Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов:.
- Өткен жылы біздің облысымыз «Бизнесті жүргізудің жеңілдігі рейтингісі» бойынша республикада көш бастады. Рейтинг жүргізілген 197 елді мекеннің алғашқы жетілігіне біздің 4 аудан және Қызылорда қаласы енді. Сондай-ақ, аймақта жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өсімі бойынша да 2018 жылы біздің өңір республикада алғашқы орында болды. Өсім 13,1 пайыз. Өткен жылдың қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көлемі тіркелгендерімен салыстырғанда 74,9 пайыздан 82,9 пайызға өсті,-деді.
Мемлекет басшысының Қазақстан халыққа арнаған Жолдауында экономиканың басым бағытын несиелендіруді кеңейту туралы тапсырма берілді. Бұл мақсатта экономиканың басым салаларын несиелендіруге 600 млрд.теңге қаржы да қарастырылып отыр. Бұл бастаманың «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынан ерекшелігі ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады. Жиында осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың жолдары талқыланды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы