Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Жыл сайын ажырасу санының ұлғаю үрдісі байқалады - Динар Нөкетаева

693 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат отырысында депутат Динар Нөкетаева ажырасудың көбейіп кеткенін айтып, мәселе көтерді. 

Жыл сайын ажырасу санының ұлғаю үрдісі байқалады - Динар Нөкетаева

Сенатор өз сөзінде Әділет министрлігінің ақпаратына тоқталып, соңғы бірнеше жылдағы неке және ажырасу мәліметін келтірді.

 

 «2016 жылы елімізде 140 840 неке тіркеліп, 51 775 неке бұзылған, 2017 жылы 141 785 неке тіркеліп, 54 948 неке бұзылған, ал 2018 жылы 138 876 тіркеліп, 54 859 неке бұзылған. Бұзылған некелер сәйкес жылы тіркелген некенің 2016 жылы 36,8%-ын, 2017 жылы 38,7%-ын, ал 2018 жылы 39,5%-ын құраған. Жыл сайын ажырасу санының ұлғаю үрдісі байқалады. Мәселенің күрделісі, 2018 жылдың ішінде шаңырақтары шайқалған 109 мыңға жуық адамның 80 пайызға жуығында балалары бар», деді ол.

Динар Нөкетаева балалар ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетінін атап өтіп, депрессияға ұшырайтынын және дамуының артта қалуына бейім болатынын айтты.

«Ұлттық құндылықтарды қастерлеудің заңдық жауапкершілік нормасын енгізу бүгінгі күннің талабы деп есептейміз. Некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан алынатын мемлекеттік баж салығының жоғарылауы ерлі-зайыптылардың ажырасуға деген ниетін төмендету шараларының бірі болары анық», деді депутат.

Сондай-ақ Сенатор Өзбекстан үкіметі елдегі ажырасу көлемі 10% шамасында ғана екендігіне қарамай, 2018 жылы некені бұзу туралы талап арыздардан алынатын мемлекеттік бажды төрт есеге ұлғайту туралы шешім қабылданғанын айтып өтті. «Егер бұрын ажырасқысы келетін адамдар ең төменгі жалақы мөлшерінің 50%-ын төлеген болса, енді оларға 200%-ын төлеу керек. Сонымен қатар, некені қайта бұзу туралы арыздардан мемлекеттік баж ең төменгі жалақы мөлшерінің 120%-нан 400%-ға дейін артқан» деді ол.

Д.Нөкетаева  еліміздегі жағдайға тоқталып, некені бұзуға берілетін мерзімді ұзартуды ұсынды.

«Салық кодексінің 610-бабына сәйкес, некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан 0,3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 757,5 теңге ғана мемлекеттiк баж алынады. Сонымен қатар, «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 19-бабының 3 тармағында, ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады делінген. Іс жүзінде соттар ерлі-зайыптыларға татуласуға қосымша уақыт беретін болса, неке бұзылу саны азаяры сөзсіз».

Бұдан кейін Сенатор Жоғарғы соттың бастамасымен қолға алынған «Отбасылық сот» пилоттық жобасының қызметіне тоқталып, оның тиімділігі туралы әңгімелеп берді. 

«Судья істі қарап қана қоймайды, басты ұстаным ретінде ерлі-зайыптыларды қайта табыстыруға күш салады. Яғни, міндетті түрде сотқа арнайы тартылған психологтың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Нәтижесінде, ерлі-зайыптыларды татуластырумен аяқталған істер саны артқаны байқалады. Осы жоба еліміздегі барлық сот жүйесіне енгізілсе, оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық.

Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болып табылатын ұлттық құндылық. Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылдануы керек. Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет деп есептейміз», деді Динар Нөкетаева.