Таяуда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері «Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалының мамандарымен бірлесіп, Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің бойымен жүріп отырып, Қарқаралы, Шет және Бұқар жырау аудандарын аралап шықты.
Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша Калинин, Матақ, Бесоба, Қызылтау, Қамқор, Ақөре, Керней, Шешенқара, Аққұдық, Тоғызқұдық, Қушоқы елді мекендерінің, сондай-ақ «Жосалы» шипажайы мен «Өгізтау» қыстағының маңында қардың қалыңдығын өлшеу жұмыстары жүргізілді.
– Аралау жұмыстары 12 бақылау нүктелері бойынша жүргізілді. Ол үшін төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігі пайдаланылды. Маршруттың жалпы ұзындығы 1350 шақырымды құрады. Өлшеу жұмыстары қардағы судың деңгейі қазір шекті бірліктен төмен екенін көрсетті, – дейді Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды