Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Су тасқынының алдын алу жөнінде комиссиялар құрылды - Ж. Қасымбек

843 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Су тасқынының алдын алу жөнінде комиссиялар құрылды - Ж. Қасымбек

"Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында Іс-шаралар жоспары бекітілді. Орталық және өңірлік деңгейде Автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының, «Қазақавтожол» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерінен, сондай-ақ олардың облыстық филиалдарының өкілдерінен су тасқынының алдын алу жөнінде комиссиялар құрылды", деді ол. 

Сонымен қатар 10 ақпаннан бастап тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды және күн сайын жолдар мен жол құрылыстарын патрульдеу жүргізіліп, су тасқыны қаупі бар учаскелер мен көпірлер бақылауға алынатын болады. Мұндай учаскелерге қажетті жол техникасы бекітіледі. Су тасқыны кезеңіне уақтылы дайындықты ұйымдастыру үшін бекітілген Іс-шаралар жоспарына сәйкес қажетті жанар-жағар май, жол материалдары және темірбетонды конструкциялар қоры құрылып жатыр. Су тасқынына қарсы шараларды атқару кезінде өңірлердегі климаттық жағдайлар, сонымен қатар өткен жылдардағы су тасқыны кезеңі қорытындылары ескеріледі.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек Темір жолдарды және жасанды құрылымдарды су тасқыны кезеңіне уақтылы дайындау мақсатында, «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының бұйрығы бекітілетінін айтты.

Пойыздар үздіксіз және қауіпсіз жүру үшін 1 наурызға дейін оңтүстік өңірде, 15 наурызға дейін батыс және шығыс өңірлерде, ал 1 сәуірге дейін солтүстік аймақта қажетті материалдар мен конструкциялар тиелген 42 арнайы пойыз дайындалады.