15 Ақпан, 2019

Төрткүл дүниеге төрелік танытқан

641 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемде сот көп. Бірақ соттың да соты бар кей­­­бі­рінің қауқарына қарай қаулысы да қа­рымды келеді. Соған орай оларға араша із­деп, жүгінетіндер көп. Әсі­ресе экономикалық, қыл­мыстық, азаматтық істерді жиі қарайтын бұл соттарға үміт те зор. Өйт­кені олардың негізгі міндеті – адам құқын қор­ғап, заң үстемдігін орнату. Бұл жағ­дайда оң шешімге жету үшін ірі мемлекеттердің өзі де, басына іс түскен азамат та көмек сұрап, халық­аралық соттарға барады. Ал бұлардың шығар­ған ше­шімд­ерінің бәрі әділетті ме? Олардың орын­­далуы қалай жүзеге аспақ?  

Төрткүл дүниеге төрелік танытқан

Ұлттық заңдарда адам құқы ең басты орын­да тұрса да, оның қорғалуы әрқашан сол деңгейде бола бермейді. Тіпті өз мем­­­­лекетінде немесе екінші бір мемлекет­те адам құқы бұзылып, аяққа тапталып жатуы да әбден мүмкін. Сондайда адам құқының, оның дүние-мүлкінің, қар­жысының халықаралық деңгейде қор­ғалуын, сақталуын қажет етеді. Ондай дәрмені мен пәрмені зор ұйымдар халық­аралық соттар ретінде айқындала түседі. Мәселен, қайсыбір ірі мемлекеттер де, кәсіпкерлердің дені де Лондон сотына жүгінеді. Немесе Швецияның Стокгольм сотына талап-арыз түсіреді. Одан қала берді АҚШ федералды сотына және т.б. жерге шағымданады. Неге? 

Әрине бұл сұрақты әртүрлі талдауға болар. Бірақ шындығына келгенде талап-арыз беруші адамдар неге өз елінің сотына емес, керісінше, ағылшын не басқа сотына шағымдануға деген ниет, ұмтылыс пайда болады? Ал бұл ұмтылыс оның өз еркі дейік. Алайда ағылшын соты оны неге қарауына алуы тиіс? Олай дейтініміз, егер мәселе қаржыға тірелетін болса, жауапкердің бар салымы өз елінде болмауы мүмкін ғой. Және көптеген елдердің миллиардерлері неліктен өз елдерінің соттарына сенбей, Лондон сотына немесе Стокгольм сотына өз еріктерімен құлақ асады? Ал оның сыры сол соттардың өзіндік артықшылығы мен басымдылығында жатқаны жасырын емес. Оның үстіне, бұл үрдіс орасан зор қаржы айналымына байланысты деген пікір де айтылады. 

Бұл орайда талап берушінің де үміті мен сенімі зор екенін ескеру керек. Мәселен, ағылшын сотына талап арыз берген адамның шағымы қа­нағат­тандырылды дейік. Алайда жауап­кердің салымы Англияда болмай шығады. Бұл мәселе талап-арыз берушіге ешқандай кедергі келтірмейді. Өйткені Лондон соты экономикалық істерді жиі қарайтындықтан, ол шығарған шешімдер тек Еуропа одағында ғана орындалып қоймайды, өзге көптеген елдерде, яғни сот шешімі ол елдермен екіжақты келісімге сай ұлттық соттар арқылы жүзеге асырыла береді. Сондықтан Лондон сотының құрығы ұзын екенін ел-жұрт жақсы біледі. Оған қоса, Лондон әлемдегі ең ірі қаржы орталығы. Себебі жоғарыда айтылған елдермен қатар, барлық офшорлық аймақ­тарды да қамтиды. 

Лондонның қаржы сотына талап-арыз беруден Қазақстан да қалысар емес. Бұл сотқа шағымданғандардың санын жыл сайын Portland Communications агенттігі жариялап тұрады. Соның ақпаратына қарасақ, соңғы жылдары Ресей шағымданушылар саны бо­йынша АҚШ және Қазақстанмен жарыса отырып, тұрақты түрде екінші-үшін­ші орынды иеленіп келеді екен. Ал әлемдегі алғашқы бестікте Қазақстан тіпті Ресейді де басып озыпты. Солардың бәрін тізбей бір-екі мысалға тоқталсақ. Лондон соты «Қазақстан қағазы» АҚ-ның бұрынғы акционерлеріне қарсы шағымын қанағаттандырған болатын. Ол талап-арыздың жалпы сомасы 260 миллион АҚШ долларын құраған еді. Сондықтан сот компанияның бұрынғы акционерлерінің бірі М.Әріптің 95 мил­лион АҚШ доллары көлеміндегі активтеріне және оның 17 миллион АҚШ долларына бағаланған тұрғын үй ғимаратына бұғау салды. Осылайша, аталған Лондон сотының шешімі «Қазақстан қағазы» АҚ-ның зейнетақы активтері бойынша борышын қайтаруына шынайы мүмкіндік тудырған көрінеді. Тағы бір атышулы жағдайды айтпасқа болмас. Онда Ұлттық қор қар­жысының бұғатталуына себепші болған мол­довалық миллиардерлер Ана­тола мен Габриэля Стати кезінде Сток­гольм сотына шағымданған.

Стати кәсіпкерлік құқым бұзылды деген желеумен Швецияның төрелік соты арқылы Қазақстаннан 4 миллиард доллар талап еткен. Стокгольмнің сауда палатасы аясында құрылған сот Қазақстан тарапы халықаралық талаптарды бұзуы арқылы келтірген залалды өтеуі үшін Стати мен оның компаниясына 500 миллион доллар төлеуі тиіс деп міндеттеді. Ал Ұлттық қор­­­­ды қамтамасыз етуші Bank of New York Mellon Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард долларына бұғаттау салды. Дегенмен, өткен жылдың мамыр айында Брюсселдегі соттың бірінші сатысы Ұлттық қорға салынған бұғаттау күшін жартылай жойды. Аталған сот осы қаулысымен қал­ған 530 миллион доллар көлеміндегі қара­жаттың шектелуін ағылшын сотында жоюға болатындығын көрсетті. Әйтсе де Ұлттық қордың 22 мил­­лиард доллардан астам активіне тиым са­лынуы салдарынан мемлекетке біраз шығын келген көрінеді.

Бұл соттардың қатарына Люксембург қаласында орналасқан Еуропа сотын да қоса аламыз. Бірақ ол тек Еуропа ода­ғына қатысты істермен шұғылданады. Сол сияқты Францияның Страсбург қала­сында орналасқан адам құқы бойынша Еуропалық сот және Сан-Хоседегі Адам құқы жөніндегі америкааралық соты да бар. Олар өз құзыретіне сай адам құқы жөніндегі конвенцияның бұзылуы туралы ұсынысты қарайды.

Солардың бірін айтар болсақ, мәсе­лен, Страсбургтегі Адам құқын қор­ғау жөніндегі Еуропа соты өзінің ашықты­ғымен әлемге әйгілі болып отыр. Өткен жылы елімізден Ресейдің Мәскеу қаласы­на еңбек етуге барған жерлесіміз ресей­лік супермаркет ғимаратында жарты жыл құлдықта жүрген. Онда оны мәскеулік Гольянова есімді азаматша азық-тү­лік дүкенінде қамауда ұстап, дұрыс та­мақ бермей, күштеп жұмыс істеткен. Не­бір қорлықтың түрін көрсетіп, адам құ­қын таптаған. Осы жайт туралы, яғни Қазақстан Омбудсмені Несібелі Ибра­гимова­ның зардап шегуіне орай ресейлік әріптестеріне көмек сұрау хатын жолдайды. Бірақ қазақстандық құқық қорғау органдары мұны қаншалықты жете тек­сергісі келгенімен, ақиқатқа қол жет­кізе алмайды. Өйткені толыққанды тек­серіс жүргізуге қолданыстағы ресейлік заң­дарға жүгінген жұмыс берушілер түсініктеме беруден бас тартты. Міне, сондықтан осы мәселе шешімін дұрыс таппаған соң зардап шегушінің арызы бойынша құқық қорғаушылар, Адам құқы жөніндегі Еуропа сотына арыз тү­сірді. Неге? Өйткені жоғарыда айт­қаны­мыздай, Страсбург соты адам құ­қы­ның бұ­зыл­ғандығын әлем бойынша ашып бере алады.

Ал еуропалық соттың шығарған қау­лысы қайта қарауға жатпайтын шешім. Оның қаулысы қатысушы мемлекет­тер үшін міндетті, яғни әкімшілік және сот практикасын өзгертіп, заңдылықтарға толықтыру енгізуге мәжбүрлейді. Өйт­­кені Адам бостандығы мен құқын қор­ғау туралы конвенция 1950 жылы қабыл­данып, Еуро­па Кеңесінің барлық елдері үшін ең басты құқықтық құжатқа айналды. Оны сақтау әрбір ұлттық соттың, әр мемл­екеттің міндеті. Осылайша, Стокгольм соты болсын, АҚШ-тың фе­де­ралдық соты болсын немесе Лондон соты дейік, бұлардың бәрі әлемнің заңдылық тетігін уыстарына ұстағандай, төрткүл дүниеге төрелік етуді қалыпты санайды.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»