14 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстанда ет экспортының жайы сын көтермейді

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдікте ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының кеңейтiлген алқа мәжілісінде көптеген кемшіліктер атап көрсетілді.

Солтүстік Қазақстанда ет экспортының жайы сын көтермейді

Былтыр агроөнеркәсіп кешеніне  82,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша республика бойынша бірінші орынға шыққанымен, олқылықтардың да шаш-етектен екені аудан әкімдері мен тиісті ведомоство басшыларының бетіне басылды. Мәселен, ет экспортының жайы мүлдем сын көтермейді. Былтыр бұл көрсеткіш  33,6 процентке ғана игеріліпті. Сыртқа бар-жоғы 504,4 тонна жіберілсе, бұл жұмыстар Тимирязев , Айыртау, Шал ақын аудандарында өте сылбыр жүргізілген. Тапсырманы тек М. Жұмабаев пен Уәлиханов аудандары ғана орындаған.

Басқа салалар да ақсап тұр. 1483 бас мал бруцеллез ауруына шалдыққан. 1130 құқық бұзушылық анықталып,  әкімшілік жауапкершілікке тартылған 270 адамға 6,1 млн. теңге айыппұл салынғанына қарамастау ілгерілеу баяу. Сондай-ақ Айыртау, Есіл, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев аудандарындағы ветеринария бөлімдерінің мамандары өз жұмыстарын қажетті деңгейде атқармайтыны қатаң  сынға алынды. Мәселен, облыс орталығында жоғарыда аталған аудандардан 57 тұлға ауру малдың етін саудаға шығарған. 106 бордақылау алаңының басым бөлігі ветеринарлық және санитарлық талаптарға сай емес. Бұл қосындарда сойылатын малды тексеретін мамандар тапшы.

Мақсатсыз пайдаланылатын есістік жерлерді қайтару, мемлекет меншігіне алу сылбыр жүргізілуде.  Ағашы шіріп,тазалауда қажет ететін 22 мың гектар орманды алқаптың жайы да дабыл қағарлық. Бірқатар аудандарда әлі күнге дейін қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін арнайы орын әзірленбеген.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы