Таным • 14 Ақпан, 2019

Өр рухтың мұрагерлері

1162 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі қазақстандықтар кең тартылған ірі әскери қақтығыс – Ауған соғысы. Биылғы 15 ақпанда кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасы (АДР) аумағынан шығарылғанына 30 жыл толады. Біз, Қазақстандағы 18 мыңдық Ауған ардагерлері үшін бұл – қан майданда көз жұмған қыршын жастарды, қаруластарды қамыға еске алар күн. Бұл – еліміздің әр аймағына ағылған темір табыттардың тоқтаған күні.

Өр рухтың мұрагерлері

Кеңес одағы араласқан Ауған соғы­сы­ның жаңғырығын күні бүгінге дейін Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан сезінуде: бұл жерде радикализм және терроризм идеяларының таралуы, халықаралық есірткі бизнесінің қанат жаюы секілді қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндер туралы әңгіме болып отыр. 

Ауған жұртшылығына ынтымақ пен келісімнің киелі кілтін табуға көмек­те­сіп, бейбіт дамудың жөн-жосығын көрсетіп жатқан бір ел болса, ол – Қазақ­стан. Ауған халқы да қазіргі Қазақ елін тәуелсіз мемлекет, діндес бауыр, достық пейілдегі серіктес ретінде мойындайды, құрметтейді. Бұған мен 2011 жылы Ауғанстанға арнайы сапарым барысында көз жеткіздім. 

Сонда Ахмед шах Масудтың ең сенiмдi адамының бiрi, оның шаруашылық жөнiндегi орынбасары болған Уахиддин Паншери Елбасымыздың сарабдал сая­сатына тәнті екенін айта отырып: Сіздердің көшбасшыларыңыз – жоғары мәртебелі Президент Назарбаевтың даналығы айқын. Ауғанстанға соғыстың қажет еместігін, бейбіт өмірді қалпына келтірудің дұрыстығын ұққан лидер – Назарбаев. Өз заманында ауғандар Ресей мен Үндістанға астық экспорттап отырған еді. Зұлмат соғыстан көз ашпағандықтан, бүгінгі жастар жер жыртып, қауын егуді де ұмытып қал­ды. Болмаса, біздің жұрт дихан халық қой. Ал әлгі зауалды тоқтатуға үлес қо­сып жатқан әлемдегі бірден-бір ел – Қазақстан. Бізге қазақ елі құр сөз­бен емес, іспен көмектесіп, ашыққан ха­лық­­­қа ас беруде. Ауғандықтардың жас ұрпағының көзін ашып, жоғары оқу орындарында оқытуда. Сіздер біздің балаларымызды бір тілім нан үшін минаны қалай қоюды үйретпейсіздер, керісінше, кәсіп меңгеруге жәрдемдесудесіздер. Инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер болсын, оқыған мамандар елді көтереді, ха­лыққа жаны ашиды. Бұл білім бола­шақ­қа қызмет етеді», – деген болатын. 

Келесі 2012 жылдың басында Паншери­дің Қазақстан басшылығының саясатына қолдау білдірген осы аманат сөзін Елбасыға жеткізудің сәті түскен-ді.

1979-1989 жылдар аралығын қамтыған сол қан майдан Ауған халқына да, оған қатысқан қазақстандықтарға да қасірет әкелді. 22 мың 269 қазақ­стан­дық Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысты, олардың 924-і жат жерде қаза тапты. Тағы 23-і ізім-ғайым жоғалып, хабарсыз кетті. Мың­да­ған жігіт елге жаралы оралды. 

Оңы мен солын әлі толық ажырата алмайтын шақтағы, мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан 18-20 жасар жігіттер сол соғыста бастан сипар мейірім таппай, маңдай соры бес еліге қалыңдап, тағдырдан тоқпақ жеді. Кінәсі не еді?! 

Олар соғысқа аттанып бара жатқан­да­рын да білмеді: бастапқыда бәрі құпияда ұсталды. Кейіннен тек «КСРО-ның Ауғанстанға интернационалды көмегі» деп бүркемеленді. Ауған аума­ғы­на алғаш кіргенде, бізге майдан орта­сын­да жүргеніміз жөнінде тіс жа­ру­ға тыйым салынды. Содан елден «ашықхат-открыткалар» келіп жатады, ашып қалсақ, арасынан үш-бес сом су етіп түседі. Хатта: «Айналайындар, мына­ған балмұздақ сатып алыңдар!» деп жазылған. Өмірлер жүздеп қиылып жат­қанда, балмұздақ түгіл, бас қайғы екендігін жұртшылық қайдан білсін?! Тек елге ағылған темір табыттар легі тоқтамағаннан кейін, 1983 жылдың желтоқ­санында ғана КОКП ОК Минис­тр­лер Кеңесінің Қаулысы шығып, Ауған­стандағы әскери қимылдар мойын­дал­ды.

Мұндайды қалай ұмытасың, әлі есімде, Жалалабадта БМП-лар және басқа да әскери техникалар жиі минаға жарылатын, тұтқиылдан атқыланатын. Біздің 66-шы бригада операцияға бара жатқан жолда бір БМП-ның оң жағынан осындай жойқын жарылыс болды. Колонна тоқтай қалды. Бірнеше жауынгер жүгіріп барып, есігін ашқанда, ішінің қып-қызыл қанға боялғанын көреді. Ішіне кіріп кеткен жарықшақтар десанттағыларға сансыз жарақат салған. Әлдебірінің аяқтарын жұлып түскен. Бұған куә болған солдаттардың бірі естен танып құлады. 

Бір жолы, минаға ұрынған ұрыс машинасының люгін ашып, жүргізушіні суырып алған солдаттар оның денесінің төменгі жағы жұлынып, БМП ішінде қалғанын көргенде, естерінен айырыла жаздады. Мұндай оқиғалар Ауған соғысы барысында талай кездесті.

Ауған жеріндегі ұрысқа қатысқан сардарлар мен сарбаздардың тағдыры адам төзгісіз сынақтармен, азаптармен, қиыншылықтармен тұтасып жатты. Қоғамымыз осындай майдан ортасынан оралған, тауқымет тартқан адамдардың сөзіне құлақ түргені жөн. Олар соғыс өртінің тұтануын қаламайды, қайта бейбіт өмірдің құны мен қадірін түсінеді, қарулы қақтығыстардың ел келешегі үшін үлкен қауіп-қатер екенін біледі. «Қазақстан» мен «соғыс» ұғымдары ешқашан қатар тұрмасын, тел ұғымға айналмасын, дейді. 

Аттай он жылға созылған Ауған соғысы жайында қоғамымыз бірыңғай, бір­ұдай пікірге келе алмады. Алайда Отан алдындағы әскери борышын абы­рой­­мен атқарған жауынгерлеріміздің батыр­лығы күмән тудырмайды. Олар қан майданға ақы алып, жалдамалы әскер ретінде аттанған жоқ. Отанға адал қызмет етемін деп ант бергеннен кейін бас сауғалап қашпады, жанқиярлықпен шайқасты. 

Бұл соғысқа қазақтың талай нар жігі­ті қатысып, құрбан болды. Қара басын емес, қарулас досының өмірін қор­ғау жолында шейіт кеткен бауырларымызды қаһарман деп айтуға толық негіз бар. Біз, тірі қалып бейбіт өмірге оралған Ауған ардагерлері, сол боздақтардың – ерекше рух иелерінің ерліктерін ұмытпай, ел есіне түсіруді өзімізге парыз санаймыз.

Бұл күндері Қазақстанның әр өңірінде «qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының басшылығымен ұйымдастырылған, Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орайластырылған әралуан іс-шаралар өтуде. 

15 ақпанда, АДР-дан соңғы кеңес жауынгерінің әкетілгеніне отыз жыл толатын күні еліміздің бас қаласы Астанада «Еске алу шеруі» өтеді. Оның барысында елордадағы Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылады. Ауған соғысы ардагерлері, олардың отбасы мүшелері, жергі­лікті әскери қақтығыстарда қаза тапқан жауынгерлердің туған-туыс­та­ры, Парламент депутаттары және мемл­екеттің ресми тұлғалары көзі тірі қаһармандарға құрмет-қошемет көр­се­тіп, майдан даласында мерт болған боздақтар рухына тағзым етеді. 

Сондай-ақ «qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының баста­масымен және ардагерлік ұйым­дар­дың қолдауымен, «Keńes áskerіnіń Aýǵanstannan shyǵarylǵanyna 30-jyl» атты арнайы медаль (мерейтойлық төс белгі) тағайындалды. Бұл аталған тарихи оқиғаның 30 жылдығына арналған Қазақстан аумағындағы жалғыз және басты награда болады. Бұл медальмен қазіргі кезде қатары шамамен 18 мың адамды құрайтын еліміздегі барлық Ауған соғысы ардагерлері марапатталады. Айта кеткен жөн, ардагерлер өзара ақылдаса келе, бұған дейін мерейтойға байланысты жоспарланған салтанатты мерекелік концерттен бас тартып, оған қарас­­тырылған қаражатты қайырым­ды­лық шараларына бағыттауға шешім қабылдадық. 

Биыл біз 30 жылдық маңызды датаға арналған сан алуан әскери-патриоттық, спорттық, мәдени және басқа да бұқа­ра­лық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл ретте Ауғанстандағы әскери іс-қимыл­дар­ға қатысушылар мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету шараларына баса көңіл бөлінеді. Тиісті іс-шаралар Қорғаныс министрлігі ұсын­ған, мүдделі мемлекеттік орган­дар­дың Бірлескен бұйрығымен бекітілген «Ауғанстаннан кеңес әскерле­рі­­нің Шектеулі контингентінің шығарыл­уы­ның 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу жөніндегі Негізгі жоспарға» енгізілді. Жоспардың бас­ты іс-шаралары Қазақстанның оң бедел-имиджін нығайтуға, жастарды Ауған ардагерлерінің ерліктері үлгісінде патриоттық тәрбиелеуге бағыт­талған. Себебі Елбасы айтқан­дай, қазақстандықтар ардагерлерден қайсарлықты, қажырлылықты, Отаны­мыз­дың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ еліміз үшін қасық қан қалғанша күресуге дайын болуды үйренеді.

Жасыратыны жоқ, Ауғанстандағы соғысқа қатысушылар бет-бетімен тарыдай шашырап, әрқайсысы өз алдына ұйымдар құрып алған болатын. Бірауыздылық, бірлесе қимылдау жағы ақсап жатты. Енді Ауған ардагерлерінің басын біріктіріп, ынтымақтың жайы­на, бір болудың қамына иліктіріп, ауызбіршілікке келтіріп отырмыз. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір, яғни, халқымызға аянбай қалтқысыз қызмет ету болуға тиіс.

Елбасы белгілеген ұлы мұраттар, жаңа міндеттер жолында жұмылу үшін алғаш рет Ауған соғысы арда­гер­­лерінің республикалық және өңір­лік ұйымдары бұдан былай күш біріктіру және үйлесімді іс-қимыл жасау туралы шешім қабылдады. Бұл іске басшылық ету «qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы ретінде маған жүктелді. Осы мақсатта 2018 жылғы 20 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты ғимаратында Қазақстан Республикасының интернационалист-жауын­­герлерінің ардагерлік ұйым­да­рының Орталық Кеңесінің 

(ҚР ИЖАҰ ОК) І отырысы өтті. Орталық кеңеске еліміздің барлық өңірлерінен республикалық және өңірлік ардагерлік ұйымдардың басшылары кіріп отыр. Кеңес өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу, ардагерлерді әлеуметтік-медициналық қолдау және басқа да өзекті мәселелер бойынша әрі қарайғы жұмыстарды үйлестіреді.

Бүгінде ардагерлеріміз және «qazaqstan ardagerleri» қауым­дастығы мен басқа да ардагерлер ұйым­дары Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Қорғаныс министрлігі құрған «Жас сарбаз» бала­лар-жасөспірімдердің әскери-патри­от­тық қозғалысын дамытуға, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту міндетін орындауға белсене қатысуда. 

Мен барлық Ауған ардагерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне денсаулық, бақыт және ынтымақ-береке тілеймін. Біздің Отанымызда әрдайым бейбіт өмір, келісім мен бірлік салтанат құрсын!

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы