Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Ақтоғай ауданы тұрғындарын алаңдататын мәселе аз емес

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың тұрғындар алдындағы есебінде әдеттегідей атқарылған жұмыстарға есеп берілді.

Ақтоғай ауданы тұрғындарын алаңдататын мәселе аз емес

Яғни, «мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Кәсіпкерлік кең өріс алып келеді. Шешімін күткен өзекті мәселелер қатарында жол жөндеу жұмыстары бар. Ауданда төрт түлік саны өсіп келеді. Мал тұқымын асылдандыруға көп көңіл бөлінуде. Суармалы егістік алқаптарының көлемі артқан» деген жаттанды жылдағы баянадама оқылды.

Ал енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 13 жоба әзірленіп, жалпы сомасы 13 160,0 мың теңгені құрайтын 80 іс-шара жүзеге асырылыпты.

Жаңаауыл ауылдық клубының шатыры ауыстырылыпты.

Естай ақынның кесенесі алдына кеспе тас төселсе, «Ақтоғай - Рухани жаңғыру» қоғамдық қоры есебінен 6 миллион теңгеге аталған кесенеге жол салынған.

Әкімнің есебінен соң, аудан орталығы - Ақтоғай ауылының тұрғыны Сансызбай Сәдуақасов электр энергиясы тарифін арзандатуды сұрады.

Әуелбек Мүткенов және Қожамжар ауылдық аумақтарындағы тасымалмен оқитын оқушылар үшін жаңа автобустар қажет.  

Ақтоғай-Харьков автожолы, Ақтоғай ауылындағы Мүткенов көшесінің тас жолдары жөндеу жұмыстарын күтуде.

Әбжан ауылының белсенді тұрғыны, зейнеткер Қайыргелді Ақылбек ауданда мал терісі мен жүн өңдейтін нысандар ашу керектігін ұсынды.

Ауданға оңтүстіктен қоныс аударып келген Кәрібаева Ақмаржан, Мадатов Нұрлан, Әубәкіров Дәурен және басқаларының балаларды балабақшаға орналастыру, ауылдағы жатақхананы сумен жабдықтау, сарымсақ өсіру үшін жер телімін бөлу, Харьков ауылының медбикесі үшін жедел жәрдем көлігін бөлу, өсімдік шаруашылығын дамыту үшін кепілдіксіз несиелер алу сияқты бірқатар тұрмыстық мәселе бар.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарды  аудан әкімі Қ.Арынов бақылауға алып, мүмкіндігінше қарастырайық деп уәде берді.          

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы