Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Пәрменсіз Парманов немесе қала ішіндегі қиын аудан

613 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жылы миллионды қала атанып, мәртебесі өзгерген Шымкенттің тұрғындары ауыз суды тасып ішеді дегенге сене қоймассыз. Өкінішке қарай, ауыз суға қолы жетпей отырған тұрғын үй алаптары бар. Үшінші мегаполистің төрт ауданында әкімдер тұрғындар алдында есеп берді.

Пәрменсіз Парманов немесе қала ішіндегі қиын аудан

Осы есептік кездесулерде жиі көтерілетін мәселелерді саралай келе, Шымкент ауыз суға зәру, жарығы жиі сөнетін, қоғамдық көлік дұрыс қатынамайтын, орталықтан тыс жерлердегі жолдары батпақ қала екен деген ойға қаласыз. Аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын білдірген тұрғындар да аз емес. Әсіресе, Абай ауданында шешімін күткен өзекті мәселе өте көп.

Мысалы, Құрсай елді мекенінің тұрғыны Арман Алпысов Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың жұмысына өте нашар деген баға берді. «Сіздің атқарған жұмысыңызға 283, 282 кварталдағы халықтың атынан қояр бағамыз өте төмен. Өйткені біздің аумақта ішетін су жоқ. Адам күніне 3 литр су ішуі керек. Осы мәселеге байланысты көршілермен бірге қала әкімінің атына, сізге де бірнеше рет арыз жаздық. Еш нәтиже жоқ. Арнайы ұсыныс хат жаздым. «Еш болмаса «водовоз» көлігін жүргізіңіз немесе колонка қойып беріңіз» дедік. Оны да шеше алмадыңыз. Әлі күнге жекемен­шік трансформаторға күніміз қарап отыр. Жарық жиі сөнеді. Бір үй отқа оранған­да өрт сөндіруші көлік саз-балшық жолдан өте алмады. Себебі жолға төселген тастың ені – 3 метр. Ол жерге өрт сөндіруші көлік сыймайды», деді А.Алпысов. Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөздің қала тұрғыны көтерген мәселелер бойынша берген жауабы көпшілікті қанағаттандырмады. Ал аудан әкімі басқарма өкіліне қарата: «Біз хаттамаға енгізіп, қаржы бөліп, міндетті түрде суды тасымалдауды қамтамасыз етуіміз керек. Демеушілер бір рет, екі рет тасиды, болды, одан әрі тасымайды. Бұл кісілер әр жерден жағымсыз су ішіп жатыр. Ертеңгі күні ауру тарап кетсе тікелей жауапты боламыз. Сіз айтып жатырсыз, бюджеттен қаржы қаралмай жатыр, мүмкінші­лік жоқ деп. Менің де мүмкіншілігім жоқ. Не істеуіміз керек? Дұрыс көзқараспен қараңыз. Мекемелер бар бізде... Бір-екі автокөлік табайын. Бірақ жыл он екі ай қамтамасыз ете алмаймын ғой. Сіз бізге жәрдем беріңіз», деп ұсынысы мен өтіні­шін білдірді. Осылайша халық әкім Б. Пармановтан, ал ол пәрменсіздігін білдіріп басқармадан көмек сұрады. Айтпақшы, есеп берген күннің ертеңіне Абай ауданының әкімі Б.Парманов тұрғындарға «водовозбен» су жіберген екен. Алайда су таситын көлік тұрғын үй алабының батпақ көшелеріне тығылып, діттеген жеріне жете алмай қалды.

Аудан аумағында өткен жиындарға қатыс­қан тұрғындардың басым көпшілігін ауыз су, көгілдір отын, сапалы электр жүйелері және қоғамдық көлік мәселесі толғандырады. Тағы бір шешімін таппай келе жақтан мәселе – құжат ресімдеу. Аудан аумағындағы 7 елді мекенде құжаттары жоқ және толық ресімделмеген 2160 үй бар. Олар – Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан қалаға қосылған елді мекендердің тұрғындары. Бұл орайда аудан әкімі Жаңаталап, Игілік елді мекендерінде ресімделмеген 868 үй болса, оның 754-інде мүлдем құжат жоқ екенін айтып өтті. Сәуір айына дейін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, шілде айынан бастап уақытша 2 жылға шешім берілмек. Жаңаталап елді мекенінің тұр­ғыны Жалғасбек Тұрғынбаевтың айтуынша, жер құжатының ресімделмеуіне байланыс­ты тұрғындар мемлекет тарапынан беріле­тін әлеуметтік көмектерді ала алмай келеді. Ал «Жаңақұрылыс-2» ауылының тұрғыны айта-айта жауыр болған жолға қатысты қиын­дықтарды айтты. Қоғамдық көлік қатынасы да сын көтермейді. Негізі Абай ауданында жол, су, жарық, газ, қоғамдық көлік мәселелері жыл сайын көтеріліп келеді. Бірақ есеп берулерде көтерілген мәселелердің шешілу барысы өте баяу. Қала әкімдігі аудандағы қордаланып қалған мәселелерді реттеуге неге құлықсыз? Жауаптың бір парасы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың сөзінде жатқан секілді.

– Сіздерге уақытында бұл үйлерді соғу­ға Сайрам ауданы жер берді. Ол жерде су жоқ, жарық жоқ, жол жоқ еді. Сіздер сон­да бар­дыңыздар да үйлеріңізді соғып алды­ңыздар. Дұрыс па? Енді қазір үйді соғып аласыз­дар да, кейін әкімшілікке келіп: «Маған жарық жүргізіп бер, маған су кіргізіп бер» деп шағымданасыздар. Негізі, заң бойынша, үй соғу үшін бірінші жол, су, жарық кіргізу керек. Содан кейін ғана үй соғылуы тиіс. Әрине, біз «жоқ» деп айтпаймыз. Жолдарыңызды жасап береміз, суды да, газды да кіргізіп береміз. Бірақ былтыр келген кезде сіздерге айтқам, басқа ауылдарға да айтамын, қаланың көлемі – 117 мың гектар. Еліміздегі ең үлкен қала. Қала облыстан бөлініп, бюджетін енді қарастырып жатыр. Бұрын облысқа бөлінген қаржы аудандарға кетіп қалушы еді. Біз барып облыстан сұраушы едік. Енді қазір өзімізде бюджет бар. Былтыр қаланың бюджеті – 150 млрд теңге болса, биыл – 170 млрд теңге, яғни 20 миллиардқа көбейді. Келесі жылы бұдан да көп болады. Сондықтан, біз Абай ауданының, сіздер тұратын ауылдардың мәселелерінің бә­рін білеміз. Мен қиналып жүргендеріңізді тү­сі­ніп тұрмын. Бірақ сабыр сақтаңыздар, бізге уақыт керек. Әрине, Абай ауданы мен үшін қиын аудан. Бұрын кәдімгі ауыл бол­ған. Қазір де ауыл, қалаға өткен соң біраз мә­се­­лелер шешіле бастады, – деді қала әкімі тұ­р­ғын­­дарды сабырға шақырып. Сондай-ақ Ғ.Әбді­рахымов қалаға биыл жаңадан 1000 автобус сатып алынатынын, муниципалды парк ашы­латынын, яғни барлық елді мекендерде қоғам­дық көлік мәселесі шешімін табатынын айтып өтті. 

Осы арада айта кетелік, коммуналдық қызметтерге қатысты мәселе қала аумағын­дағы өзге аудандарда да баршылық. Мыса­лы, есептік кездесулерде Қаратау ауданы­ның тұрғындары тарапынан елді мекен­дерде жылу, жарық, ауыз су, жол саласында проб­­лема көп екендігі айтылды. Қалаға бар болғаны 2 бағыттағы автобуспен қатынайтын жұртшылық көлік санының көбейгенін қалайды. Одан бөлек, жөндеуді қажет ететін жолдар баршылық. Сайрам тұрғын алабынан сайланған мәслихат депутаты Құсан Ахметхановтың айтуынша, ауыз су мәселесі 11 жыл бойы көтеріліп келеді екен. «Үш рет республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден артық қаржы жұмсалды. Бірақ бүгінге дейін бірде-бір елді мекенде тәулігіне 24 сағат су берілмейді. Кәріз жүйесінің жұмы­сы да нашар. Арық, каналдарды тазартуды күн тәртібіне қойсаңыздар», деді депутат. Бұл орайда аудан әкімі Исамуддин Қантөреев ауыз су мәселесі бойынша «Евросервис» ЖШС мекемесі жұмыс істеп жатқанын алға тар­тып, келер жылдың соңына дейін 3000 або­нентке ауыз су беруге уәде етті. 

Иә, бұл есептік кездесулерде тұрғындар көтерген мәселелердің бір парасы ғана. Деген­мен республикалық маңызға ие бол­ған үшінші мегаполистегі әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі қалаға іргедегі аудандардан қосылған елді мекендерде екенін айта кетелік.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

ШЫМКЕНТ