«Қазақ тілі мен хинди тілінің мерекесі» Алматыдағы Үндістанның мәдени күндері аясында өткізіліп отыр. Мақсаты – Қазақстан мен Үндістан арасындағы рухани байланыстарды тереңдетуге, қазақ тілі мен хинди тілінің ортақ тамырластығын, ежелгі ұлы Жібек жолы арқылы тарихи қауымдастықтың бүгінгі жақындығын көрсетуге бағытталған.
Мәдени басқосуға жиналған Алматы зиялылары мен Қазақстандағы Үндістан елшілігі биылғы жылдың маңыздылығына назар аударды. Мәдени мерекеде сөз алғандар адамзат тарихындағы мыңжылдық тұлғалардың қатарынан берік орын алған Махатма Гандидің 150 жылдық мерейтойы Қазақстанға да ортақ екенін бір ауыздан қуаттады.
Қазақ-үнді достығын нығайту бойынша негізгі мәдени жұмыстарды 2006 жылы құрылған «Алматы-Қазақстан, Үнді классикалық би орталығы» атқарады. Адамның табиғи және рухани әлемін дамыту, жеке адамның шығармашылық әлеуетін ашу және бірегей үнді классикалық биі арқылы ағзаны сауықтыруға бағытталған орталық жұмысымен қазақстандықтар да жақсы таныс. Орталықтың директоры, Калакшетра өнер колледжінің түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарова: «Орталық ашылғалы бері әр ұлттың арасындағы өзара түсіністік пен келісімді, Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуды және екі ел мәдениетінің тарихи сабақтастығы мен өзара байланысын арттыруды ғана көздеп келеді», дейді.
Қазақ және үнді халқының ұлттық биі – мәдени шараның шырайын аша түсті. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің өнерлі жастарының екі тілде орындаған әндеріне, ұлттық аспаптағы орындауына, оқыған өлеңдеріне Қазақстандағы Үндістан елшілігінің өкілдері мен Алматы қаласының кітапхана оқырмандары қошемет білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ