Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Ақтөбелік қыз-келіншектер киіз басуды үйренуде

1612 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбелік ісмер Гүлнұр Асқарова қыз-келіншектерге киіз басудың әдістерін үйретті. Шара Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасыныда өтті.Ұлттық өнерді игеруге ниет білдіргендердің саны көп болды. 

Ақтөбелік қыз-келіншектер киіз басуды үйренуде

Шебер ұмыт бола бастаған қазақтың сәндік өнерін кейінгі ұрпаққа үйретуді мақсат тұтқан. Өзі киіз басуды анасынан үйренген екен. Кейін ол шеберлігін шыңдап, түрлі көрмелерге қатысып, киіз жасау технологиясын толық меңгеріп алады. Қазір Гүлнұр Орынбайқызының қолынан шыққан дүниелерге қызықпайтын жан жоқ. Айтуынша, киізден жасалған төсеніш, сөмкелер, баскиімдер мен әшекейлерге сұраныс жоғары.

«Қазақ халқы үшін киіз бұйымдарының орны ерекше. Оны тұрмыстың барлық салаларында қолдануға болады. Халық емшілері оның емдік қасиеті барын да айтады. Білуімше, киізден ұялы телефонның сәулелері өтпейді. Соған байланысты киізден қалта телефондарына арналған қаптар жасаймын. Қазіргі кезде киіз бұйымдарын көбіне сәндік үшін пайдаланады»,-дейді Гүлнар Асқарова.

Шебер жиналғандарға киіз басудың сулы технологиясын үйретті. Оған қой жүні, су, сабын болса, жеткілікті екен. Қыз-келіншектер бас-аяғы бір сағаттың ішінде оюлы панно жасауды үйренді. Олардың көбі қолөнердің осы түрін меңгеру үшін аудандардан әдейі келген. Айталық, Қарғалы ауданының тұрғыны Айнагүл Мәмбетова өнер мектебінде сабақ береді. Ол бүгінгі алған білімін өз тәрбиеленушілеріне үйретпек.

«Киіз – халқымыздың ежелден бері киімі мен үй жабдығына пайдаланған бұйымы. Біздің міндетіміз - ұмыт болып бара жатқан қолөнер туындыларын қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа оның жасалу жолдарын үйрету»-дейді ол.

Шеберлік сабағына қатысушылардың бірі – Мария Хуршудян қазақтың ою өрнегін түрлі маталарға салып тігуді ұнатады. Оның қазақы үлгідегі оюлы орамалдарын жұрт таласа сатып алады. Енді ол киізден кілемшелер мен әшекей бұйымдарын жасауды қолға алмақ.

«Қазақы қолөнерді меңгеруге тырысып жүрмін. Қолдан жасалған ұлттық нақыштағы дүниелер қазіргі кезде өтімді. Интернеттен қарағаннан гөрі, көзбен көріп, қолмен ұстап, нағыз шебердің өзінен үйренген бір бөлек екен. Осы мүмкіндікті сыйлаған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз»,-дейді Мария Хуршудян.

Гүлнұр Асқарова алдағы уақытта киіз басу өнерін ақылы түрде өткізуді жоспарлап отыр. Оның ойынша, келешекте қайталанбас қол өнер туындыларына сұраныс арта бермек. Шебердің бұл бастамасына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары қолдау білдіріп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге және туризмді дамыту бағытындағы қызметі аясында қолөнер бұйымдарын насихаттауға көмек бермек.

Темір ҚҰСАЙЫН,

"Егемен Қазақстан"

Ақтөбе облысы