14 Ақпан, 2019

ЕҰУ-де Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті

619 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттары «Жастар жылына» орай ұйымдастырылған жиында тың идеяларға негізделген бірнеше жоба ұсынды.

ЕҰУ-де Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Шараға университеттің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов, осы оқу орнындағы оқытушылар мен студенттер қатысты. Жас азаматтар өздерінің ерекше жобаларын таныстыру мақсатында баяндама жасады.

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек «Ел ертеңі – белсенді жастар», тарих факультетінің студенті Жанболат Хайруллин «Start-up» бизнес инкубатор жобаларымен таныстырса, Халықаралық қатынастар факультетінің студенті Джон Нгуен  ЕҰУ халықаралық беделін арттыру мақсатында, «БҰҰ моделі» атты конференциясын іске асыру керектігін жеткізді. («БҰҰ моделі» – жас дипломаттар үшін жарқын әлем туралы ортақ көзқарастар барысында өзара сайыса алатын платформа). Жастар бүгінгі күннің мәселесін көтеріп, жобалары болашақта қолдау табатындығына сеніммен қарайды.

Жаратылыстану ғылымдары факультетінің оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ботагөз Сүлейменова «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен ЭКСПО–2017 көрмесінде жоғары бағаға ие болған Fresh & Free (cуды қайта өңдеу) жобасымен таныстырды. Су тапшылығы мәселесі  алдағы уақытта  агро сектордың дамуына үлкен кедергі келтіретіні белгілі. Осы орайда, жоба өндірістегі суды қайта өңдеу және жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз ете отырып, өндірістік және әлеуметтік проблемаларды шешуді көздейді.

Сонымен қатар жиын соңында Ерлан Сыдықов ұсынылған идеялардың шешімі табылатындығын, студенттерге арнайы «Спорт кешенін» және 3000 орынды жатақхана салу жоспарда тұрғанын жеткізді.

Алтынай ҚАНАТҚЫЗЫ,

студент