жоғары көрсеткіш емес. Мәселен, АҚШ-та – 82%, Оңтүстік Кореяда – 83%, Голландияда – 90%, Жапонияда – 94%. Алайда, урбанизацияның сапасы да маңызды. Мәселен, Қазақстанда ресми түрде 87 қала бар, бірақ оның 70%-ы ұсақ қала, 20-сының ғана халқы 100 мыңнан асады. Яғни, барлығын «мегаполис» деп айта алмаймыз. Шағын қалаларда, әсіресе жалғыз өндіріс орнына қараған моноқалаларда инфрақұрылым (мектеп, балабақша, инженерлік коммуникация, жол) толық шешілмегені мәлім.
Осы және өзге де әлеуметтік мәселелер (жұмыс тапшылығы, жалақының аздығы) аймақтағы жұртты ірі шаһарларға жетелейді. Былтыр тек қаңтар-мамыр айларында Астанаға 35 мың адам көшкен. Негізінен Ақмола, Түркістан және Қарағанды облысынан. Ұлттық құрамына келсек, жайлы өмірді қиялдап келгендердің 89%-ы қазақ. Басқаша айтсақ, ішкі миграцияда ең белсенді ұлт қазақтар болып тұр. Жалпы, ішкі миграция жыл өткен сайын артып барады, 2012 жылы 337 мың болса, 4 жылда 610 мыңға жеткен.
Егер бұл процесс ретсіз жүре берсе, нәтижесі не болмақ? Әлемдік тәжірибеде ауылдан қалаға ауа көшкен халық шеткі аудандарда орын теуіп, сонда өзіндік қауымдастыққа айналады. Рио-де-Жанейродағы фавеллалар, Киншасадағы лашықтар, Париждегі мигранттар мекені, Нью-Йорктегі геттолар осыған ұқсас қала бөлігі. Әдетте қылмыс, антисанитария, жұмыссыздық, қараңғы көшелер сондай мекендерді сипаттайтын сөздер. Әрине еліміздің үш миллионер қаласы әлі мұндай деңгейге жеткен жоқ. Бірақ урбанизация процесі реттелмесе, қос астананың өз фавеллалары пайда болуы әбден мүмкін.
4 ақпан күні Астанада болған орны толмас қайғыдан соң «7 адам мынадай тар бөлмеде қалай тұрды?» деп таңғалғандар көп болды, алайда бұл біреуге таңданыс болса, кейбір мыңдаған отбасы үшін күнделікті реализм. Мұндайда төтенше жағдайлар қызметі талап ететін техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі 11-12-ші орынға сырғып түседі. Себебі елорданың сақылдаған сары аязында алдымен пеш жылыту, оған қымбат көмір табу – басты мақсат әрі мұң. Әрине осыдан соң иіс тиіп уланған не өрт шығып күйген кісілердің саны артады. Тек 2015 жылы ел бойынша осылай 760 адам зардап шегіп, оның 65-і көз жұмған.
Иә, урбанизацияның негізгі екі түрі бар. Бірі – индустриялық не табиғи. Елдің бір аймағында ірі құрылыс, өндіріс басталғанда, жұрт сол жаққа қоныс аударады. Екіншісі – амалсыз немесе тұрмыстық. Өкінішке қарай, Қазақстанда екінші түрі жүріп жатыр. Жоғарыда айтылған ауыл-аймақтағы жұмыссыздық. Соның салдары. Неге? Өңірлер әлі экономиканың локомотиві деуден аулақпыз, тіпті қолдаушы компонентіне айналмады. Республикалық бюджеттің көмегімен өмір сүреді. Әсіресе оңтүстік өңір. Мысалы, сол облыстың қазіргі өндіріс өнімі 1991 жылғы көрсеткіштен 22 есе кем екен, Ақмола облысы 15 есе, Жамбыл облысы 10 есе аз. Ал 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы әлі өзгермей тұрғанда бюджеттің 80%-ы республиканың берген дотациясы еді. Басқаша айтсақ, өндіріс орындарымен «екі қолға бір күрек» болатын жұмыс аз. Соның нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деп аталатын үлкен тап шықты (саудагер, құрылысшы, шаштараз). Бүгінде Қазақстандағы барлық 2 млн 700 мыңдай өзін-өзі жұмыспен қамтушының 45-50%-ы Түркістан, Жамбыл, Алматы облысына тиесілі. Яғни, бұл санаттағы азаматтарда тұрақты жұмыс болмағандықтан, оларды ішкі миграцияға дайын ең мобильді топ деп атасақ, қателеспейміз. Олардың бүгін Шымкентте болып, ертең Таразда істеп, 2 айдан соң Алматыда жұмыс табуы әбден мүмкін.
Қазақстанда өңірлерді дамытудың түрлі амал-әдістері қарастырылды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ғұмыры қысқа болған Өңірлерді дамыту министрлігі де құрылды. Моноқалалар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары қабылданды. Ауыл жылы жарияланды. Олардың тиімділігін, нәтижесін оқырман өзі бағалар. Алайда, облыстарда жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізбейінше, Үкімет ретсіз урбанизацияның салдарымен күресе беретін секілді. Себебі жыл сайын 100 мыңнан аса азамат Астанаға, Алматыға ағылып жатқанын естен шығармаған жөн. Аймақ пен қала қатынасын тиімді қолданған елдің бірі – Нидерланд. Халқының 90%-ы қала тұрғындары, 10%-ы ауылда. Алайда, Нидерланд әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейін 2 орында, Еуропада көшбасшы, ал территориясы – 41 мың шаршы шақырым. Еліміздегі жер көлемі ең аз Солтүстік Қазақстан облысына екі Нидерланд сыйып кетеді.
Бұл сөздің барлығы урбанизация зиян деген сөз емес. Қайта әдетте қала халқы өскен сайын көптеген елдің ІЖӨ-сі де артады, экономикасы түрленеді. Себебі қалада білімді мамандар, технология, қаражат, коммуникация, жұмыс орны мол. Олар табысты арттырады. Тіпті, қала халқы 1,5-2 млн-ға жетсе, ол өзін-өзі асырай алатын деңгейге шығады деген ұғым бар. Алайда, тек Үкімет урбанизацияны басқара алса, қалаға көшіп келіп жатқан азаматтарға жағдай жасай алатын мүмкіндікке ие болса. Ал біздің миллионер қалалар ше? Былтыр республика бойынша 473 мың азамат баспана алуға кезекке тұрған. Оның 47 мыңы Астанада, 21 мыңы Алматыда. Ал қала әкімдіктері жақын 5 жылда осынша тұрғынды үймен қамтамасыз етуге қауқары жете ме?
Урбанизация – тоқтамайтын процесс. Мамандар 2025-2030 жылдарға қарай Қазақстан халқының 63 пайызы қалада тұрады дейді. Бірақ қазіргі ішкі миграцияны ескерсек, бұл сан 10-11 жылда тағы өсуі әбден мүмкін. Қолында Қазақстанның төлқұжаты бар азамат елдің қай жерінде тұрамын десе де құқылы. Дегенмен, Үкімет бұл процесті бақыламаса, қаладағы әлеуметтік жарылыс не қақтығыстың болу мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА,
«Егемен Қазақстан»