Департамент басшысының айтуынша, өткен жылы Шымкенттегі 118 тойхана 206 миллион теңге мүлік салығын төлеуі тиіс болған. Алайда, сол қаржының тек 38 миллион теңгесі ғана қазына қоржынына түскен.
Бір қызығы, бұл тізімде Шымшаһарда бақуатты адамдар дүркіретіп той беретін «Royal Rose» тойханасы бар екен. Мұнан бөлек, «Екі жұлдыз», «Ұлытау» тойханаларының қожайыны 2018 жылғы салық төлемі ретінде есептелген 7,8 миллион теңгенің 380 мың теңгесін ғана төлеген. Тіпті, қос ғимараттың иесі салық мекемелеріне алып тойханада 3 адам жұмыс істейді деп есеп беріп келген.
Бір сөзбен көптеген тойхана, мейрамхана, кафе қожайындары өз қызметкерлерінің нақты санын жасырып, ел қазынасына түсер қаржыны өз қалталарында сақтап қалуға тырысқан.
Базардағы саудагерлер де түрлі жолдармен қулығын асырып отырған. Мәселен, шаһардағы «Дархан» базарында киім-кешек сататын кәсіпкер жылдық салық төлемдеріне 720 теңге төлейді екен. Ал, «Ескі қала» шағын ауданында құрылыс заттарын сататын екі азамат осы күнге дейін жылына 10-12 мың теңге төлеп келген.
Осыдан ілгері бірқатар жеке кәсіпкерлер салық төлеудің қыр-сырын толық білмейтіндігін айтып, ақталған болатын. Азаматтардың бұл өтінішін ескерген департамент өкілдері олардың құжат дайындауына көмектесуге дайын екендіктерін жеткізген еді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент