− Искандер Ерманұлы, ЦЭТТ (цифрлы эфирлік телехабар тарату) енгізу жобасын іске асыру әлдеқашан басталып кетті. Былтыр Қазақстанның үш облысында аналогты эфирлік хабар тарату өшіріліп, цифрлы эфирлік телехабар таратуға 100% өтті. Жүргізілген жұмыстар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берсеңіз... Өшіруге дайындық барысында қандай қиындықтар кездесті?
− Қазақстанда аналогты эфирлік хабар таратуды өшіріп, цифрлы эфирлік хабар таратуға көшу бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. 2018 жылы аналогты эфирлік хабар таратуды өшіру және цифрлы эфирлік телехабар таратуға көшу Қазақстанның үш облысында іске асты. Енді Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары сапалы цифрлы телевизияға еркін қол жеткізіп отыр. Үш облыста ЦЭТТ енгізу жобасын сәтімен іске асыру үшін 144 радиотелевизиялық станса құрылысы салынып, жаңғыртылды. Осының нәтижесінде цифрлы эфирлік телехабар таратумен қамту аймағына үш облыстың 99,8% халқы кірді.
− 2018 жылы үш облыста аналогты телехабар таратуды өшіргеннен кейін ЦЭТТ қамту аймағына кірмей қалған елді мекендер бойынша не айта аласыз? Олар үшін сапалы телевизия қолжетімді ме? Елді цифрлы қабылдағыштармен қамтамасыз ету жөнінде қандай жұмыстар жүргізілді?
− Аналогты хабар тарату өшірілген үш облыста 40 елді мекен цифрлы эфирлік телехабар таратумен қамтылмай қалды. Көрсетілген ауылдардың тұрғындарына еркін қолжетімділік беру үшін «Қазтелерадио» АҚ мамандары сол өңірлердің облыстық және аудандық әкімдіктерімен бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде үш облыста 2700 үй шаруашылығы «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизияға қосылды.
Халықаралық тәжірибені және цифрлы эфирлік хабар таратуға көшуді жүзеге асырған елдерде ЦЭТТ-қа көшу қорытындыларын ескере отырып, елді цифрлы қабылдағыштармен қамтамасыз етуде дүрлігуге жол бермеу шаралары қабылданды. Өңірлерде қабылдағыштардың қажетті санына жетіспеушілік болмауы үшін тұрақты негізде сату нүктелерінде абоненттік жабдықтың бар-жоқтығына мониторинг пен талдау жүргізіліп тұрады. 2018 жылы аналогты телехабар таратудан Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы өшірілді. Бұл өңірлерде елді цифрлы эфирлік қабылдағыштармен қамтамасыз ету үшін 98 сауда нүктесі ұйымдастырылып, олар «Sulpak», «Technodom» және «Alser» сияқты электроника дүкендерінің ірі желілері арқылы сатылымға шығарылды.
Сонымен қатар жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, атаулы әлеуметтік көмек алуға тіркелген отбасыларды цифрлы қабылдағыштармен қамтамасыз ету бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Үш облыста ғана шамамен 40 мың отбасы цифрлы сигнал қабылдағышты тегін алды, Маңғыстау облысында абоненттерге 1900 қабылдағыш берілсе, Жамбыл облысында – 8975, Түркістан облысында – 27 509, ал Шымкент қаласында 1125 қабылдағыш тегін тапсырылды.
– Осының бәрі халыққа қалай түсіндірілді? Үш облыстың халқы аналогты телехабардың өшірілуін қалай қабылдады? Абоненттер қоғамның call-орталығына қаншалықты жиі хабарласады және қандай сұрақтарды көбірек қояды?
− «Қазтелерадио» АҚ, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, сондай-ақ аудандық және облыстық әкімдіктермен бірге бірлесе күш қосып, республиканың барлық облысында халықты ақпараттандыру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында және «Қазпошта» бөлімшелерінде жарнамалық бейнероликтер ойнатылады. Сондай-ақ республикалық және өңірлік телеарналар мен радиостансаларда бейне-аудиороликтер айналдырылуда. Жергілікті әкімдіктердің қолдауымен роликтер қалалардың LED-дисплейлерінде көрсетіледі, жарнамалық билбордтар орнатылған. Республикалық және өңірлік БАҚ-да цифрлы эфирлік хабар таратуға көшу туралы мақалалар, лифлеттер мен ақпараттық хабарламалар жарияланып тұрады. Сондай-ақ цифрлы эфирлік хабар таратуды әлеуметтік желілерде жылжыту мен таныту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тұрақты түрде филиалдардың қызметкерлері жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, азаматтармен кездесу үшін елді мекендерге сапарларға шығады.
Үш облыста аналогты телехабар таратуды өшіру қорытындылары бойынша call-орталыққа хабарласқандар саны күрт артқан. Өткен жылдың 22 қазанынан 31 желтоқсан аралығында «193» нөміріне цифрлы эфирлік телехабар тарату бойынша 10212 қоңырау түскен. Сұрақтардың бәрі кеңес алу сипатында болған. ЦЭТТ бойынша call-орталыққа жүгінгендердің ең көп саны 2018 жылдың желтоқсанына тиесілі, 5500 абонент цифрлы қабылдағыштарды күйге келтіру, қосылуға өтінім беру және басқа да мәселелер бойынша хабарласқан.
− Аналогты телехабар таратуды 2019 жылы қай облыстарда өшіру жоспарланып отыр? Осы облыстарда аналогты өшіруге дайындық барысы туралы толығырақ айтып берсеңіз...
− 2019 жылы аналогты хабар таратуды өшіріп, цифрлы эфирлік хабар таратуға көшу Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында жоспарланып отыр. ЦЭТТ енгізу бойынша жобаны табысты іске асыру мақсатында аталған облыстарда 1784 елді мекенді қамтитын 178 радиотелевизиялық станса салынып, жаңғыртылды.
Алматы облысында 1 млн 963 мың халқы бар 772 елді мекенді қамтуға мүмкіндік беретін 90 РТС орнатылды. Облыста цифрлы эфирлік телехабар таратуды енгізу жөніндегі жобаны іске асыру толығымен аяқталғанын атап өткім келеді. Қазіргі сәтте Талдықорған қаласында цифрлы эфирлік хабар тарату желісінде 30 шақты телеарна, ал облыс орталығынан төмен елді мекендерде 15 шақты телеарна қолжетімді.
Павлодар облысында да ЦЭТТ енгізу жөніндегі жобаны іске асыру аяқталды. Қазіргі кезде облыста 385 елді мекен бар, оның 356-сы цифрлы эфирлік хабар таратумен қамтылды. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін облыста 29 радиотелевизиялық станса құрылысы салынып, жаңғыртылды. Сонымен қатар ЦЭТТ қамту аймағына кірмейтін 29 елді мекенде сапалы телевизияға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл елді мекендерде 1600-ден астам абонент «OTAU TV»-ға тіркелді. Облыс бойынша «OTAU TV» ұлттық жерсеріктік телевизиясына қосылу саны 45 мыңнан асты.
Қостанай облысында аналогты телехабар таратуды табысты түрде өшіруді ұйымдастыру мақсатында 59 РТС салынып, жаңғыртылды, оның 32-сінің құрылысы жаңадан салынған. РТС саны цифрлы эфирлік хабар таратумен облыстың 98% халқын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз – облыстың 627 елді мекені. 49 елді мекен ЦЭТТ сигналын қабылдау аймағына кірмей қалды, бұл шамамен 2000 үй шаруашылығы. Олардың ішінен 1500 үй қазірдің өзінде OTAU TV ұлттық жерсеріктік телевизиясына қосылып тұр.
Халықаралық тәжірибені және цифрлы эфирлік хабар таратуға көшуді жүзеге асырған елдерде ЦЭТТ-қа көшу қорытындыларын ескере отырып, елді цифрлы қабылдағыштармен қамтамасыз етуде дүрлігуге жол бермеу шаралары қабылданды. Өңірлерде қабылдағыштардың қажетті санына жетіспеушілік болмауы үшін тұрақты негізде сату нүктелерінде абоненттік жабдықтың бар-жоқтығына мониторинг пен талдау жүргізіліп тұрады.
Сондай-ақ үш облыста әкімдіктермен бірлесе атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларды цифрлы қабылдағыштармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүргізілді. Алматы облысында 4967 отбасына қабылдағыштар берілді. Биыл үш облыста 4 мыңнан астам отбасыға цифрлы қабылдағыш тапсырылады деп жоспарланған.
Цифрлы эфирлік телехабар таратуды енгізу бойынша жобаны іске асыру «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқанын тағы бір мәрте атап өткім келеді. Бұл бағдарламаға сай 2021 жылға қарай Қазақстан толықаналогты хабар таратудан бас тартатын болады.
Әңгімелескен Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»