Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметкерлерінің осындай тынымсыз еңбегін ескеріп әрі бағалай келіп, тиісті ынталандыру шараларын белгілегені мәлім. Бұл осы салада қызмет етіп жүрген денсаулық сақшыларының мерейін бір көтеріп тастағаны анық. Қазіргі кезде тұрғындарға аталған көмекті көрсетуде медбикелердің рөлі жоғары. Өмір мен өлім айқасқан сәтте медициналық-санитарлық көмектің сапалы әрі жедел болуы өте өзекті.
Осы орайда Ақтөбе қаласындағы алғашқы жедел жәрдем ауруханасының бас медбикесі Жұмасұлу Қияқбаева былай дейді.
− Тәні қиналған адамға шұғыл медициналық көмек беру – парызымыз. Бұл өзім секілді орта буын медицина қызметкерлері үшін өте жауапты әрі көкейкесті мәселе деп білемін. Жолдауда айтылғандай учаскелік медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыда ынталандыру, жалақыларын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейту – олардың өз қызметіне деген құлшынысы мен ынтасын көтереді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі денсаулық сақтау саласындағы ауыр да күрделі буындардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының қолдауы бізге үлкен сенім сыйлады.
Бүгінде ауруханаларда орта буын медицина қызметкерлерінің атқаратын жұмыс ауқымы арта түсті. Дәрігер тағайындаған нормалардың іске асуын жүйелі жолға қою және дәрігер кепілдемесінің толықтай орындалуын бақылау медбикелердің бірінші кезектегі міндеті болып қала бермек.
Орта буын медицина қызметкерлерінің саладағы ағарту-түсіндіру жұмыстарына араласа бастауы олардан кәсіби шеберлік пен біліктілікті, өзін-өзі ұдайы жетілдіру талаптарын күтеді. Сондықтан медбикелер тұрғындармен жүргізілетін жұмыс кезінде әркімнің өз денсаулығын күте білуі, аурудың алдын алу және саламатты өмір салтын сақтай білуге үндеу секілді мәселелерге тереңірек мән беруінің пайдасы зор болмақ. Сонымен бірге медбикелердің мамандығын көтеру мен жетілдіру жөніндегі шаралар алға қойған мақсаттарды орындап шығуға өз ықпалын тигізе алары анық.
Президент Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі − медицина мекемелерін цифрландыру. Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында бұл мәселе шешімін тауып үлгерген. Бұл жағымды жайт өз кезегінде жұмыс сапасының артуына көмегін тигізбек. Айталық, бұған дейін орта буын медицина қызметкерлері қызмет уақытының біраз бөлігін қағаздан үйілген құжаттар мен ауру тарихын жүйелеуге жұмсап келсе, цифрландыру енгізілгеннен кейін олар үнемделген уақытын пациенттердің жай-күйіне жан-жақты әрі тереңірек көңіл аударуға бөле бастады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ