Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Өзін сатудан бас тартқан боксшы

590 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Біздер осындай боксшының бар екенін өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында, бала кезімізде естіп, білдік. Бірақ оның несімен даңқты екенінен хабарсыз едік. Бар мағлұматымыз өте күшті, қарсыластарын ұрып жыға береді екен деген түсінік төңірегінен әрі аса алған жоқ. 

Өзін сатудан бас тартқан боксшы

Кассиус Марселлус Клей 1942 жылдың 17 қаң­тарында АҚШ-тың Кентукки штатының Луисвилл қала­сында дүниеге келеді. Әкесі маңдайшаға іле­тін жазулар мен плакаттар салатын суретші, анасы үй шаруасымен айналысады. Кассиус­тар отбасы қара нәсілділерге жатқандықтан ақ амери­калықтарға қарағанда кедейлеу өмір сүреді, бірақ алақан жайған мұқтаждар қатарына да жатпайды. 

Ол жылдар Америкада нәсілдік теңсіздіктің өршіп тұрған шағы болатын. Қара нәсілділердің неліктен екін­ші сортты адам ретінде қабылданатынын түсін­бей өзінің ұйықтар алдында жылағанын Мохаммад Әли кейін талай еске түсіреді. Анасының айтуынша­ бірде күн ыстықта кішкентай Кассиус екеуі автобус күтіп тұрып, шөлдеген баласына бір стақан су сұрап алу үшін жақын жердегі кафенің есігін қақ­қанда, кафе иелері бұларға су беруден бас тартып, есікті тарс жапқан. Сол сияқты қара нәсілді жас­өспірімді ақ адамның қатыгездікпен өлтіргені және оның ақталып шыққаны туралы әкесі айтып бер­ген әңгіменің де Кассиустың дүниетанымын қа­лып­тастыруда шешуші рөл атқарған болуы әбден мүмкін. 

Клейдің боксқа келуі де қызық. Өзіне қажетті дү­ниелерге жұмсау үшін әр жерде жұмыс істей жү­ріп тапқан ақшасына велосипед сатып алады. Бі­рақ ол велосипедін арада бір күн өткенде біреу­лер ұрлап кетеді. Қатты ашуланған Кассиус жолшыбай кездескен Джо Мартин есімді полицейге вело­сипедін ұрлаған адамды соққыға жығатынын айтады. Сөйтсе жаңағы полицей жас боксшыларды жаттықтырып жүрген адам екен. «Біреуді соққыға жығу үшін, алдымен оған үйрену керек», дейді де мұны спортзалға шақырады. Бірақ Клей оның айтқанына бірден құлақ аса қоймайды. Арада екі аптадай өткенде Мартин мен оның боксшыларын теледи­дарда жүретін «Болашақ чемпиондар» деген хабарда көрсетеді. Сол кезде оны егер жаттығуға барса мұны да теледидардан көрсетеді, ал оны жолдастары көреді деген ой қызықтырады. Сөйтіп ол келесі күні-ақ спортзалға барады. Дегенмен, алғашқы күннен-ақ Клейді жаттықтыру қиынға түседі. Ол үнемі өзге балалардың алдында мұрнын шүйіріп, өзінің үздік боксшы екенін, чемпион болатынын айтып даурығумен болады. Осындай мінезіне төзбеген Мартин оны аз уақытқа залдан қуып та жібереді. Жалпы, Клейге «джеб» орындауды үйреткен Фред Стоунер есімді жаттықтырушыдан өзгелер Кассиус Клейдің болашағынан онша үміт күте қоймайды.

Кассиустың спортзалға бара бастағанына алты апта өткенде бұлардың жекпе-жегін тағы да теледидар арқылы көрсетеді. Клейдің өз қарсыласына қарағанда жасырақ әрі тәжірибесінің азырақ бол­ғанына қарамастан, төрешілер жеңісті бұған береді. Өзінің жеңгенін естіген сәтте-ақ Кассиус камераға қарап өзінің ұлы боксшы болатынын айтып айқайға басады. Айта кету керек, Мохаммад Әли өзін жарнамалауға келгенде қай кезде де алдына жан салмаған. Ол өзінің ұлы боксшы екенін, ешқашан жеңілмейтінін барлық уақытта да қайталап айтудан жалығып көрмеген. Қалай болғанда да, осы сәттен бастап Кассиус бокс техникасы мен төзімділікті жетілдіру бағытында тынбай жұмыс істей бастайды. Тіпті ол мектепке де автобуспен емес, жүгіріп баратын болған. Осылайша ол темекі шекпей, спиртті ішімдік ішпей, есірткіге еліктемей саламатты тамақтанудың нағыз фанатына айналады. 

Келесі екі жыл бойына Клей үш апта сайын бір жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жетіп отырады. Ал 1956 жылы ол өз карьерасында алғаш рет «Алтын қолғап» турнирін жеңіп алады. 15 жасында Луисвиллдегі афроамерикалықтарға арналған Орталық жоғары мектепке ауысады. Бірақ ол оқуды мандыта қоймайды. Соның салдарынан 1960 жылы ол оқу бітіргенде оған диплом емес, оқу орнын аяқтады деген анықтама ғана беріледі. Кейін журналистерге сұхбат берген кезде «сен маған түсінікті тілмен айт, білесің ғой мен оқу оқыған жоқпын» деп әзілдейтіні де бар.

Кассиус Клей мектепті тәмамдай сала кәсіби боксқа ауыспақ болады. Бірақ бапкері оны 1960 жылы өтетін Олимпиадаға қатысуға көндіреді. Осы орайда бір қызық жағдай бар. Клей ұшақпен ұшуға қорқады екен. Римге ұшақпен баруға тура келетінін естігенде ол Олимпиадаға қатысудан бас тартады. Бірақ тәлімгері егер бармасаң карьераңды құртасың деп екі сағат бойы үгіттейді. Тек осыдан кейін ғана Кассиус келіседі, бірақ сақтық шараларын жасап, әскери дүкеннен парашют сатып алады. Ақыры Римде жолы болған ол қарсыластарын түгел жеңіп 18 жасында Олимпиада чемпионы атанады. Осыдан кейін ол алтын медалін қайда жүрсе де тастамайтын болған. Бірақ қара нәсілді жігітке оның да пайдасы тимейді. Бір жолы қаладағы бір мейрамханаға бас сұғады. Сөйтсе мұнда қараларға қыз­мет көрсетілмейді екен. Ол өзінің Олимпиада чемпионы екенін айтып ас мәзірін сұрағанда, даяшылар оған қызмет көрсетуден бас тартады. Осыдан кейін Клей Огайо өзені үстіндегі көпірге шығады да алтын медальды суға лақтырып жібереді. Осы орайда 1996 жылы жазғы Олимпия ойындары кезінде ХОК президенті Хуан Антонио Самаранчтың оған жоғалған медальдің көшірмесін тапсырғанын да айта кеткен жөн.

Клейдің кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегі 1960 жылдың 29 қазанында өтеді. Ол оған жақсы дайындалады, соның арқасында 6 раундқа созылған жекпе-жекте жеңіске жетеді. Оның қарсыласы болған Танни Хансекер сайыстан соң Клейдің түбі чемпион болатынын, онымен жұдырықтасу өзі үшін мәртебе екенін жеткізіпті. Бір қызығы, басында Клейге бапкер табу да оңайға түспейді. Көптеген адамдар оның бір қарағанда ұстамсыздау көрінетін мінезіне төзе алмаған. Лайықты әрі тәжірибелі бапкер іздеген Кассиустың командасы Анджела Данди дұрыс болады деген тоқтамға келеді. Расымен де Клейдің мінезін білетін Данди оған бақылау жасауға ұмтылмайды, тек керек арнаға қарай бағыттап қана отырады. 

Көп ұзамай жас жігіт Дандидің басшылығымен Майамиде өзінің алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Есімі онша танымал емес қарсыласы – Герб Силерді ол төртінші раундта-ақ техникалық нокаут­пен жеңеді. Одан кейін Тони Эспертиді жеңген Клей чемпиондық атағы бар Ингемар Юханссонды нокаутқа жібермек ойы бар екенін мәлімдейді. Сөйтіп Клейдің менеджерлері Майамиде жүрген Юханссонмен спарринг ұйымдастырады, онда 19 жастағы Кассиус швед боксшысынан басым түседі. Келесі күні Клей өзінің төртінші қарсыласы Джимми Робинсонды нокаутқа жібереді.

1959 жылы Клей Чикагода алғаш рет «Ислам ұлты» ұйымының көсемі Элайджа Мұхаммадпен кез­дес­кен болатын. Ал 1961 жылы Майамиге кел­ген кез­де ол Мұхаммадтың қызметтесі Абдул Рах­ман­­мен жолығысады. Сөйтіп, екеуі жергілікті ме­шіт­­ке барады. Бұл оқиға жас жігітке үлкен әсер ете­ді. «Мен Майамидегі мұсылмандар үйіне кірген кезде ал­ғаш рет өзімнің рухани өмірімді сезіндім» деп ес­ке түсіреді кейін өзі. Осылайша, 1962 жылы Дет­­ройтқа барған Клей Элайджа Мұхаммадпен және Мал­кольм Икспен кездеседі. Сөйтіп, «Ислам ұлты­ның» көсемдері оның рухани тәлімгерлеріне айналады. 

1961 жылы қатарынан бірнеше жеңіске жеткен Әли 1962 жылдың ақпаны мен шілдесі арасында бес рет кездесу өткізіп, соның бәрінде де нокаутпен жеңеді. Ал қыркүйек айында ол Сонни Листон мен Флойд Паттерсонның арасында әлем чемпио­ны атағы үшін өткен жекпе-жекті тамашалауға барады. Паттерсонмен чемпиондық үшін шайқасу оның бала шақтан бергі арманы болатын. Бірақ Листон Паттерсонды бірінші раундта-ақ сұлатып түсіреді. Жекпе-жек аяқталған сәтте Клейді көріп қалған Листон оған «Әй, айқайшыл, келесі кезекте сенсің!» деп айқай салады.

Ақыры ол күн де келіп жетеді. 1964 жылдың ақпанында әйгілі Сонни Листонмен чемпиондық атақ үшін жекпе-жекке шығар алдында Кассиус көп­шіліктің алдында Аллаға құлшылық етіп, өзіне жеңіс тілейді. Шынын айту керек, оның коман­дасы әлі тәжірибесі азырақ Клейдің атақ-даңқы дү­рілдеп тұрған әлем чемпионы Листонмен жұдырық­тасуына қарсы болады. Ауыр соққыға жығылсаң, болашағыңды құртып аласың деп қанша үгіттесе де Кассиус көнбей қояды. Кездесу басталған сәтте-ақ Клей өзінің дағдылы тәсілімен Листонның қуатты соққыларынан жалтарып, қарсыласын шыр айналып жүріп алады. Сөйтіп, үшінші раундта Клейдің басымдығы байқала бастайды. Бір сәтті комбинация­дан кейін Листонның аяқтары бұратылып, құлауға аз-ақ қалады, ол аздай сол көзінің асты тілініп кетіп, оң көзінде ісік пайда болады. Бірақ төртінші раундта Клейдің өзінде проблема туындайды, ол көзінің қатты ауырып, дұрыс көрмей қалғанын сезеді. Содан бапкерінен қолғапты шешуді өтінеді. Бірақ Данди салқынқандылық танытып, ринг бойынша қозғалып отыр деп тапсырма береді де шәкіртін ке­лесі раундқа шығарады. Абырой болғанда Клейге Лис­тонның ауыр соққыларынан жалтарып кетудің сәті түседі, бесінші раундта көзі де көре бастайды. Қай­тадан үстемдікке жеткен Клей Сонниді соқ­қының астына алады. Ауыр жағдайға душар бол­ған Листон жекпе-жекті жалғастырудан бас тар­тады. Сөйтіп, Кассиус Клей 22 жасында ауыр сал­мақтағылар арасында әлем чемпионы атанады. Осы жеңістен соң ол өзінің «Ислам ұлты» ұйы­мы­на кіретінін ресми түрде мәлімдеп, аты-жөнін Мохаммад Әли деп өзгертеді. Осы оқиғадан кейін Әли өз жекпе-жектерінің әрбір раундынан кейін қар­сыласынан «Айт, менің атым кім?» деп сұрап отырған. 

Мохаммад Әли ауыр салмақта әлем чемпионы атана жүріп осы жоғары мәртебесін сегіз рет қорғап шығады. Сегізінші кездесуде Әли қарсыласы Зора Фолейді жетінші раундта сұлатып түсіріп, оп-оңай жеңіске жетеді. Бірақ осы кездесуден соң Мохаммад Әли үш жылдан астам уақыт рингке шыға алмай­ды. Оған себеп оның Вьетнамдағы соғысқа қа­ты­су­дан бас тартуы болатын. Ол қарсылығын өзінің мұсыл­ман екендігімен, ал ислам дінінің адам өлтіруге рұқсат бермейтіндігімен түсіндіреді. Осы жылдары Әлидің «Менің вьетгонгтерге қарсы еш өкпем жоқ. Олар мені азаптаған жоқ. Олар мені негр деп атаған жоқ. Олар маған ит қосқан жоқ. Сендер менің оларға қарсы оқ атқанымды қалайсыңдар ма? Одан да мені түрмелеріңе отырғыза беріңдер» деген атышулы сөзі бүкіл әлемге тарап кеткен болатын. 

«Ол өзін сатудан бас тартты. Ол мемлекеттік ма­шинаның ығына жығылудан бас тартты. Мұсылман болып табылатын өзін асфальтқа таптап, есімін санадан өшіреді деп қорыққан жоқ. Ол адалдық пен ерліктің символына айналды. Өзім сұхбат алуға барынша ұмтылған менің бес замандасымның ішін­де Мохаммад Әли бірінші тұрған болатын», деп атап көрсетеді Әли қайтыс болғаннан кейін, яғни 2016 жы­лы белгілі ресейлік журналист Владимир Познер.

Бокстан үзіліске кетуге мәжбүр болған жылдары Мохаммад Әли ораторлық карьерасын табысты бастап кетеді, елдің көптеген университеттері оны ақылы негізде лекция оқуға шақырады. Оқу орындарында сөз сөйлей жүріп Әли Вьетнамдағы соғысқа деген көзқарасына қарамастан өзінің жастардың кумиріне айналғанын түсінеді. Мохаммад колледж­дерде зор қолдау табады, өйткені көптеген студент соғысқа қарсы еді, олар оған аяқтарынан тік тұрып қол соғып, қошемет көрсетеді. Оның «Менің соғысым адамдар қаза табатын емес, рухани соғыс болды... Мен титулымды жоғалттым, материалдық қауіпсіздіктен айырылдым. Бірақ мен басқаға, неғұрлым ұлы істерге қол жеткіздім» дейтіні де осы жылдар болатын.

Кәсіби бокстағы карьерасында 61 кездесу өткі­зіп, оның 56-сында жеңіске жеткен, 37-сін нокаут­пен аяқтаған адамның бүкіл жекпе-жектерін баяндап шығу мүмкін емес. Дегенмен, Әлидің айрықша екі қарсыласы туралы айтпай кетсек, әңгімеміз то­лық­қанды болмас еді. Олардың бірі Джо Фрейзер де, екіншісі – Джордж Форман. Бұлардың екеуі де ауыр салмақта әлем чемпионы атанған боксшылар. Әли алғашқы кездесуде Фрейзерден жеңіледі. Кейін баспасөз мәслихатында Әлидің «менің ол жеңілуімде тұрған ештеңе жоқ» деп философиялық тұрғыда жауап беретіні бар. Рас, одан кейін Фрейзермен екі рет қарымта кездесу өткізген Әли екеуінде де жеңіске жетеді. Осы екі боксшының арасында өткен үшінші кездесуді ерекше атап өту қажет. Бұл жекпе-жекте екеуі де бір-бірін аямай төмпештейді. Соның салдарынан Фрейзердің бет-аузы қан-жоса болып, бір көзі мүлде жұмылып қалады. Үзіліс кезінде рефери үш саусағын көрсетіп «Нешеу?» деп сұрағанда Фрейзер «Біреу» деп жауап береді. Осыдан кейін оның бапкері сайыс­ты тоқтатуға мәжбүр болады. Ал дәл осы сәтте Әли де өз бұрышында «Мен әбден шаршадым, қолғапты шешіңдер», деп соңғы 15-ші раундқа шық­пайтын ниет танытады. Оның бағына қарай ол кезде Фрейзердің жаттықтырушысы кездесуді жалғастырудан бас тартып та қойған болатын. «Маниладағы триллер» деген атпен тарихқа енген осы жекпе-жекке «Бокс» журналының нұсқасы бойынша «Жыл жекпе-жегі» деген мәртебе берілген. 

 Осы Фрейзерді екі рет жеңген Дж. Форманмен кездесу Әли үшін басты мақсатқа айналады. Әлем чемпионы атағына ие Форман бұған дейін жеңіліс тауып көрмеген, жас әрі соққысы жойқын боксшы еді. Әли қатты дайындалады. Сөйтіп «Джунглидегі дүрсіл» деген атпен тарихта қалған кездесудің соңғы раундтарында оңнан, солдан және қайтадан оңнан ұрған соққыдан бұған дейін әбден қалжыраған Форман нокаутқа түсіп қалады. Осы жеңістен соң Әлидің «ұлы» деген атағы біржола бекиді. 

Спорттық карьерасының соңғы жылдарында Әли екі жылдай рингке шықпайды, шығуға құлқы да болмайды. Бірақ қаржы тапшылығы оны жекпе-жек өткізуге мәжбүрлейді. Ол күш-қуаты тасып тұрған әлем чемпионы Ларри Холмспен кездеседі. Бұл кезде Әлидің жасы 38-де, артық салмақ қосқан, бабы да онша емес-тін. Холмстан едәуір соққылар алады. Осыдан кейін бапкері «Басты секундант менмін. Сайысты тоқтатуды талап етемін!» деп айқай салады. Бұл Әлидің тұңғыш рет уақытынан бұрын жеңілуі еді.

Өзінің ең соңғы жекпе-жегін Әли канадалық боксшы Тревор Бербикпен өткізеді. Бұл сайыста жап-жақсы өнер көрсеткеніне қарамастан төрешілер жеңісті Бербикке береді. Айта кету керек, Әлидің денсаулығына байланысты көптеген штаттар оған сайысқа шығуға лицензия беруді қаламайды. Осы лицензияның өзін көптеген қиындықтармен алады. Әлиге жеңісті бермеуде ол енді боксты қойсын деген бір гәптің де болуы мүмкін. Шынымен де ол осыдан кейін рингке шықпайды.

«Бокс – алғашқы саты ғана, ол мені кең ауди­тория­мен таныстырды. Бокс бар болғаны мені күреске алып келді. Менің басты шайқасым – бос­тандық пен теңдік үшін», деген болатын Мохаммад Әли өзінің бір сұхбатында. Көпшілік жұрт Әлиді гүрзі жұдырықты боксшы ғана деп санайды. Шындығында ұлы боксшы ғана емес, ұлы спортшы деген атақ алған Мохаммад Әлидің бокстасу стилінің өзі мүлде бөлек болатын. Сондықтан да оған қатысты «Көбелекше қалықтап, араша шағады» деген теңеу айтылды. Салмағының 90 килодан жоғары, бойының 1 метр 91 сантиметр болғанына қарамастан Әли рингке әр кезде де билеп шығатын және сайыс аяқталғанша сол қалпынан танбаған әрі өте шапшаң болған. 

Дж. Форд, Р.Никсон, Дж. Картер, Р. Рейган, Дж. Буш, Б. Клинтон, Б. Обама, Д.Трамп сияқты АҚШ президенттері қабылдаған немесе арнайы кездескен, Тереза ана, Далай Лама, Индира Ганди, Нельсон Мандела, Мартин Лютер Кинг, Папа Иоанн Павел-ІІ, Л. Брежнев, Фидель Кастро, Елизавета 2, Камал Абдел Насер, Пеле сияқты әлемге әйгілі тұлғалар, «Битлз» тобы, Эльвис Пресли сияқты музыканттар, Арнольд Шварценеггер, Сильвестр Сталлоне, Мадонна және басқа да көптеген Голливуд жұлдыздары жүздесіп, қолын алуды өздері үшін зор құрмет тұтқан, 100 мың долларды қайырымдылыққа ойланбастан бере салған, баспанасыздарға әркез көмек көрсеткен, ЮНИСЕФ-тің ізгі ниетті елшісі атанып, Ливан мен Иракта ислам экстремистерімен арадағы келіссөздерге қатысқан, АҚШ-тың Иракқа басып кіруіне қарсы болған, өзіне келген әрбір хатты оқытып, апта сайын 2 мыңға жуық қолтаңба беріп отырған, қайтыс болғанда өзін жерлеу рәсімін қалай ұйымдастыру керектігін 10 жыл бұрын жазып кеткен даңқты боксшының өмір жолы шолып айтқанда, міне, осындай. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»