Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Шымкентте жетекші партия филиалы жанынан «Өмір сапасын ұзарту орталығы» ашылады

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта Шымкент қаласында «Өмір сапасын ұзарту орталығы» ашылады. Бұл туралы Шымкентте өткен «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясында филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов мәлімдеді.

Шымкентте жетекші партия филиалы жанынан «Өмір сапасын ұзарту орталығы» ашылады

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының онжылдықтағы басым бағыттары «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында Шымкент қалалық партия филиалы «Қазақстан халқы Ассамблеясы», жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денешынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып осындай орталықтардың жұмысын бастамақшы. Аталған орталық зейнеткерлер мен әлеуметтік әлсіз топтағы адамдарды қолдауды күшейтіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын сақтауға бағытталған.

Конференцияда жетекші партияның жасампаз 20 жылдағы жетістіктері сараланып, 10 жылдық бағдарлама жобасы таныстырылды. Партия  жиынына қала әкімінің бірінші орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының Бюро мүшесі Қайрат Нұртай, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және өкілдері, партия ардагерлері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

«Қалада барлық салада бақылау күшейтілуде. Бағдарламада айтылған мақсаттардың бәрі де өзекті. Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық өсімді молайту. Қала активіне алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар беріледі. Алда партияның 20 жылдық жетістігіне арналған тарихи сьез өтпек. Осынау маңызды жиынға қатысатын делегаттарға сәттілік тілеймін», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.  

Шымкент қаласында бүгінде 21 845 партия мүшесі бар, олар 43 бастауыш партия ұйымдарында тіркелген. Қалалық филиал конференциясына 334 делегат сайланып, оның 321-і қатысты.

Жиында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалынан 60 делегат сайланды. Делегаттардың бәрі де тізім мүшелерін бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Нұршат ТӨКЕН,

 «Egemen Qazaqstan»

Шымкент