Аталған ақпарат Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен Беларусь мемлекеттік ақпарат және радиоэлектроника университетінің «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасының салтанатты ашылу рәсімінде айтылды.
Шараға Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры Еркен Тазабекова, Ақпараттық технологиялар факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Сонымен қатар Беларусь мемлекеттік ақпарат және радиоэлектроника университетінің делегациясы құрамында бірінші проректор Сергей Дик, Компьютерлік жобалау факультетінің деканы Дмитрий
Лихачев, Басқару жүйелері кафедрасының меңгерушісі Александр Марков бар.
Ректор Ерлан Сыдықов 2011 жылы Беларусь Президенті А.Лукашенконың Астанаға сапары барысында Беларусь пен Қазақстан жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институты арасында ғылым және білім беру консорциумын үйлестіру жөнінде келісімге қол қойылғанын айта келіп, алғашқыда қос тарап консорциумға 13 жоғары оқу орны мен 3 ғылыми-зерттеу институтын енгізсе, бүгінде білім беру және ғылыми-зерттеу саласының ауқымы кеңейе түскенін жеткізді.
«Консорциум құрамына қазірде Қазақстаннан 22, Беларусь елінен 24 жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу институттары кіріп отыр», деді ректор. Сондай-ақ екі елге қатысты үш орталықтың жұмыс істеп тұрғанын айта келіп, 2012 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Беларусь» тіл және мәдениет орталығы жанынан Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығы құрылғанын, 2017 жылы ЕҰУ Беларусь эталонды құқықтық-ақпарат орталығы ашылғанын тілге тиек етті.
Бұл ретте 2018 жылы М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде өзара ынтымақтастық шеңберінде Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығының салтанатты ашылу рәсімі өткені белгілі. Содан бері қос университет арасындағы мәдени-білім беру қарым-қатынасы үздіксіз дамып келеді. Сондай-ақ Беларусь ұлттық техникалық университетінде 2012 жылдан бері Абай атындағы Қазақ тiлi, тарихы мен мәдениеті орталығы жұмыс істейтінін, аталған орталық еліміздің игі істерін насихаттайтын мәдени іс-шараларды өткізуге зор үлесін қосып келе жатқанын айта кету керек.
«Білім беру, ғылым, ұлттық мәдениет арасындағы ынтымақтастығымыз алдағы уақытта бұдан да арта түсіп, екі оқу орны студенттерінің арасындағы ғылыми-мәдени мүмкіндік дами түседі», деді БМАРУ бірінші проректоры Сергей Дик.
Маңызды мәслихат барысында ЕҰУ мен БМАРУ арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Мақсат – екі дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, білім алудың жоғары деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өңірдегі дамуы және ұзақ мерзімді бағдарлануды қамтамасыз ету. Меморандум шеңберіндегі келісімдерге сәйкес, бәсекеге сай мамандар дайындау, бірлескен зерттеу жобаларын әзірлеу, академиялық мобильділік және басқа да бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыру.
Салтанатты шара барысында Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовқа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Жоғары оқу орындары арасындағы келісімдерді халықаралық деңгейде кеңейту тек екі дипломды мамандар шығару емес, сонымен қатар жас ғалымдарға стартап идеяларды нақты жобаларға енгізуге қолдау көрсетуді көздейді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»