Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері 137.8 млрд теңгенің келісіміне қол қойды

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер мен инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының бірі «PROTECTING BUSINESS AND INVESTMENT»  жобасы болып отыр.

Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері 137.8 млрд теңгенің келісіміне қол қойды

«Жобаның мақсаты қолайлы инвестициялық ахуал жасау, бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру. Қаржыгерлерді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі толық сүйемелдейді. Құқықтық қорғау, бизнес үдерістерін оңтайландыру, реттеушілік ықпал ету, қоғамдық бақылау және инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру басты бағыт болып табылады», дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Амангелді Сатанов.

Оның айтуынша, департамент барлық қолжетімді ресурстарды тиімді пайдалана отырып, бизнес-қоғамдастықты және инвесторларды кез келген «қысымнан» қорғауға барынша ықпал етіп келеді. Жасалған келісімдер шеңберінде тараптар өздеріне бірқатар міндеттемелер алған. «Радуга», «Мәмбетов және К», «BioOperations», «Тайынша май», «ЕМС –агро», «Северный строитель», «Казмел», «Голуб», «Shi Yan De Rui Gong Mao Co» сияқты жергілікті, шетелдік инвесторлармен 137.8 миллиард теңгенің  келісіміне қол жеткізілген. Соңғы кездері шағын және орта бизнес өкілдерінің жобаның кеңсесіне белсенді түрде жүгінуінің арта түскені байқалады. Жобаны іске асыру басталғаннан бері облыс кәсіпкерлерінен 26 өтініш келіп түскен. Мысалы, «BioOperations» ЖШС-і шетелдік жұмысшыларға виза беруге қатысты өтініш білдіріп, мәселе оң шешілген. «Protecting Business and Investments» кеңсесі мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы «АГРОТРАК» жеке кәсіпкерлігі үшін өнімге алым төлеу жайын ретке келтірген. «Оператор РОП» ЖШС-нің өнімдер тізбесіне өзгерістер енгізу туралы өтініші мақұлданған. Сол сияқты тауарлар импортымен айналысатын кәсіпкерлер үшін де бірқатар қолайлы жағдайлар жасалған. Жер телімдерін ресімдеуге қатысты «Голуб» ЖК-нің өтініші қанағаттандырылған. Атқарушы органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде «Гусельников» шаруашылығының жер учаскесі координаттары заң талаптарына сәйкестендіріліп, жер учаскесіне билік ету құқығы қалпына келтірілген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы