Тұрғын үй құрылысында биыл алға қойылған меже былтырғыдан 100 мың шаршы метр артық. Бұл істі жүргізудің жаңаша жүйесі қарастырылған. Ең бастысы – құрылыс жұмыстарына пайдаланылатын материалдардың түрі мен сапасын жергілікті өнімдер есебінен ұлғайту. Бұл көрсеткіш бұған дейін 85 пайызды құраса, биыл оның көлемін 90 пайызға дейін жеткізу жөнінде ұйғарым жасалды. Яғни, жергілікті құрылыс индустриясы арқалайтын жүк одан әрі арта түспек. Егер аталған индустрия өнімдері цемент және темірмен толығатын болса, белгіленген жоспарды орындау қиынға түспеуге тиіс.
Ақтөбе қаласында бұған дейін бой түзеген тұрғын үй кешендерінің төменгі қабаттары көп жағдайда коммерциялық құрылымдарға берілгенін байқау қиын емес. Есесіне балабақша, медициналық пункттер, полиция қосындары, сондай-ақ мектептен тыс балалар мекемелері секілді әлеуметтік сипаттағы нысандар аз. Сайып келгенде қарапайым тұрғындарға коммерциялық нысандардан гөрі осындай орындар маңызды әрі қажетті. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік нысандарға көбірек орын береді деген жоспар бар. Сондай-ақ қажет жағдайда жергілікті билік өкілдерінің мұндай әлеуметке қажетті алаңдарды оны салушылардан өтеп алу тетіктері де қарастырылған.
Рас, бүгінде кез келген құрылыс компаниясы ең алдымен көбірек пайда табу үшін тұрғын үйлерді коммерциялық бағытта салуға ыңғай танытып тұратыны жасырын емес. Әрине бұл үшін оларға айып тағудың жөні жоқ. Дегенмен, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, қазір бой көтеріп жатқан панельді үйлердің бірінші қабатын әлеуметтік ғимараттарға бейімдеп салу жолдары мен нормативтері белгіленіпті. Облыста жыл аяғына дейін бір миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары құрылыс кластерін құрумен ұштастырыла атқарылуда. Мұндағы мақсат – құрылыс салудың жаңа, өміршең әдістерін енгізу. Жұмысқа қазіргі заманғы материалдарды пайдалану. Бұл үшін ғимараттардың экологиялық және энергиялық тиімділіктерін көтеру ісіне де көңіл аударып отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.
Әкімдіктің болашақта 30 мыңға жуық жасты тұрғын үймен қамтысақ деген асқаралы жоспары бар. Бір қарағанда орындалмастай көрінуі мүмкін. Дегенмен, облыста ойластырылған бірқатар бағдарламаларды атап айтуға тиіспіз. Біріншісі – облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұсынған қанатқақты жоба. Аталған жоба Жастар жылына ғана емес, алдағы 5 жылдық пен 10 жылдыққа жоспарланған. Ол жастарға берілетін арендалық тұрғын үйлер тетігін нығайтуға негізделген. Екіншіден, облыста жастарға пәтер алу үшін жеңілдетілген несие беру тәртіптері қарастырылған. Бүгінде «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ қойған талаптар мен ережелерді орындауға екінің бірінің мүмкіндігі жете бермеуі мүмкін. Сол үшін де Ұлттық банк қосымша жаңа бағдарлама қабылдау жөнінде шешімге келгені белгілі. Аталған бағдарламаға сәйкес пәтер беру көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы өңірлер арасында ортадан жоғары деңгейде тұр екен. Алайда банк шарттарының күрделілігі мен жоғарылығы себепті «7-20-25» бағдарламасы бойынша ұсынылған үйлерді салымшылардың алуы шектеулі күйінде қалып отыр.
Айталық, өткен жылы аталған бағдарлама аясында 2 100 000 теңге бастапқы жарнамен 254 пәтер берілген. Жаман емес әрине. Дегенмен, оны бұдан әрі өсіруге де болар еді. Әйтсе де аталған банктің кейбір шарттары оған мүмкіндік бермей отырған сыңайлы. Әйтпесе өңірде аталған бағдарламаға сәйкес салынған әрі салынып жатқан үйлер бұл көрсеткіштен бірнеше есе артық. Бұл арада басты мәселе бастапқы жарнаны төлеудің қиындығында. Өңірде жастарға жеңілдетілген несие берудің қажеттілігі осыдан туындап отыр. Оны реттеу үшін Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында тиісті келісімшартқа қол қойылған. Соған сәйкес пәтерлердің бастапқы жарнасын жеңілдету үшін 20 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл өз кезегінде жастар мен жас отбасыларға арналған бастапқы жарнаның он пайызы субсидияланғанын көрсетеді.
Міне, өңірде Жастар жылына орай жастарға қолға алынған материалдық көмек түрлері осындай. Әрі оны облыс басшылығының «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан сүбелі үлестері деп бағалауға да болады. Түйіп айтқанда, тұрғын үй мәселесін шешуде алдарына нақты міндеттер мен мақсаттар қойған жергілікті өкілетті орган өкілдерінің оң бастамалары осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ