Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы жыл басынан бастап теңгенің долларға қатысты нығаюы байқалатынын хабарлады. Мәселен, 8 ақпандағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 1,4%-ға нығайып, бір доллары үшін 378,73 теңгені құрады.
«Бұл мұнай нарығындағы жағымды конъюнктура және Ресей рублінің нығаюы аясында орын алуда» деді Д. Ақышев.
Ол Қазақстан Ұлттық Банкінің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастыратынын атап өтті. Ұлттық Банктің валюта нарығындағы неттоинтервенцияларының көлемі 2019 жылғы қаңтарда нөлге тең болды.
«Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері қаңтардың соңында алдын ала деректер бойынша 30,6 млрд доллары, Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,8 млрд долларын құрады» деді қаржы реттеушісінің басшысы.
Д. Ақышев сондай-ақ 2014 жылдан бастап алғаш рет күнтізбелік жылдағы ағымдағы операциялар шоты 0,9 млрд доллары профицитпен қалыптасқанын атап өтті, бұл макроэкономикалық үрдістердің жақсаруын растап, теңгенің бағамына оң әсер етеді.
«Жақсару сауда балансының 27,4 млрд долларына дейін 58%-ға өсуіне байланысты. Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 10%-ға өсіп, 4,1 млрд доллары болды» деп түсініктеме берді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.