Нәтижесінде өткен жылы мобильді қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына 150 мыңнан астам жазба тіркелген. Бұл жүйенің ең басты пайдасы – тұрғындар мен дәрігерлердің уақытын үнемдейді, екіншіден, дәрігерді үйден шықпай-ақ шақырта алады.
Қазіргі таңда миллионды қаладағы мемлекеттік 14 емхананың барлығы электронды денсаулық паспортымен қамтылған. Биылдан бастап қаланың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлық жүргізуге көшу толығымен жүзеге асырылатын болады.
Бұл игілікті бастама шаһардағы жедел жәрдем қызметінің жұмысын жүйлей түсті. Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясы елімізде алғашқылардың бірі болып толығымен қағазсыз жүйеге көшті. Енді жедел жәрдем көрсететін мамандардың барлығы смартфонмен арқылы тапсырысты қабылдап, науқастарға дер кезінде көмек көрсете алады.
Естеріңізге салар болсақ, 2018 жылы Шымкентте өткен алғашқы халықаралық инвестициялық форум барысында жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау басқармасы түрік кәсіпкерлерімен меморандумға қол қойған еді. Нәтижесінде осы жылы қалаға жаңа 100 жедел жәрдем көлігі жеткізілетін болады.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент