Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

ШҚО-да 406 көпбалалы отбасыға көмек көрсетілді

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жүректен жүрекке» акциясы Шығыс Қазақстан облысында да кеңінен қолдау тауып, өңірдің қалалары мен аудандарындағы меценаттар мен кәсіпкерлер, қарапайым адамдар тұрғындардың әлеуметтік осал тобына көмек қолын созуда. 

ШҚО-да 406 көпбалалы отбасыға көмек көрсетілді

Мемлекеттік органдардың өкілдері еріктілермен бірге тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін және қолданыстағы мемлекеттік қолдау мен  әлеуметтік қорғау шараларын түсіндіруде. Көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға  азық-түлік, киім-кешек, отын, тұрмыстық тауарлар мен мектеп керек –жарақтарын  алып беруге әрбір мүмкіндігі бар азамат үлес қосуға тырысуда. Акция аясында 9-10 ақпан күндері 1859 кәмелетке толмаған балалары бар 406 көпбалалы отбасы көмек көрсетілді. Мұндай жәрдемдерден аз қамтылған азаматтар, мүгедектер, жалғыз басты зейнеткерлер де шет қалған жоқ.

Облыс орталығы - Өскемен қаласында жастар тобы 11 көпбалалы отбасына қажетті азық-түліктер жеткізіп берді. Тарбағатай, Шемонаиха және Бородулиха аудандарында мал сойылып, мұқтаж жандарға таратылды.  Катонқарағай ауданында кәсіпкерлер 3 млн. теңгеге көпбалалы отбасы балаларына киім-кешек, мектепке қажетті заттар алуға жәрдемдесті. Осы ауданның «Арайлы Шығыс» сауықтыру лагерінде жыл басынан бері  көпбалалы отбасынан 23 бала демалды, ал 2018 жылы мұнда 250 бала демалған болатын.

Акцияға Шығыс Қазақстан облысы колледждерінің оқушылары да белсенді атсалысуда. Жастар көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер мен жалғыз басты жандардың үйлерінің төбелері мен аулаларын тазалап, отын, көмір жеткізіп беруге көмектесуде. «Осы ретте көпбалалы отбасы балаларына жәрдем көрсетуді  ниет еткен  әрбір азаматтың 31 мамырға дейін  «Тylek. Кz»  сайты арқылы олардың тілектерін орындап, акцияға үлес қоса алатындығын ескерте кеткіміз келеді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 23791 көпбалалы отбасына арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен  ай сайын  330 млн. теңге бағытталып отыр. 2018 жылы республикалық және облыстық бюджеттен  төрт және одан көп балалары бар аз қамтылған 2020 отбасына  444,2 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды», - делінген облыстық Ішкі саясат басқармасы таратқан мәліметте.

Жыл сайын 8 наурыз - халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында  облыстық бюджеттен көпбалалы аналарға 12625 теңге сомасында бір реттік төлемдер беріледі. Ағымдағы жылы мұндай төлемдерге 309,9 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша 12 ақпаннан 12 наурызға дейінгі аралықта өңірдің барлық аудандарында кең ауқымды «Саламатты Ана мен Бала  – Здоровое Материанство и Детство» айлық-акциясы бастау алады. Акция аясында төрт және одан көп балалары бар отбасылардың мүшелері өз тұрғылықты жерлері бойынша диспансерлік және алдын алу тексерулерінен өтіп, консультациялық көмектер алады. Бұл жұмыстарға психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер тартылмақ.

Азамат ҚАСЫМ,

 «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы