Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

ШҚО-да 2018 жылы 439 көшенің 200-ден астамына жаңа атау берілді

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылы облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрьская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная көшесі болған еді. Былтыр облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға сараптама жасап, аймақтағы 7765 көшенің 439-ының, 1076 әкімшілік-аумақтық бірліктің 48-інің және 11 мектептің атауы осы санатқа жататындығын анықтаған-ды.

ШҚО-да 2018 жылы 439 көшенің 200-ден астамына жаңа атау берілді

Соның ішінде Өскеменде идеологиялық тұрғыдан ескірген 30 көше, Риддер қаласында 8 көше, Алтай (бұрынғы Зырян) ауданында 68 көше, ал бір ғана Глубокое ауданында Ленин, Комсомол, Совхозная сияқты көшелердің саны – 91 екендігін айтқан еді. Бір жылда не өзгерді? Өзгерістің ең үлкенін – Елбасы Жарлығымен Зырян ауданы мен Зырян қаласының атауы Алтай деп ауысқанын өздеріңіз де жақсы біліп отырсыздар. Өскеменде де сең қозғалып, былтыр Карл Маркс даңғылына Қаз дауысты Қазыбек бидің, Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің, Ордженикидзе көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Революционная көшесіне Қалихан Ысқақтың, Дзержинский көшесіне Әміре Қашаубаевтың, Октябрьская көшесіне Мұхамеджан Тынышпаевтың, Питер коммунарлары көшесіне Лев Толстойдың, Киров көшесіне Антон Чеховтың, Крупская көшесіне Евгений Брусиловскийдің, екі Советская көшесінің біріне Александр Затаевичтің, екіншісіне Адольф Янушкевичтің есімдері берілді. Бұдан бөлек Лениногор көшесі Теміржолшылар, Комсомольская көшесі Жастар деп аталды. Семейдегі Ленин көшесі Мәңгілік ел атанды. Мұның бәрі республикалық ономастикалық комиссияның оң батасын алып, құжат жүзінде бекітілген көшелер. «2017-2018 жылдары облыстағы идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға баса назар аудардық. Елді мекендерге, нысандарға, көшелерге адам есімдерін беруге шектеу қойып, танымал тұлғаларға, ұлттық салт-дәстүрлерімізге қатысты атаулар қоюға мән бердік. 2018 жылы жоғарыда аталған идеологиялық тұрғыдан ескірген 439 көшенің 200-ден астамы, ал әкімшілік-аумақтық бірліктің 48-інің 9-ының, 11 мектептің 6-ының атауы өзгертілді», - дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісова. Тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелердің біршама азайғанын байқаймыз. Қазір облыста  32 – Ленин, 14 – Киров, 46 - Советская, 22 - Октябрская, 13 – Комсомольская көшесі қалып отыр.

Азамат ҚАСЫМ,

 «Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы