Ақмола облысының жер аумағы 14,6 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері 10 миллион 782 мың гектарға немесе барлық жердің 74 пайызына тең. Мұның 5,7 миллион гектары егістік, 4,5 миллион гектары жайылымдық жерлер. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Осы істің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 миллион 110 мың 300 гектар жердің бос жатқандығы анықталды. Бұған дейін ешкімнің 613 мың гектар егістік алқаппен, 490,2 мың гектар жайылымдық жермен жұмысы болмағандығын айта кетуге тиістіміз. Бүгінде Ақмола облысында ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жер телімдерін бөлуде заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Соның салдарынан ел ішіндегі жайылымдық жерлер әбден тозып, мал жаюға жарамсыз болуға жақын.
Жайылымдық жерлердің тозуының себебі әріде жатыр. Жоспар қуалаған кеңестік заманда егістік алқаптардың көлемін көбейтуді мұрат тұтқан кеңшарлар тоқымдай жер қалдырмай, табалдырыққа дейін жыртып тастады. Міне, осындай жоспар қуалаудың жөн-жосықсыз жарысы Арқадағы түгін тартсаң, майы шығатын жайылымдарды, түкті кілемдей құлпырып жататын жайлауларды тоз-тоз етті.
Мал бағасы өскелі ел ішіндегі малсақ қауым мал басын көбейтуге барынша ынталы. Өйткені соңғы жылдары мал өнімдері, оның ішінде ет біршама қымбаттап, азын-аулақ мал ұстаған ағайынның бейнеті өтеле бастады. Ендігі орайда қолда бар мал тұқымын асылдандыру, оның ішінде сіңіре будандастыру арқылы тұқымын жақсарту өте маңызды шаруа екендігі белгілі болып отыр.
Мал басы көбейгеннен кейін оны жаятын жайылым керек-ақ. Жайылымдағы шөп көнекөз қариялардың пайымдауынша, өліқау, ақот және қараот болып үшке бөлінеді. Бұрынғы даланың данышпандары шөптің атасы имажоңышқа, беде дейді екен. Беденің астық қуаты ересен болғанымен, қауіпті жағы да бар. Беде қалың өскен жайылымға жауыннан кейін мал жаймайды. Жайса іші кеуіп, жарылып өледі. Сондықтан жайылым кепкен соң ғана мал жайса керек-ті.
– Мен ұзақ жыл даланың тынысымен тыныстап, қабілетім жеткенше сырын ұғуға тырыстым, – дейді еңбек ардагері Болат Көшімбаев, – әрине, біздің көргеніміз бергі дүние. Егістік көлемін ұлғайтамыз деп жүріп, елдің онсыз да аз малына тиесілі жайылымның азайғаны рас. Қойды, сиырды, жылқыны тоқымдай жерде топырлатып, иіріп баққан соң тақырға айналмағанда несі қалсын. Бірақ қой мен жылқы жайылған жерде сиыр жая алмайтыныңды анық айта аламын. Өйткені қой мен жылқының тісінің бітімі бөлек. Олар шөпті тамырына дейін қопарып жей алады. Ал тақырланған жайылымдағы қылтанақ сиырдың тіліне ілікпейді және біздің төңіректің қарияларының айтуына қарағанда, қой жайған жерге сиыр бағуға болмайды. Өйткені бұрынғының көпті көрген даналары мұндай жағдайда жұқпалы ауру тарайды деп есептеген. 1980 жылдардың орта шенінде Жезқазған облыстық тәжірибе стансасында шыралжың, изен, бозғанақ, тарлау тәрізді өсімдіктерді ауыспалы егіс жүйесімен өсіріп, кейін басқа облыстарға таратқан болатын. Бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау, Рузай аудандарының бірқатар алқаптарына да осы тәрізді екпе шөптер егілді. Кейінгі жылдары екпелі шөп алқаптары уақтылы күтілмегендіктен тозып, өспей қалды.
Енді елдегі малдың басын көбейту үшін ең керегі – жайылым. Ауылдық округтерге қарасты жайылымдық жер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жекеменшіктің қолындағы мал басына шақталып, белгіленген ережеге сәйкес бөлінуі керек. Содан соң бос жатқан, қурай басқан алқаптарға екпе шөп егілсе, нұр үстіне нұр. Ел ішіндегі көпті көрген көнекөз қариялар айтады, ойдым-ойдым қайың шоқтары көмкерген Сандықтау, Атбасар аудандарының Есілге дейінгі кең көсілген жайылымдарында мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақ шағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу, кәріқыз, түйежапырақ, бәйшешек, қияқ, бидайық, қамыс, ұшқат, тораңғы, алабота, шоңайна, қоға, ши, қазоты, бетеге, есекмия, меңдуана, шырғалжық, қымыздық, атқұлақ, райхан, ебелек, жуа, баялыш, теріскен, қараған, ошаған, таспажоңышқа, шырмауық, қараөлең, құлаңшайыр, бұйрашайыр, изен, айырауық, текесақал тәрізді төрт түлік мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер ұшырасқан екен. Бүгінгі жұрт осы шөптердің өзі түгіл атын да білмеуі мүмкін.
Мал басын көбейтуге бел буып отырған бүгінгі таңда жаңа агроинновациялық саланың қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді, пайдалы түрлерін тозып кеткен жайылымдық жерлерге ауыстыруы қажет. Онда да жерсініп өсетіндерін. Дәл осындай ізгі қадам жасалса, бірер жылдан соң Есілдің екі жағалауындағы иен елдің жайылымы жайқалып шыға келеріне кәміл сенесің. Жыл өткен сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өсіп, бағасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Сондықтан жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі назардан тыс қалмауға тиісті. Әйтпесе, Жер-анадан тілеуіміз, сұрауымыз көп болғанымен, беріп жатқанымыз шамалы.
«Жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» делінетін құйқалы да құнарлы Ақмола өңірінде төрт түлік малға құт болған жайылымдар аз емес еді. Есілдің салалары Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды, Қалмақкөл, Салқынкөл, Ащылы, Жекебояқ жайлауларынан қазір тоқымдай да жер қалған жоқ. Ендігі мәселе қурай басып, бос жатқан жерлерді есепке алып, көпжылдық екпе шөп егу керек. Сонда ғана елдегі малсақ қауым қолда бар малын көбейте алады. Әйтпесе, жылқыны қайдам, қара малдың өзін-өзі ақтауы қиын. Мамандардың айтуына қарағанда, сіңіре будандастырылған асыл тұқымды мал он сегіз айдың ішінде тірідей салмағы 400 килограмдық межеге жету қажет. Одан ұзақтау бақса өзіндік құны қымбаттап кетеді. Ал жекеменшік шаруаның бұл деңгейге жеткізе алатындығы күмән туғызады. Өйткені оның малға берер азығы сайма-сай емес. Шындығын айтқанда, шөптен басқа мал қорегі бар ма? Оның өзі шықса жақсы.
Жайылым мен жайлауды қалпына келтіру үшін екпе шөптерді молынан егу керек. Жалғыз амалы сол ғана. Облыста 10801 гектар жерге арпабас және судан шөбі тәрізді біржылдық және көпжылдық шөп еккен Жақсы ауданы, 10390 гектар алқапқа екпе шөп сепкен Атбасар ауданы бұл тараптағы жұмысты біршама жолға қойған. 870 гектар жерге ғана шамасы жеткен Қорғалжын, 2774 гектарға ғана қауқары жеткен Жарқайың ауданында бұл жұмыстың сылбыр екендігін айтуға тиістіміз.
Тозған жайылымды қайта түлетуге шағын шаруа қожалықтарының қауқары жете бермейді. Өйткені екпе шөптің тұқымы қымбат. Түріне орай бір тоннасы – 300-350 мың теңге көлемінде. Қазіргі күні облыста «Заречный», «Журавлевка», «Диқан-4» тәрізді оннан астам жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады. Соңғы жылдары екпе шөп тұқымына деген сұраныс артып келеді.
– Бұл мәселе біздің тұрақты назарымызда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаев, –былтыр жоспарды асыра орындадық. Түптің түбінде жүз сан шалғыны жайқалған бағзы замандағы шалқар жайлаулардың қалпына келетініне сенімдіміз. Биыл да қапысыз қимылдайтын боламыз.
Сайын Сарыарқа күні ертең жаз шыға жұпар иісі аңқып жайнаған гүлдермен, орман-тоғайлардың жасыл желегімен бой салып жасанары даусыз. Жайлау дегенде жадыңа оралады. Әйтпесе, жоғарыда біз айтқан қаншама өсімдіктердің атауы жұрт есінен шыққалы қай заман.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы