Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстан мектептері биоотынмен жылытылады

765 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 Шал ақын ауданының білім ошақтары көмірді сабанмен алмастыруға біртіндеп көше бастады.

Солтүстік Қазақстан мектептері биоотынмен жылытылады

Қазір биоотынмен жағылатын 10 қазандық жұмыс істейді. Олардың 4-уі аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа орнатылса, қалғаны жергілікті агроқұрылымның демеушілігімен орнатылған. Сөйтіп бір жылыту маусымында 50 процент үнемділікке қол жетіп отыр.

    Аязды күндері Еңбек Ері Есім Шайкин атындағы орта мектеп салқындап кететін. Қазір бөлмелер жып-жылы.  Жұқа жейдемен де жүре беруге болады. Өйткені, қазандық биоотын арқылы жағылады. Мектеп директоры Әлия Әміренованың айтуынша, қазандықты  “Әби-жер” компаниясы тегін қойып беріпті. Қызмет көрсететін де, отынмен қамтамасыз ететін де–серіктестік . Жылына кемінде 400 мың тонна көмір алынып келсе, енді экологияға келтірілетін зиян мөлшері де, шығын да азайған.

   Озық технологияға негізделген жаңа қазандықтардың артықшылықтары көп. Қондырғы зығыр сабаны және қайың ағашымен тұтанып,  үшқабатты ғимаратты еш қиындықсыз жылытады.  “Әби-жер” серіктестігіне мектеп ай сайын арнайы тариф бойынша жылу үшін ғана  төлем жасайды.

  «Жылудың 1 гигакалориясы үшін шамамен 6 мың теңге төленеді. Жуырда “Әби-Жер» компаниясы тағы 5 қазандық орнатып берді. Мұндай қазандықтар ауылдарда да бар. Отандық өнім Қостанайда жасалғандықтан,  польшалық қондырғыдан әжептәуір арзан. Былтыр бұл  мақсат үшін  жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге жұмсалды», дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Қайрат Жангужинов.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы