Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен ел алдында есеп беру жиынында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев осындай деректерді келдірді. Өткен жылы жалпы өңiрлiк өнiм 74 млрд 803 млн теңге болған. Оның көлемі жан басына шаққанда 452 мың теңгені құрап, 12 пайызға артты. Жалпы өңірлік өнім көлемінде өзіндік үлесі бар өнеркәсіп саласы 16,7 пайыз, ауылшаруашылық саласы 8,0 пайыз, орындалған құрылыс жұмыстары 16,8 пайыз, ал сауда-саттық саласы мен шағын бизнесі дамыған Түркістандағы тауар айналымы мен қызметтерді өткізу көлемінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 58,5 пайызға жеткен.
Сондай-ақ қала әкімі биыл Түркістан тұрғындарының 60 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылатынын атап өтті. Қаланы газбен қамту 3 кезеңмен жүзеге асырылуда. І кезеңнің жұмыстары бойынша 10518 абонентке газ құбыры жүргізіліп, 42918-ден астам қала тұрғынына табиғи газ берілді. Бүгінде ІІ-ІІІ кезеңнің құны 20 млрд 271 млн теңгені құрайтын 11 жобасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды.
– Биыл осы мақсатқа 4 545 млн теңге бөлініп, халықты табиғи газбен қамту көрсеткішін 58 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2020 жылы қала 100% табиғи газбен қамтылатын болады, – деді Әліпбек Өсербаев.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан »
Түркістан облысы