Ел ішінде Киікбай батырдың ерлігі туралы сан алуан аңыз айтылады. Ескіден қалған есті сөздің арнасы көзсіз ерлік пен туған жерге деген перзенттік махаббаттың оттай ыстық лебімен тоғысады. Жалғыз Атбасар төңірегі ғана емес, берідегі Сандықтау, тіпті Көкшенің баурайына дейін ізі қалған. Олай болатыны, ілкідегі жұрттың көшпенділік салтында. Демек, Киікбай сынды батырдың тұлпарының табаны сайын Сарыарқаның талай өңірінде жарқылдаған. Ең бастысы, ел қорғаған ердің өнегелі өмірінің із сорабы біржола жоғалып кетпей, ауыздан ауызға көшіп, ердің ерлігін бағалай білетін халқының жадында сақталған.
Атбасар ауданының Сергеевка ауылының маңындағы Киікбай батыр мазары орта ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші болып саналады. Шамамен 1693 жылы дүниеге келіп, 1741 жылы жамбасы жерге тиген батыр мазары осыдан 275 жыл бұрын тұрғызылған екен. Бүгінде дөңгелек мазардың алдыңғы беті жартылай сақталған. Қарсы қабырғасы ішінара бұзылып, кетігі таспен толтырылған. Жоғары жағы ашық, біршама жалпақ. Жарты ай пішініндегі күмістелген белгісі де бар. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары дәл осы жерден қазақ жауынгерінің сауыты да табылған екен. Талай жыл топырақ астында жатқан сауытты тыңға түрен салғандар ойламаған жерден тауып алыпты. Қазір бұл жәдігер аудандағы тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр.
Мазардан қозы өрісіндей жерде Киікбай адыры бар. Демек, батыр осы жерді жайлаған. Шынында да ұйыса біткен, қысы-жазы өңін бермейтін жасыл қарағайлар қаулай өсіп, қаумалап тұрған жер қапияда көз жұмған Киікбай батырдың шашақты найзасы сияқты қияннан көзге түседі. Бар ғұмырын ат жалында өткеріп, ел қорғаған баба бейіті бүгінгі ұрпағына батпан-батпан ой салып тұрғандай.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы