Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Қостанайда Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай митинг өтті       

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының орталығындағы Жеңіс саябағында өткен салтанатты шараға Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлері, жұртшылық өкілдері келді. 

Қостанайда Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай митинг өтті       

Әдетте, Ауған соғысы туралы әңгіме болса, көңілдерді алдымен мұң басады. Себебі осыдан 30 жылдан артық уақыт бұрын өзге елдегі соғысқа қыршын жастар аттанған еді. Олардың көпшілігі туған жерге табыт болып оралды, біразы хабарсыз кетті. Қостанай өңірінен 70-ші жылдары Ауғанстанға «интернационалдық борышын өтеуге» 1864 жігіт аттанған еді, содан 48 боздақ өзге жерде ерлікпен қаза тапты, туған жерді қайтып көре алмады. Қазір Қостанай өңірінде 986 ауған соғысының ардагері тұрып жатыр.

         «Жыл сайын ақпанның осы күні жауынгер-интернационалистерді еске алу күнін атап өтеміз. Олар ұмытылмайды, әрдайым біздің жүрегімізде» деді облыстық Қорғаныс ісі департаментінің бастығы Асқар Ниязов.

         Республикалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің мүшесі, полковник Сәбит Тасдәулетов жиналғандарға «енді ұрпағымыз мұндай соғысты көрмесін, оқ даусын естімесін, қолына қару алмасын» деген тілек айтты. Қаза болғаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған лейтенант Игорь Шилоның анасы Валентина Шило Ауған соғысы әкелер мен аналардың мәңгі жүрек жарасы екенін айта келіп, көпшілікке боздақтарды ұмытпағаны үшін алғысын білдірді.

         Жиналғандар бір дүркін атылған қару даусынан кейін қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіз еске алды. Мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай