Мұны біз Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен күні кеше «Астана Опера» театры сахнасында көрерменін қуантқан «Евгений Онегин» операсының премьерасынан көріп, сезіндік. Елорда жұртшылығы асыға күткен айтулы туындыны сахнаға шығаруға атсалысқан шығармашылық құрам қатарында Италиядан арнайы шақырылған режиссер Давиде Ливермор, қоюшы дирижер Алан Бөрібаев, сценограф Францеско Калканини (Италия), костюм суретшілері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов, хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов бастаған білікті музыка және сахна мамандары бар.
Жалпы, П.Чайковскийдің бұл туындысы жаһан бойынша ең көп қойылған репертуарлық спектакльдердің бірі. Аталмыш опера екі ғасыр бойы әлемнің музыкалық театрларының сахнасынан түспей келеді.
Роман мен операның атауы бір дегенмен де, П.Чайковский басты кейіпкерлердің алғашқы мінез-сипаттарын сақтай отырып, Татьяна Ларинаға басымдық бергені және әуел баста операны осы кейіпкердің есімімен атағысы келгені мәлім. Яғни өз операсында композитордың пушкиндік Онегинді емес, Татьянаның асқақ сезімі мен жан дүниесінің әсемдігін жырлауға барынша ден қойғанын байқау қиын емес.
– Композитор операны романның дүниеге келген сәтінен бастап шамамен 50 жылдан кейін, яғни 1877 жылы жазған. Чайковский операға, негізінен, Татьянаның бейнесімен байланысты 7 көріністі қосқан. Себебі композитор үшін Татьяна басты кейіпкер болған. Тіпті, өнер иесі шығармасын «Татьянаның хаты» көрінісінен жазуды бастаған. Операның үштен екі бөлігі тез жазылады – 1877 жылдың жазында толықтай бітіреді. Алайда үшінші бөлігін композитор өзінің үйлену тойына байланысты қарбаластың кесірінен тек келесі жылдың ақпан айында аяқтай алды, – деді қойылымның қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев туынды тарихына жан-жақты тоқталып.
Бұған дейін Ресейдің Үлкен театрында, Израильдегі гастрольдерде ұзақ жылдар бойы айтулы операға дирижерлік еткен Алан Бөрібаевтың елорда төрінде ұсынылған премьераға тәжірибелі маман ретінде үлкен дайындықпен келгені айқын аңғарылады. Қашанда әр қойылымына жан-тәнімен беріліп, өзіне зор жауапкершілік артатын маэстро Алан Асқарұлының ізденісінен үнемі көрерменін бейжай қалдырмайтын алапат сезім қуатын сезінуге болады. Дирижердің сараптауында кейбір тіл жетпейтін сезімдер сәтті суреттеліп, көңіл түкпіріне берік бекіп жататыны да сондықтан болса керек. Италиялық белгілі режиссер Давиде Ливермормен біте қайнасқан шығармашылық тандемде жемісті нәтиже көрсеткен маэстро кезекті премьераның бұған дейін жасаған жұмыстарынан өзгерек екенін жеткізді.
– Операдағы әрбір қаһарманның өзіндік музыкалық бейнесі бар. Менің мақсатым – тыңдарман жүрегіне ең әуелі осы күйді жеткізу болды. Мәселен, Ленский пайда болатын сәттерде оркестрді қыздыра түсемін, себебі ол өте қызба мінезді, ал Онегин бар көріністерде, керісінше, оркестрді суық күйге дейін түсіріп, салқындатамын, Пушкиннің өзі айтқандай: «Екеуі кездесті. Толқын мен тас, Өлең мен қара сөз, мұз бен жалын...» Мен осы қағиданы ұстандым, – дейді қоюшы дирижер.
Қойылымда басты партияларды отандық жетекші солистермен қатар, Ресейден шақырылған музыка мамандары сәтті орындап шықты. Атап айтар болсақ, Онегин рөлін Алексей Исаев (Ресей) пен Талғат Мұсабаев кемеліне келтіре сараптаса, Татьяна рөлі Галина Чеплакова мен Айгүл Ниязованың орындауында көрерменмен қауышты. Ал Ольга бейнесі – Дина Хамзина мен Татьяна Вицинскаяның ойнауында, Ленский – Медет Шотабаев пен Жан Тәпиннің сараптауында сахна төріне көтерілді. Ресей Федерациясы мен «Астана Опера» театрының жетекші солистерін бір сахна төрінде тоғыстырған қоюшы режиссер Давиде Ливермор «Евгений Онегин» операсын келешек ұрпақ үшін жан дүние жұмбағын шешіп, сезімдерді тәрбиелеудің іргелі де маңызды бөлігі екендігін атап өтті.
– Спектакльді тамашалаған соң көрермендердің осынау адамгершілік, махаббат хикаясының бүгінгі таңда да өзекті екенін сезінгенін және «жүректерімізді тебірентіп, сезімдерімізді толқытты» деп қойылымнан ерекше эмоциямен шыққанын қалаймын. Сондықтан да Чайковский аманатына барынша адалдық танытып, бұл қойылымда мен де Татьянаның ішкі жан дүниесін бастапқы планға шығаруға тырыстым, – деп режиссер спектакльді сараптау сырымен бөлісті.
Тіпті осы мақсатын жүзеге асыру үшін Давиде Ливермор операның әлқиссасын партитурада жоқ жаңа көрініспен толықтырыпты. Мәселен, шымылдық ашылған беттегі ақтық сәті жақындаған кейуана Татьянаның өмір белестері мен жүріп өткен жолы, құштарлыққа толы қайталанбас сезім тасқынын тудырған махаббат тарихын есіне алатын сахнасы негізінен режиссер Давиде Ливермордың қиялынан туған эпизод екендігін П.Чайковский операсымен таныс көрермен қауым бірден аңғарады. Әйтсе де бұл көріністі тіпті де сәтсіз дей алмас едік. Өйткені операның лирикалық бояуына жаңа бір драмалық леп үстеп тұрған айтулы шағын ғана сахналық эпизод, керісінше, шығарманың шырайын кіргізе түскендей.
Қойылымның көңілге қонған тағы бір ерекше тұсы – сценография. Италиялық сахна суретшісі Францеско Калканини қолтаңбасынан қиялға бай көркем кеңістікті көрдік. ХІХ ғасырдағы орыс қоғамының өмір сүру стилі мен бояуын сақтай отырып, заманауи технологияның озық үлгілерін өз жұмысында шебер пайдаланған сценограф жұмысынан талғампаздық пен кірпияздықтың иісі аңқып тұр.
Ал костюм бойынша суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов тандемі үшін «Евгений Онегин» операсы алғашқы тәжірибе. Соған қарамастан, дәуір үнін барынша өз бояуында беруге тырысқан мамандар премьера үшін барлығы 250-ге жуық костюм әзірлеген. Онегин дәуірінің, яғни 1820 жылғы стиль мен технологияны сақтай отырып жүзеге асырылған тарихи тігіс түрлері Пушкин суреттеген заманның киім үлгілерін қайта жаңғыртқандай болды. Мұны да жаңа қойылымның өз ерекшелігі деп қабылдадық.
– Айтулы шығармаға үлкен жауапкершілікпен қарап, операның шығу тарихын, барлық қыр-сырын егжей-тегжейлі ұзақ әрі тыңғылықты түрде зерделедік. Бір қызығы, «Евгений Онегин» операсының барлық қоюшы суретшілері дәуірді 50-60 жылға кейін жылжытады. Тіпті тарихи спектакльдерді жасайтын суретшілердің өзі ХІХ ғасырдың соңын көрсетеді, себебі 1820 жылғы костюмдерді жасау қиынға соғады, ал 1870 жылғы үлгілер бәріне жақын әрі түсінікті. Ал біздің көрермен түпнұсқаға барынша жақын сән бойынша тігілген фрактарды көре алады. Сондай-ақ әртістердің күрделі, көп қатпарлы шаш үлгілері мен париктері де көрермендерді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын, – дейді костюм суретшісі Павел Драгунов.
«Астана Опера» театры шығармашылық ұжымының жарты жылға созылған жан-жақты дайындық жұмыстары, сөйтіп, елордалық көрерменге көптен күткен жарқын бояулы қойылымын тарту етті. Жаңашыл үлгіде сөйлеген қос классиктің үздік туындысы «Астана Опера» сахнасындағы өміршең спектакльдің бірі болады деп күтілуде. Оған премьера күні залға ине шаншар орын қалдырмай жиналған қалың көрерменнің «Евгений Онегинге» деген ыстық ықыласы мен туындының әр көрінісіне зор тебіреніспен көңіл қоюы иландыра түскендей...
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»