Бұл мемлекет бұрынғы Югославияның ыдырауымен оның құрамынан шығып, 1991 жылы өз тәуелсіздігін алған болатын. Содан бері бұрынғы бір тудың астында болған Сербия тарапынан қауіп күтіп, НАТО әскери блогінің қамқорлығын көруге талаптанып келген. Бірақ мемлекеттің атауына байланысты НАТО-ның бұрыннан бергі мүшесі Грекия альянсқа өту жолына кедергі жасап келген болатын. Өйткені Македония атауын Грекия өздерінің ұлы жерлесі Александр Македонский есіміне байланысты жеке-дара иемденгісі келеді. Оның үстіне Грекияда «Македония» облысы бар. Елдің атауын өзгертуге байланысты Грекиямен келісім жасалып, былтырғы 30 қыркүйекте ол референдумға да шығарылған. Бұл келісімді референдумға қатысқан халықтың негізгі бөлігі қолдағанымен шешім қабылданған жоқ, өйткені дауыс беруге қатысқандар үлесі халықтың 50 пайызына жетпейтін. Бірақ премьер-министр Зоран Заев мәселені парламенттің қарауына ұсынып, онда Грекиямен жасалған келісімшарт ратификацияланды. Осы келісімді 2019 жылдың 25 қаңтарында Грекия парламенті де мақұлдады. Сөйтіп елдің атауы ендігі жерде Солтүстік Македония Республикасы деп танылды. Македония НАТО-ның құрамына да осы атауымен енді.
НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг «біз ешкімді де альянсқа кіруге күштеп шақырмаймыз, ал өздері қаласа, олардың шешімін қабылдаймыз. Біз тәуелсіз елдердің шешімдерін сыйлаймыз. Мәселен, Сербия бізге кіргісі келмесе, біз олардың да шешімімен санасамыз» деді. Сонымен бірге ол Ресейдің Балқан елдерінің альянсқа кіру процесіне кедергі жасауын да сынап өтті.
Сөйтіп бір кезде КСРО басшысы М.Горбачевке айтылған «НАТО шығысқа жылжымайды» деген ауызша уәде жылдан-жылға орындалмай келеді. Македония альянстың Шығысқа қарай жылжуының кезекті бір мысалы. НАТО-мен текетірес саясат жүргізетін Ресей үшін бұл дипломатиядағы жеңіліс деуге болады. Оның үстіне НАТО құрамына соңғы жылдары кіріп жатқан елдер бұрынғы «Варшава шарты» елдері әрі негізінен славян жұртының өкілдері. Ал Ресей Балқандағы славян елдерін түбі бір туыс деп санайды. Ресей іргесіндегі Балтық жағалауы елдерінің НАТО-ға мүшелікке өтуі, онда ұйымның кеңейтілген әскери жаттығуларын ұйымдастыруы өз алдына бөлек әңгіме. 2004 жылы аталған әскери блокқа Болгария, Румыния, Словакия, Словения, Эстония, Латвия және Литва елдері бірден кірді. 2009 жылы кезек Албания мен Хорватияға келді.
Енді Оңтүстік-Шығыс Еуропада НАТО-ға кірмеген Сербия, Босния мен Герцеговина, сондай-ақ Косово сияқты үш мемлекет қана қалып отыр. Ал егер
Украина мен Грузия Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуды өзіне стратегиялық мақсат етіп қойғанын ескерсек, онда НАТО алдағы уақытта Ресей шекарасына қарай тағы да жылжуы мүмкін. Тек бір ғана кедергі бар. НАТО-ға мүшелікке кандидат мемлекеттердің өзге елдермен территориялық шешілмеген мәселесі болмауы тиіс. Ал Украинаның да, Грузияның да Ресеймен дәл осы сұрақта «шешімін таппаған үлкен түйткілдері» бар.
Солтүстік Македонияның НАТО-ға мүше атануының Ресейге экономикалық та зияны болуы мүмкін. Себебі дәл осы Македония жері арқылы «Түрік ағыны» атты газ құбыры өтпек. Македония былтыр күзде «егер Еуроодақ рұқсат берсе ғана, біз жобаға қосыламыз» деп мәлімдеген. Яғни, Брюссельдің шешіміне кіріптар. Енді Македония еуроатлантикалық қауымдастыққа кірген соң, Брюссельдің құбыр құрылысына қатысты ұстанымын күтеді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»