Естеріңізге сала кетейік, тұсаукесер кездесуінде америкалық Анна Затонскихты ұтқан қазақ қызы келесі ойында франциялық Мари Себагпен тең түскен еді. Үшінші кезеңде ол ресейлік Александра Костенюкке есе жіберсе, төртінші турда грузиялық Бела Хотенашвилиден басым түсті. Алайда одан кейін Жансаяның жолы оңғарылмай-ақ қойды. Осының алдында ғана АҚШ шахматшысы Ирина Круштан ұтылған ол бүгін Үндістанның өкілі Харика Дроноваллиден жеңілді.
Осы қос сәтсіздіктің салдарынан Жансая Әбдімәлік алтыншы орынға сырғып түсті. Оның еншісінде – 2,5 ұпай бар. Ал көш басындағы жағдай өзгеріссіз. Бірінші және екінші орындарды Ресейдің қос жұлдызы олжалауда. Қазіргі кезде Александра Костенюк пен Валентина Гунина 5 ұпайдан еншілеуде. Үшінші сатыға табан тіреген америкалық Ирина Круштың 4,5 ұпайы бар.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»