Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Жүргізушісіз, қағаз-қаламсыз өткен жиын

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ешқандай жүргізушісіз, мінберсіз, микрофонсыз, қағаз-қаламсыз, үстел­сіз, орындықсыз... Өске­мен қаласының әкімі Жақ­сылық Омар биылғы ха­лық­қа есеп беру кездесуін цифр­лы технологиялардың көмегімен жаңа форматта өткізуді бастап кетті.

Жүргізушісіз, қағаз-қаламсыз өткен жиын

Қалада 2018 жылы атқарылған жұ­мыстар, 2019 жылы қолға алынатын шаруалар үлкен экраннан слайд ар­қылы көрсетіліп, шаһар басшысы тұр­ғындардың да, өзінің де уақытын үнем­деп, кездесу екі сағатқа жетпей аяқталды. 

Негізінен мемлекеттік тілде өт­кен, екі сағат бойы тізе бүк­пей, тік тұрып халыққа есеп бер­ген еркін фор­маттағы жиында тұрғындар да өздерін толғандырған сауалдарды емін-еркін қоюға мүмкіндік алды. Есепті кездесу халық саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқан Жібек маталар шағын ауданында өткендіктен сұрақтардың көбі осы шағын ауданға (Автобустардың жеткіліксіздігі, жаңадан салынған тұрғын үйлердің сапасыздығы, көшелердің тарлығы, жа­рық пен жылу) қатысты болды.

Кездесуде Өскеменнің өзек­ті мә­се­лелері де назардан тыс қал­ған жоқ. Со­ның бірі – мұға­­лімдер мен дәрігерлердің же­тіспеу­шілігі. Қала әкімінің айтуын­ша, Өскеменнің білім саласына – 69, денсаулық саласына 64 маман қа­жет. «Әсіресе шаһар мек­теп­теріне ер мұға­лімдер жетіс­пейді. Бұл мәселені шешу үшін қала әкімдігі қызметтік пәтер бөлуге әзір. Өскемен мектептері үшін өзекті мәселені былтырғы Тамыз кеңе­сінде де айтқанмын. Бірақ әзір­ге бір­де-бір ұсыныс түспеді», дейді Ж.Омар.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН