Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Шығармашылық әлемі әралуан әріптес

805 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

...Бұдан жарты ғасыр бұрын ару қала – Алматы күн жылынып, жаз шыға ерекше құлпырып кететін. Тау етегіндегі ертегі қала көшелеріндегі жап-жасыл ағаштар, қызылды-жасыл гүлдер көздің жауын алатын. Арықтардағы сылдырлап ағып жатқан мөлдір су қандай еді? Ол кезде көшелерде қазіргідей кептеліс жоқ, трамвай, автобустарға қысылып-қымтырылмай отырып, қалаған жерге жететінбіз. 1968 жылдың күзі. С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің бірінші курс студентіміз. Қасымда Марат Қабанбаев бар, сол күні сабаққа сәл кешігіп шығыппыз, трамвайға мініп оқу орнына бет алғанбыз.

Шығармашылық әлемі әралуан әріптес

– Оу жігіттер, қайда бет ал­дыңдар? Сендер де студент шы­ғарсыңдар. Танысып қоялық, біз мына жігіт екеуміз ҚазМУ-дің журналистика факультетінің үшін­ші курс студентіміз. Менің есімім – Тұрсын. Фамилиям –Байханов, Өскеменнің Самар ауданынанмын. Ал мына мық­ты Семейден келген Дәулет Сей­сенов. Өзі биыл Семейден бізге ауысып келді. Әдебиетке бейімі бар екен. Бірнеше әңгімесі газетте жарияланыпты. Ал сендер қайда оқисыңдар, қай жақтың азаматтарысыңдар? – деп бетінің безеуі бар, ұзын бойлы жігіт баса-көктеп билеп кетті.

Дәулет көп сөзге жоқ, тұ­йықтау жігіт болып көрінді. Сөйтіп 1949 жылдың арқыраған ақпанында Семейдің Абай ауданының Сар­жал ауылында дүниеге келген Дәулетпен танысып, жақын араласып кеттік. Дәулеттің курстас­тары, кейін қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері атанған, ақын-жазушылар Баққожа Мұқаи, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Бал­ғабаев, Шөмішбай Сариев, Аман­жол Арғынгелдин, Жақау Дәу­ренбеков, тағы басқа танымал азаматтармен Виноградов көше­сіндегі жатақханада бірге тұрдық. Дәулет сол жатақхананың қарсы бөлмесінде тұратын, шашы бұй­ра, қараторы әдемі, физика фа­куль­тетінің студенті Кәден деген қыз­ға жиі барып тұратын, кейін ма­хаббаттары жарасып, екеуі ша­ңырақ көтерді.

Ой-хой, шіркін студенттік ғұ­мыр­дың бес жылы өте шық­ты. Ұстаздарға мәңгілік қарыз­дармыз, олар білгенін үйретті, журналистиканың қыр-сырына баулыды. Оқу орнын бітірген соң арман қуған жастар жан-жаққа тарыдай шашырап кетті. Ал Дәулет болса азаматтық борышын өтеп, взвод командирі болды. 1973 жы­лы әскери қыз­метін аяқтаған соң «Семей таңы» газетінде жеті жыл бойы қызмет етті. Пысық, білімді де білікті журналисті 1980 жылы партия қызметіне шақырды. Ол об­лыстық партия комитеті насихат бөлімінің баспасөз жөніндегі нұсқаушы қызметін үш жыл бойы мінсіз атқарды.

Дәулет екеуміздің жолымыз арада бірнеше жылдан кейін «Социалистік Қазақстан» газе­тінде қайта түйісті. Ол менен бірнеше жыл бұрын Семей облысы бойынша меншікті тілші қыз­метін атқарып келген. Мен 1990 жылы бұл қызметті ардагер журналист Мұқан Әбуғалиевтан қабылдап алғанмын. Ал Мұқан ағаның алдында бұл қызметті қарымды қаламгер, жазушы Кеңесхан Зәкенов абыроймен атқарған еді. Өкінішке қа­рай, қазақ баспасөзінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан, оқырмандарына бірнеше көркем шығарма сыйлаған екі ағамызға көзі тірісінде де, олар өмір­ден озған соң да ешқандай құр­мет көрсетілген жоқ. Биыл Ота­ны­мыздың бас газеті – «Egemen Qazaqstanǵa» 100 жыл толады. Мүмкін жергілікті жердегі атқа­мінерлер бұл тілегімізге құлақ асар деген ойдамыз. 

1997 жылдың сәуірінде Семей облысы таратылып, Шығыс Қа­зақ­стан облысымен бірікті. Алай­да Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқ­­ты алыптарды дүниеге әкел­­ген қасиетті өңірге деген құр­­метпен газет басшылары Се­мейдегі газеттің тілшілер қо­сы­нын сақтап қалды. Облыс жабы­лып қалса да Семейде қор­даланған проблемалар бас­тан асатын. Өзіне көрсетілген се­німді ақтау оңай шаруа емес. Ал менің досым, әріптесім ре­дак­ция басшыларының сенім биігінен көріну үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Тоқ­саныншы жылдардың соңында еліміздің бас газетінде Дәулеттің «Семейліктер қашанғы тоңа бе­реді?», «Жүйке ауруына шал­дыққандардың интернат үйі», «Қиындықты талпыныс қана жеңеді», «Нарық жолы жарық», «Өндіріске жан бітті», басқа да сандаған толғағы жеткен өзекті мақалалары бірінен соң бірі шы­ғып жатты.

Екі облыс біріккен соң Шығыс­тың қос тілшісі қол ұстасып са­пар­ларға жиі шығатын болдық. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында газетке жазылу науқанына қызу кірісетінбіз. Алматыдан бұ­­­­рын­дары Семей облысында мен­­­шікті тілші қызметін ат­қар­ған, аузы дуалы, елге сыйлы Мамадияр Жақып ағамыз келе­тін. Ол кісімен бірге жүрген жақ­сы әрі қиын. Жақсы болатыны, «Егеменнің» тарихы, газетке жа­зылудың пайдасы жайлы кеңінен әңгіме қозғайтын. Ал қиыны, артық сөйлеуден қалдық. Көрсеқызарлық, басқа да жат әрекеттерге ол кісінің жаны қас.

Бір жолы Мамадияр ағаны Аягөзден күтіп алдық. Ертеңінде аудандық әкімдікте қала тұрғын­дарымен кездесу өтті. Аудан әкімі кешігіп жатыр. Не болып қалды дегендей Дәулет екеуміз Мәкеңе жалтақтап қарай береміз. Ол кісі сабыр сақтап отыр. Ақы­ры жиынды өзі жалғастырып әкетті. Кездесу аяқталған соң әкім бізді менсінбеді ме, неге кел­меді деп едік, Мәкең «әкімнің тығыз шаруа­сы болып қалған сыңайлы, газетке жазылуды аудан басшысының беделімен емес, оқырмандарды қызықтыратын мақалалар арқылы тындырған жөн» деп ақыл қосты. Алдыңғы толқын ағалардың ақыл-кеңесі, олардың өмірлік тәжірибесі бізге зиянын тигізген жоқ. Дәукең әлі күнге Мамадияр ағасымен жиі кездесіп, кейде телефонның сымы қызғанша сөйлесіп, әңгіме көрігін қыздырып тұрады. Жал­ғыз ол кісі емес, облыстық га­зетті ұзақ жылдар басқарып, со­ңынан «Егеменнің» Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарған, Ақтауда тұрып жатқан Жоламан Бошалақпен (марқұм, талантты ақын Гүлжауһар Сейілжанованың өмірлік серігі) жиі хабарласып тұрады. Мәкең де, Жөкең де Се­мейге күйеу бала, кездесе қал­ғанда жезделерімен қалжың­да­сып, қазақы дәстүр бойынша ерке­легенін сан мәрте көріп, сүй­сінгенім бар. 

Газеттің Семей өңіріндегі мен­шікті тілшісі қызметін ат­қарса да Дәукең «шекараны» бұ­зып, менің «аумағыма» келуді ұнататын. Ондағы мақсат – Катон­қарағайдың сұ­лу табиғаты, Марқакөл мен Зайсан, Күршім, Риддер, Зырян (қазір Алтай) аудандары мен қалаларындағы атқарылып жатқан оң істерді көру, адамдарымен танысып, газетке мақала жазу. Екеуміз бір­лесіп жазған біраз мақала оқыр­ман­дар тарапынан өз бағасын алған.

«Egemen Qazaqstan» газетінде қызмет еткен ширек ғасырда Дәулет Сейсенұлының қаламынан талай құнды мақалалар жарық көрді. Семей ядролық полиго­ны жайлы жазған мақаласы Қазақ­стан Журналистер одағының сый­лығына ие болды. Кейін бұл ма­қаласын жетілдіріп, 2011 жы­лы апат аймағының жа­бы­луының 20 жылдығы қар­са­ңында «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» деген атпен де­ректі кітап болып шықты. Бұл еңбегі лайықты бағаланып, Елба­сының Алғыс хатымен және «Ал­тын барыс» төсбелгісімен атап өтілді. Семей көне орман бел­деуінің проблемасы, Абай ауда­нындағы атқарылып жатқан оң істер, басқа да мақалалары өткірлігімен оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды. Қазақстан Журналистер одағы мен облыс әкімі тағайындаған сыйлықтарды бірнеше мәрте алуы қаламгерге көрсеткен жо­ғары баға болса керек.

Ұлылар елінің тумасы жур­на­лист-жазушы ұлылар тақы­рыбына келгенде ерекше шабыттанып, бірінен соң бірі бірнеше жинақ шығарды. Атап айтар болсақ, оның «Шәкәрім» деп ата­латын деректі кітабы дала да­ныш­панының 150 жылдық ме­рейтойы қарсаңында, ең алдымен Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға», бұдан соң Алматыдағы «Қазақстан» бас­пасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен жарыққа шықты. Ұлыларды ұлықтаған осы және басқа еңбектерімен ол Шә­кә­рім атындағы Семей мемле­кеттік университетінің құрметті профессоры атанып, Абай жә­не Әуе­зов медальдарымен м­а­ра­­пат­талды. Дәукең сонымен бірге Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азама­ты, Қазақстанның құрметті жур­налисі. Осы жақында ғана жарық көрген «Жәнібек» атты кітабында халқымыздың күміс көмей әншісі, досы Ж.Кәрменов жайлы кеңінен ой толғайды, әншінің біз біле бермейтін қыр-сыры жайлы баяндайды. Әр жылдары оның «Семей елі, Семей жері», «Шежірелі Шыңғыстау», «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» атты кітаптары Астана, Алматы, Семей қалаларындағы баспалардан жарық көрді. 

Дәулет Сейсенұлы онға тарта кітаптың және жеті драмалық пьесаның авторы. Оның пьесаларында Абай мен Шәкәрімнің («Абай-Шәкәрім), яғни ұстаз бен шәкірттің арасындағы сый­ластық – жасы үлкен ағаның іні­ге деген ілтипаты мен қам­қор­лығы, жеке басының үлгі-өне­гесі, ал іні тарапынан аға өсие­­тіне адалдығы сөз болса, «Мұх­тардың мұраты» деп аталатын келесі пьесасында атынан көрініп тұрғандай «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» хакім ақынның өмір жолын ашып көрсету заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің бас­ты мұраты болғанын айғақтайды. Ал «Маэстро», «Махаббат вальсі» пьесаларында басынан сан қилы тағдырды өткерген атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев пен белгілі сазгер Бекен Жамақаев туралы драма тілімен баяндайды. «Жәнібек ән салады» атты драма-реквиемі Семейдегі Абай атындағы драма сазды театрында қойылды. Кітап соңынан кітап шығарып, драмаға ден қойған қаламгердің Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, осындағы деректі проза секциясының мүшесі ретінде одақ жұмысына белсенді қа­тысуы до­сымыздың тыным тап­пай ізде­ніс үстінде екенін айғақ­таса керек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері

ӨСКЕМЕН