Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті.
– Мен сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Осы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Ал спорт, негізінен, – жастардың ісі. Мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Сіздерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.
Жас спортшылар халықаралық жарыстарда көрсеткен өнері, алған әсерлері жөнінде ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтты.
– Мен әрдайым Қазақстан жастарын спортпен шұғылдануға шақырамын. Барлық облыстарда заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Стадиондар салынып, жабық кешендер бой көтерді. Спорт – денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан одан әрі өсуінің перспективаларына назар аударды.
– Бағындыратын биіктеріңіз әлі алда екенін көріп отырмын. Әлемдік жарыстан медаль алу оңай емес. Жастардың сіздерге қарап бой түзеп, дендері сау, мықты болып өскенін қалаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа табыстарға жете беруге шақырды.
Кездесуде жас спортшыларға Қазақстан Президентінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.