Қазақ даласының әр қиырында өткен дәуірдің ізі, көне тарихтың үні бар. Мәселен бүгінде «Меркі түркі ордасы» деп аталып жүрген жер, яғни түркі ғибадатханасы бір кезеңде алып мәдениеттің орталығы болғандығы талас тудырмайды. Жазық даланың жұмбағын бойында сақтаған мұралардың қатарында қорғандар мен олардың айналасындағы қоршаулар, тастан жасалған мүсіндер, балбал тастар, жартастарға салынған суреттер бар. Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің бөлім басшысы, тарихшы Сауран Қалиев жалпы Меркі ғидабатханасы түркілердің көптеген ғұрыптық салтынан хабар беретінін айтады. Сонымен қатар көне тарихи кешен мазмұндық жағынан да бір-біріне ұқсай бермейтін тастан қаланған қорғандардан тұрады. Ғибадатхана орнын зерттеу жұмыстары өткен ғасырда бастау алған екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кезінде Меркі ғибадатханасы Батыс Түрік қағанатының орталығы болған.
Ислам діні келгенге дейін Ұлы даламызда түрлі мәдениеттің болғаны белгілі. Яғни көне түркі заманында бұл жердің ғибадатхана ретінде жұмыс істегені дәлелденіп отыр. Меркі өңірінен бүгінде үш ойма жазу табылған. Жаңа ғасырдың басында табылған бұл ойма жазудың алғашқысы «Мұң тарқатар жазу» деп аталған екен. Бес руникалық таңбадан тұратын бұл көне түрік жазуын ғалым Алтай Аманжолов түрікше «бұ қыл йас» деп оқыған. Бұл сөздің қазақша мағынасы «Мұңымды тарқат», «Шерімді жаз» дегенді білдіреді. Сонымен қатар ғалым Айман Досымбаева да бұл ғибадатхананың ерекшеліктерінде кездесетін ромб үлгісіндегі таңба әшекейліктен бөлек, бойтұмар ретінде де қызмет атқаратын киелі сипатқа ие болғандығын жазады.
Көне түркі заманынан бері жасап келе жатқан ғибадатхананың жалпы аумағы 250 шаршы метрден асады. Ғибадатханада еркектер мен әйелдердің түрлі тас мүсіндері бар. Тас мүсіндердің бәрінде де стильдік ерекшеліктер сақталған. Меркі жеріндегі бұл ғибадатхана күні бүгінге дейін сақталған ұлттың ұлы жәдігерінің бірі болып саналады.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы