Сол сұрапыл майданда «Қара майор», «Айбарлы» аттарымен жауының үрейін ұшырып, қаруластарының мақтанышына айналған әйгілі командирдің соғыстағы ерлік жолы аңызға бергісіз ақиқатпен өрілген еді.
«Қара майор» басшылық еткен 177-ші жасақ Қапшағайда құрылып, жауынгерлік қызметі барлау іздестіруге, торуыл операциялары мен ашық ұрыс қақтығыстарына бағытталды. 1982 жылғы мамыр айының соңында Б.Керімбаевтың сарбаздары Паншер шатқалы үшін кескілескен шайқастарда Ахмад Шах Масудтың әскеріне бір жылдай тойтарыс беріп, ауған командирін алғаш рет Кеңес әскерімен келіссөзге келуге мәжбүр етті. Ең бастысы, жауынгерлік шығыны ең аз болған командирлердің арасында Керімбаев айрықша аталатын.
Командирдің соғыстан кейінгі естеліктеріне талдау жасасақ, оның әрбір сөзінен жауынгерлердің бас амандығын сақтап қалуға тырысқан әкелік мейірім байқалатын. Сондықтан болар, сарбаздары Борис Төкенұлын «Әкей» деп атап келді. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайланның «Біз болған соғыс» атты кітабында Б.Керімбаевтың мынадай естелігі келтірілген: «7 қараша күні батальонды екінші рет ұрысқа бастап кірдім. Бұл өңірдегі өкіметке қарсы отрядтардың бастығы генерал Маклави Кара еді. Олардың саны өте көп әрі соғыс техникасымен мол қаруланған. Сосын, жер жағдайын бес саусағындай біледі. Таулы, қыратты жерде олар барыс секілді. Қай жағыңнан бас салатынан болжау қиын. Кешкі сағат 8-де ұрысқа кірген біздер таңғы сағат 5-те қайтып оралдық. Қарсы жақтан біраз шығын болды. Бізден бір жауынгер қаза тауып, бір жауынгер жеңіл жараланды. Соғыс болған соң шығынсыз болмайтыны белгілі. Әрине, өрімдей жасты өлімге қимайсың, бірақ амал не? «Саясаттың құрбаны ғой», деп іштей күбірлейсің де тынасың». Бұл – 1981 жылғы оқиғаны еске алу еді.
Ал кеше «Қара майордың» қазасын көпке жеткізген белгілі журналист, Б.Керімбаев туралы көптеген естеліктер жазған Шоқан Сыздықұлы әлеуметтік желіде: «ГРУ» қаталдыққа үйрететін мектеп. Мен сол мектептің айла тәсілін нәзік жүрегіммен қабылдап, жүрек қалауымен нәзік жүрегіммен соғыстым», деген «Қара майор» ағамның бүгін таң алдында нәзік жүрегі тоқтады. «Балам, елім барда ұлылық ескерусіз қалмайды», деп еді соңғы кездескенде. «Аспандай берме, жерден ұзап кетесің. Жерден ұзап кетсең – елден ұзап кетесің. Елден ұзап кетсең – барсакелмеске кетесің», деп ұрысып-ұрысып алушы еді. Бүгін міне, аңыз адам Борис Төкенұлы Керімбаев келместің кемесіне мініп барсакелмеске аттанып кетті.
Қош бол, аға!», деп жазды.
Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдаған. Ал Ауғанстанда қызмет атқарған 1980-1983 жылдары дала командирлеріне лайықты қарсылық көрсете білді. Тіпті, жоғарыда аталған Паншер шатқалы үшін айқаста қазақ командирінен айласы мен әдіс-амалын асыра алмаған Ахмад Шах Масуд өзінің басты қарсыласы санаған Борис Керімбаев – «Қара майордың» басы үшін 1 млн АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған. Бірақ тағдырдың жазуымен тек соңғы жылдардағы сырқатын айтпағанда, Борис Төкенұлы 71 жасқа дейін шаршамай жетті.
Өткен аптада ғана Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Әскери-клиникалық госпитальде жатқан даңқты командирдің көңілін сұрап барып, Қазақстанның әскери барлауы алдындағы еңбегі үшін «Алтын үкі» төсбелгісін, алғыс хат, бағалы сыйлық табыс етіп, тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген болатын. Бұл – «Қара майордың» өміріндегі соңғы марапаты екен.
Ақиқатына келгенде, Б.Керімбаевты Кеңес Одағының батыры немесе тәуелсіз Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағына лайық санайтындар аз емес. Мұны Ауған соғысының ардагері Шәріпбай Өтегеновтің мына жазбасынан аңғаруға болады: «Міне, ауған қозғалысы мен өз атын қызметтік мансабы мен бас пайдасы үшін пайдаланбаған парасатты батырлардың бірегейі өтті өмірден... Ол өз жауынгері Николай Задорожныймен бірлесіп Қазақстандағы алғашқы республикалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымын құрып, бізді жұдырықтай жұмылдырып, біріктіре алды. Өкінішке қарай, біз Сіздің ұйымыңызды сақтап қала алмадық, сол үшін де кешір бізді, Әкей...». Осыған қарап-ақ Борис Төкенұлының қоғамдық қызметін бағалауға болады.
Майданда «Қара майор» атанғанымен, әскери салада полковник шенімен отставкаға шыққан даңқты батыр көзі тірісінде бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»