Әлем • 08 Ақпан, 2019

Венгрияда белгілі түркітанушыны еске алу рәсімі өтті

569 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Венгрияның Қарсақ қаласында түркітанушысы Иштван Мандоки Қоңырды еске алу салтанаты өтті.

Венгрияда белгілі түркітанушыны еске алу рәсімі өтті

Жиынға Қазақстан елшілігінің дипломаттары және мажар астанасында оқитын қазақ жастары қатысты.

Іс-шараны Сент Аннаи Шамуэль орта мектебінің директоры ашты. Содан кейін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің құттықтау сөзі қазақ және мажар тілдерінде оқылды.

Еске алу рәсімінде мажар ғалымдары Юлия Барта, Адам Молнар, жыршы әрі актер Андраш Берец естеліктерімен бөлісіп, И.Қоңыр туралы әңгімелеп берді.

Сондай-ақ жиынға Сегед университетінің профессоры Мария Иванич пен білім ордасының қазақ тілі оқытушысы Раушангүл Зақанқызы, Кошут сыйлығының иегері, мүсінші Шандор Дьөрфи де келді.

Өз сөзінде Р.Зақанқызы Сегед университетінің Алтаистика кафедрасы және қазақ тілін оқыту туралы баяндады. Ал Ш.Дьөрфи Қоңырдың тұтас мүсінін дайындап жатқанын хабарлап, оның Қазақстанда орнатылуы жоспарланғанын жеткізді.

Естеліктер тыңдалған соң «Қыпшақ апостолы» фильмі көрсетіліп, ас берілді. Іс шараға журналист Шандор Егри жетекшілік етіп, И.Қоңыр оқыған Сент Аннаи Шамуэль орта мектебінің ұжымы ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Иштван Мандоки Қоңыр 1944 жылы 10 ақпанда Мажарстанның Қарсақ қаласында туған. Жастайынан қазақ тіліне қызығып өскен ол кейінірек түркітанумен айналысты. И.Қоңыр 1992 жылы қайтыс болды. Оның денесі Алматы қаласында жерленген.

Қазіргі таңда Алматы қаласындағы №154 мектеп пен шаһардағы бір көше И.Қоңырдың атымен аталады.

 Раушан ЗАҚАНҚЫЗЫ,

Мажарстаннан арнайы «Егемен Қазақстан» үшін