11 Ақпан, 2019

Сөз сойыл №75

891 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №75

*Бірде...

 Бір жиында сөз жазушы Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы туралы болып, сөз алған ақын-сатирик інісі Қажытай Ілиясов:

 – Қабдешті шекарадан алып өткенде арқалап едім, сонда арқамдағы  адам емес, бір дорба роман екенін қайдан білейін! – деген екен.

***

Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы кезінде біреулер белгілі сатирик Қажытай Ілиясұлы туралы пародия жазыпты. Сол пародия газет бетіне шыққанда Қажытай ағамыз ашуланып, газетті белінен умаждай ұстап бас редактордың кабинетіне шытырлап кіріп барып: «Бұл не деген әділетсіздік?!» деген ғой. Сонда Сейдағаң саспай: «Қажытай, сенің қатты ашуланғаныңа қарағанда, мына нәрсе дұрыс жазылған болуы керек», – депті.

Мінезі қанша шадыр болса да, сөз қадірін түсінген Қажекең мырс етіп күліп жіберген екен.

***

Қажытай ағамыз еш уақатта насыбайын тастамай, тіпті Ақселеу Сейдімбеков секілді мәдениетті атады екен. Бір күні ағамыз аурухананың жансақтау бөліміне түсіп қалса керек. Сондағы бұл кісінің шақшасын байқаған бас дәрігер: «Аға, сізге мынаның зияны күшті» деп насыбайын алмақ болады. Сонда Қажекең өмірбақи насыбай атқан белгілі бір адамдардың атын атап: «Солардан әулиемін бе, мұны алсаң мен өз ажалымнан бұрын өліп қалуым мүмкін, одан да бір укол бер де, өлтіре сал!», – депті. Дәрігер де жазушының баласы болғандықтан Қажекеңді үн-түнсіз түсінсе керек.

Көрген БІЛГЕН

АСТАНА

Мұндай да болады....

Шетелдің барлау қызметі 8 жыл бойы қазақ тілін үйретіп, бір тыңшысын Қазақстанға жіберіпті. 3 жылдан соң шақырып алса, ешбір тапсырма орындалмаған, тыңшы елдің бір де бір құпиясын біле алмаған. Аң-таң  болған барлау қызметі сұрақтың астына алып жатыр дейді.

– Неге бұлай болды? Бәрі орысша сөйлей ме екен?

– Жоқ.

– Енді неге ешқандай мәлімет ала алмадың?

– Қалай аласың, өзара сөздері мынадай       болса: «Әй, әлгі, кім! Ана мені неғылдың ба? Енді, сәл-пәл неғыңдар. Сосын анаған айта бар, мынияқтығыны аниақа апарсын. Ояқтағыны да нете салсын».

***

– Бүгін өзімнен-өзім жұмысқа кешігіп қалған  екенмін деп шошып оянғаным бар... Сөйтсем, көзімді  ашып барлай қарасам жұмыс орнымда отыр екенмін...

***

Генерал-майор, жол полициясының бас бастығы  Пықып Асабасовтың жол тәртібін бұзбай айыппұл төлемегеніне отыз жылдың жүзі болыпты.

***

Біз ғой космос әлеміне нағыз шымыр, ақылды  да денсаулығы ең мықты жігіттерді аттандырамыз, ал бөгде ғалам шарлықтар бізге  кіп-кішкентай көгеріп-сазарған тұқылдарын жібереді де отырады.

***

Неге екені, біздің елде  бір миллиард теңге қолды болып жымқырылған іс – сол күйі  ашылмаған қалпы, жабулы қазан жабулы күйі  қала береді...

***

– Сіз ғұламасыз!

– Ойпырай-ә... артықтау кеттіңіз... Былай, сіз демей-ақ сен десең де болады ғой....

Шайпау «қатекеңе» ризамын!

«Қатеке» деп отырғаным – үйдегі қосағым, қамқорым, қарашығым, ақылшым, ардағым!.. Неге бұлай ағыл-тегіл ағытылып бұлбұлша сайрап қалдың дейсің бе!?.

Күніміз соған қарағалы қашан!

Дәлдей айтсам – анау жылдардағы дағдарыс тұсында менің қарам өшіп қарғыбау тақтым десем болады. Яғни, бір мен емес, еркек атаулы жұмыссыз сенделіп құмырсқа теріп кеткенде, осы қатекеңдер атқа қонып ала дорба асынып асқақтады емес пе.

Біз бала бағып, отын жағып үйкүшік болып, ал ана кісілер қытай асып «ала дорбаның» заманын жүргізді емес пе...

Сонымен, әлқиссамды аяқтап, айтарымның тоқетеріне көшсем – қазіргі көптен көшілгері кеткен кердең қалпым осы «қатекеңнің» қаһары... Қаһары емей немене, барымызды базар арқылы үлде мен бүлдеге орап отырған бір өзі... Ойпыр-ай, бір-ақ сәтте ертоқымнан ауып түсіп бар тізгінді қатын ала қояды деп кім ойлаған...

Қайтеміз, көндік! «Ердің атын қатын, я бәйгеден келген аты шығарады», «Қатын қайраттанса қазан қайнатады», «Әйел правосы әкеңнен үлкен», «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті», «Еркек жолдас, әйелден әзірейіл де қорқады, сен адамсың ғой, шыда!», «Қатының ақылды болса – өз ақылың қалтаңда қалады», «Бір әйелдің көтерген жүгін екі есек көтере алмайды» деген мәндегі мәтелдерді мойындауға тура келді.

Не керек, шайпау қатынға ризамын!

Піссіміләсін, бұрынғы бөтелкелес достардан бастап, бір-ақ күнде оларды тыйып тып-типыл етті де, өзімді де «ақаңнан» біржола аластатып, қолыма таспиық ұстатып өмірі есігін ашпаған мешітке апарып бір-ақ тоғытты...

Шайпаулығының арқасында бұрындары ауылдан ағыл-тегіл ағылып жататын ағайынға есігіміз тарс бекітілді...

Ойын-той, жын-ойнақ, барыс-келіс, алыс-беріс те келмеске кетті десек болады.

Түз түгіл үйдегі үлкенді-кішілі кикілжің атаулының ақырғы сөзін бір өзі кесіп айтады. Біздікі «ләпай тақсырдан» аса алмай, тек орындау.

Ойпыр-ай, бұрынғы шайпау мінезімнің сап тыйылып, «қойдан жуас, бетегеден аласа» кейіпті кигеніме дос түгіл, дұшпаным да аң-таң. Баяғы байқамай айтып қоятын анайы сөзді айтпақ түгіл, ондайларды естігенде кірпіше жиырыла қалатын мінезіме өзге емес өзім де қайран қаламын.

Бұрындары сергіп-серпілу үшін анда санда сыра-пыра сияқты ханаларға барып тұрушы едім, қатекеңнің шорт кесуімен ол көзден бұл-бұл ұшып, қазір айына кемі екі рет театр секілді «түрменің» табалдырығын тоздырып жүрген жайым бар. Одан қалса кешкілік бала-немерелердің ортасында отырып оларға ертек, хисса-дастан секілді кітаптарды оқимын деп өзімнің де саутымның біраз жерге жетіп қалғанына бек ризамын.

Несін айтасың, бұған да шүкірлік. Басында бас иелікті бермей бұлқынған басым, келе-келе көндіктік.

Ойлап қарасам, қатекеңнің шайпаулығының арқасында арқа-жарқа тірлік орнап... Өз басым, бес уақ намазымды оқып, ертелі-кеш спортпен айналысып... е, ана бітірген мамандығыма қарай ғылымға ден қойғанымды қайтесің... Бұлар біздің біртуар бәйбішенің арқасы... Бәйбіше демекші, пәлекет өткенде: «тоқал алам десең шетелде оқып жатқан тетелес сіңлім бар, соны өзім алып беріп тойды аты шулы аралда өткіземіз» дейді... «Ташкентте әпкем бар, менен өткен сорақы» демекші!.. Қайтесің, көнеміз!

Ерсұлтан МАҒЖАН

ТАЛДЫҚОРҒАН

Қожанасыр хикаялары

Шамалы айырма

Әпенді жалданып жүрген бай күйіп-пісіп:

– Сұрыпталған он пұт бөліп алып, қысқа қарай ұраға көміп салып едім. Бір күні қарасам сол бидайдан бір түйір дәні де қалмапты, тышқан жеп кетіпті бәрін де, – дейді.

– Менің де өзіңнен қарызға алған бидайдан түк қалмапты. Тек қана шамалы айырмасы бар, – дейді Қожа.

– Ол қандай айырма? – деп сұрайды бай.

– Сенің бидайыңды тышқан жеп кетсе, менің бидайымды бала-шаға жеп бітірді, – депті сонда Қожанасыр.

Қысқа дайындық

Қыс түсе бастағанда Молдадан:

– Қысқа не дайындап үлгердің? – деп сұрайды біреу.

– Тоңу мен дірдек қағып, қалшылдауды дайындап отырмын, – депті Молда.

Адамды қайда апарады?

Бір адамды жерлеп жатыр екен. Әпенді ұлы екеуі қаралы топқа қарсы жолығады.

Ұлы:

– Нені алып бара жатыр? – деп сұрайды.

– Бір адамды, – деп жауап қатады Әпенді.

– Қайда апара жатыр?

– Бұл адамды алтын-күмісі, ішер асы, сусыны, киім-кешегі, нан мен тұзы жоқ мекенжайға апара жатыр.

– Сонда бұл адамды біздің үйге апара жатыр ма? – деп таңғалыпты бала.

Қиялдауға да болмайды

Қожанасыр Әпендінің сорпа ішкісі келіп «жалбыз қосылған тәтті сорпа болар ма еді, оһ, бір жақсылап тояр едім» деп қиялдай бастайды.

Кенет біреу есік қағып, ішке қолында тостағы бар көрші әйелдің баласы кіреді.

Ол:

– Анам ауырып жатыр еді, азғантай сорпа беріңізші, – дейді.

Мұны естіген Қожанасыр:

– Көршілерім мендей бишараның нені қиялдап жатқанын да сезіп қойыпты ғой, – деген екен.

ЕРКЕКТЕР «ЕРКЕЛІГІ»

– Сен неғып кеш үйлендің?

– Мұндай жауапты іске қадам басу үшін табар табыстың сенімді де әрі үзбей келіп тұруын ойладым.

– Оның ыңғайы келді ме?

– Иә, жасым келіп зейнетақыға қол жетті.

***

– Әйеліме қымбат сақина алып бердім. Содан бері екі жеті болды менімен сөйлеспейді...

– Неғып?!

– Келісім солай болатын.

***

Саяжайда баланы алма ағашының орта тұсынан ұстап алған көршісі:

– Сенің әкеңмен жақсылап сөйлесемін! – деп кіжінгенде, бала ағаштың жоғарғы тұсына мойын созып:

– Әке, көрші ағай сізбен сөйлесемін дейді, – деген екен.

***

– Бүгін мысық сатып алдым.

– Неғып?

– Әйелім тышқаннан қорқады.

– Тышқан қайдан пайда болып жүр?

– Кеше өзім әкелдім.

– Неғып?

– Мысық асырасам деп ойлап жүргенмін...

Múıisti júrgizetin Berik SADYR