11 Ақпан, 2019

Жазу дәстүрін сақтау - маңызды

888 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуі бойынша қандай мақсатты шаралар атқарылды? Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2018 жылғы атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылап, әліпби реформасының алдағы міндеттерін тарқатты. 

Жазу дәстүрін сақтау - маңызды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіруге байланыс­ты Жарлығы шыққаннан бері бірқатар мақсатты шаралар ат­қарылғаны белгілі. Ең алдымен, Премьер-Министрдің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс­шаралар жоспары» бекітіліп, құ­рылған Ұлттық комиссия ұйым­­­дастырушылық жəне заң­на­ма­лық сипаттағы бірқатар баста­маларға мұрындық болды. Осы тарапта атқарылған жұмыс­тар ретін Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орта­лы­ғының атқарушы дирек­торы Ербол Тілешов баяндады.

– Атап айтқанда, Ұлттық ко­миссия жанынан құрылған жұ­мыс топтарының жұмыстары үй­­лестірілді. Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Орфографиялық жұмыс то­бы жаңа әліпбидің емле ере­же­лерін дайындап, ғылыми жә­не практикалық сараптаулар­дан өткізді. 11 маусымда Ас­тана қаласында «Қазақ жазуы­ның тарихы және латын әліп­биіне көшудің ғылыми-тә­ж­ірибелік негіздері» атты ғы­лыми-теориялық конференция өткізілді. Бұл конференцияға еліміздің тіл білімі саласындағы барлық жетекші ғалымдар ша­қырылды. Осы конференция­да латын графикасындағы қа­зақ әліпбиі негізіндегі «Қа­зақ тілі емле ережелерінің тұ­жы­рымдамасы» бекітілді, – деген ол емле ережелері еліміздегі барлық тілтанушы ғалымдарға таныстырылғанын жеткізді. Одан бөлек, орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсынылып, жа­ңа әліпби емлесінің сынама жұмыстары тамыз айында Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан, Ақтөбе, Қы­зыл­орда облыстарында өткі­зілген. Жалпы сынамаға барлық министрлік өкілдері, республикалық бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, мұ­ғалімдер сияқты әртүрлі әлеу­меттік топтар қамтылған болатын.

– Жаңа әліпбидің емлесін бұлайша сынақтан өткізіп отыр­ған себебіміз, әліпбиді ауыстыру – тек лингвистикалық құбылыс емес, сонымен қатар, әлеуметтік құбылыс деп қарауы­мыз қажет. Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін шешімдер қабылданатын болады. Қазан-қараша айларында еліміздің барлық өңірінде жаппай емле ережелердің жобасын талқылау жұмыстары жүргізілді. Ол 20 мыңнан астам адамды қамтыды. Емле ережелер жобасы БАҚ арқылы жалпы көпшілікке таныс­тырылып, оның негізгі бағыттары жөнінде ғылыми мақалалар жазылды. Бұл жалпы халықтың емле ережелермен танысуына, оны түсінуіне үлкен мүмкіндіктер тудырды. Мамандар, ғалымдар тарапынан берілген кейбір ескертулер назарға алынды. Сонымен қатар аталған айларда еліміздегі жалпы әліпби реформасын насихаттау жұмыстары да барлық өңірде кеңінен жүргізілгенін атап өтуге тиіспіз, – деді ол.

Осындай сараптаулар барысында ұсынылған «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» Ұлт­тық комиссия отырысында 6 желтоқсан күні мақұлданды. Емле ережесі туралы шағын түсінік берген Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орталы­ғының ғылы­ми хатшысы, профессор Құралай Күдеринова қай кезде де жазу дәстүрін сақтаудың маңызды еке­нін айтады. 

– Сөз болып отырған «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» маңызды нормативтік құжат. Бұл емле ережесі 106 параграфтан тұрады. Қазір біздің тілі­мізде 93 мың сөз болса, осы­ны түгел қамтитын емле ере­жесі бар деп кесіп айтуға ерте. Әйт­кенмен, кірме сөздерді, төл сөздерді бекітілген 32 әріп­пен қалай таңбалаймыз деген­ге то­лықтай жауап берді. Әлемдік жазу тәжірибесінде жазу дәстүрін сақтау маңызды. Ортақ келісілген шартты таңбаларды үнемі ауыс­тыра беруге тағы болмайды. Сон­дықтан автоматты түрде та­нылуға тиісті үнемі таныс формаларды көріп отыруымыз керек. Осы күнгі ережемізде бұрынғы жазу дәстүрі мейілінше сақталды, – дейді Құралай Күдеринова. 

Ғалымның пікірінше, түр­кітілді елдермен бауырластық қаты­настарды жаңғырту мақ­сатында жаңа әліпби шетелдік отандастарымыздың ана тілінде шыққан баспа өнімдерін қиын­дықсыз оқи алатындай болуы керек. Латын әліпбиіне көшкен мемлекеттердің тәжірибесін сараптау үшін Орфографиялық және әдістемелік топ мүшелері Анкара, Ыстанбұл, Баку қала­ларына барып, жылдар бойғы жинақталған пікірлерге де сүйен­ген. 

Өзекті мәселелердің бірі – тер­минология мәселесі екені белгілі. Бұл бағытта минис­тр­ліктің тапсырмасымен дайын­далған электронды терми­но­логиялық алаң бекітуге ұсыны­латын терминдерді халықтың талқылауына ұсынуды мақсат етіп отыр. Бұл алаңның ерек­шелігі – қазақ терминдерін көп­шілікке таныстыру, термин бекітуде ашықтық қағидатын қалыптастыру. Алаң барлық әлеу­меттік желілерде қолжетімді, яғни әрбір азамат оған өз ұсы­нысын, пікірін бере алады. Қазіргі кезде Орталықта елімізге белгілі тілтанушы ғалымдар жұмыс атқаруда. Ұлттық комиссия мақұлдаған емле ережелері негізінде әдіскерлер мен оқыту­шылардың біліктілігін арттыру орталықтың ендігі басты мақсаты. Шаралар жоспарына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жоспарланған. Бірінші кезең − 2018-2020 жылдарды, екін­ші кезең – 2021-2023 жылдарды, үшін­шісі 2024-2025 жылдарды қамтиды.

Мәдениет және спорт минис­трлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы «Qazlatyn.kz» порталын дайындап, аталған платформада жаңа әліпбиіміздің негізгі электронды базасы болады. Сонымен қатар жаңа әліп­бидің таңбаларын таныстыратын 5 сериядан тұратын «IQdos» мультфильмі дайындалды. Бұл арада елімізде алғаш рет 3D форматындағы анимациялық фильмге жаңа қазақ әліпбиімен субтитр дайындалғанын да атап өту керек. Ал қазақ тілінің 300 мыңнан астам сөзін қамтыған «Сөздік қор» базасы және тіл үй­ренуге арналған «Тіл – құрал» ма­­шиналық оқыту бағдарламасы қазіргі сөздік жасау ісіндегі кейбір мүмкіндіктерді толықтырып отыр. Орталықтың бастамасымен «Әлихан Бөкейхан» энциклопедия­сы, шетелдік қандастарымызға арналған танымдық еңбек, бала­ларға арналған кітаптар, оқу-әдістемелік еңбектер, сондай-ақ белгілі полиглот Д.Петровтың әдіс­темесімен қазақ және ағылшын тілін үйретуге арналған кітап жарық көрді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»