08 Ақпан, 2019

Басты міндет – бәсекеге қабілетті маман дайындау

250 реткөрсетілді

Көкшетауда жоғары колледжерге қолданбалы бакалавриат білім беру бағдарламасын енгізуге байланысты республикалық семинар өтуде.

Қазақстанның 46 оқу орнынан келген ұстаздар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман дайындау ісін жақсарту қамымен өзара тәжірибе алмасып, ұтымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салуда. Қолданбалы бакалавриат  бағдарламасын облыс бойынша 6 жоғары колледж оқу жүйесіне енгізіп отыр.

Қолданбалы бакалавриаттың артықшылығы – жоғары білікті мамандарды тәжірибеге бейімдеу арқылы дайындау. Төрт жыл бойы қолданбалы бакалавриат мамандығы бойынша білім алған оқушылар жоғары білім деңгейінде теориялық дайындығы жоғары, тәжірибесі мол  маман болып шығады.

– Қолданбалы бакалавриат – дуальды білім беруді көздейтін бағдарлама. Мұнда модульді-кредитті білім беру жүйесі қолданылады. Облысымыздың 11 колледжі бүгінде индустриалдық аккредитациядан өтті. Яғни, олар жоғары оқу орнында қысқартылған оқу курсы бойынша білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Бүгінде бұл колледждер Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетпен меморандумға қол қойды. Қолданбалы бакалавр біліктілігі бар оқушылар сол оқу орындарында екі жыл оқып, жоғары білім алып шыға алады,–дейді облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.

Бүгінде облыста 33 колледж бар, оның 6-ы жоғары колледж мәртебесіне ие. Оларда 9 мамандық бойынша қолданбалы бакалавриат білім беру бағдарламасы енгізілді. Семинарда қолданбалы бакалавриатты үш бірдей мамандық бойынша алғаш болып енгізген Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің тәжірибесі өзге әріптестеріне үлгі етілді.  

Республикалық семинар барысында қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасын сәтті енгізген оқу орнының мамандары өзара тәжірибе алмасып, бұл бағытта әдістемелік құралдарды дайындау, бағдарламаның тұжырымдамалық негіздеріне қатысты тақырыптар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Елімізде бүгінде жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Сондықтан, қолданбалы бакалавр мамандығы бойынша білімі бар әрбір жас маман еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жан ретінде өзін көрсете алады. Себебі, мұндай біліктілігі бар маманның теориялық білімімен қатар практикасы да мол дейді семинарға қатысушылар. Аталған республикалық бас қосу екі күнге жоспарланған.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар