Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Электрондық жүйе қарқын алды

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.

Электрондық жүйе қарқын алды

Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қатысты.

– Елбасы өз Жолдауында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы электронды жүйеге ауысу керек екенін баса айтқан болатын. Бұл ретте бүгінгі орталық электронды бағытта, “бір терезе” қағидаты бойынша халыққа сапалы қызмет көрсететін болады. Тұрғындар бір құжат үшін бірнеше мекемеге бармауы тиіс. Бұрын мигранттар еңбек етуге берілетін рұқсат құжаттарын алу және оның мерзімін ұзарту үшін 6 мемлекеттік мекемеге барып, 3-5 күнін жұмсайтын болса, ендігі жерде қажетті құжаттарды осы орталық арқылы бір сағаттың ішінде рәсімдеуге болады. Қазіргі күні еліміз ашық экономика аясында жұмыс атқарады. Шетелден мамандар келсе, ел азаматтары сыртқа оқуға, тәжірибе алмасуға шығады. Сол кезде еш кедергісіз құжаттарын тез арада заңдастырып, рәсімдей алады. Сондықтан орталық ел игілігі жолында қызмет жасайды деп білемін, – деді облыс әкімі.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов:

– Еліміз бойынша 12 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Бүгін кезектісін Қызылорда қаласында ашып отырмыз. Қазақстанға келетін еңбек мигранттары көп, бірақ барлығы қызметін заңдастыра бермейді. Бірнеше мемлекеттік органның арасындағы сергелдеңнен олар құжаттарын реттеуге асықпайды. Көші-қон орталығы – көлеңкеде жүрген еңбек мигранттарының заңды түрде тіркелуіне ықпал етеді. Осы ретте көші-қон ХҚО-сы арқылы көрсетілетін қызметтер саны көбейетін болады, – деді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

 Қызылорда облысы