Емханаларды дамыту тұжырымдамасы мен «Үйдегі дәрігер» жобасы бойынша тұрғындармен есептік кездесу барысында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров айтып берді.
«Халықтың заңды және заңсыз көші-қоны денсаулық сақтау саласының басты проблемаларының бірі. Өздеріңіз білесіздер қала халқы жыл сайын 30-40 мың адамға артып отырады, ал бұл жаңа емхана, жаңа инфрақұрылым, жолдар, балабақшалар құрылысы, қосымша кадрлық және материалдық ресурстарды қажет етеді. Сондықтан біз емханаларды дамыту тұжырымдамасын әзірледік, ол амбулаториялық көмекті барынша халыққа жақындатуды көздейді. Мақсат – қазіргі кезде бар емханалардың жүктемесін азайту», деді Қамалжан Надыров.
Денсаулық сақтау басқарма басшысының айтуынша, осы мақсатта коммуналдық меншік объектілері іріктеліп алынды, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында «Үйдегі дәрігер» отбасылық денсаулық орталықтары ашылады.
Өткен жылы мұндай 8 орталық ашылды (Есіл ауданында – 3, Алматы ауданында – 1, Байқоңыр ауданында – 3, Сарыарқа ауданында - 1). Соның ішінде Пригородный және Өндіріс тұрғын үй алаптарында жаңа амбулатория ашылған.
Жалпы 2023 жылға дейін қалада 51 дәрігерлік амбулатория ашу көзделген.
«Бұл бізге не береді? Біріншіден - учаскелік және отбасылық дәрігерлер қол жетімді болады, өйткені науқастардың тұрғылықты жеріне барынша жақындайтын болады. Біздің мақсат науқас жан 20 минут ішінде дәрігерлік амбулаторияға жетіп, онда базалық медициналық көмек алуы тиіс: егу, анықтамалар, күндізгі стационар, УДЗ, ЭКГ және тағы басқа», деді Қ.Надыров.
«Екіншіден, емханалардағы кезектер азаяды, ал үшіншіден, осы жобаға барлығы қатыса алады, соның ішінде жеке меншік медициналық орталықтарда. Бүгінгі күні ТМККК жеткізушілердің шамамен 44% жекеменшік. Бұл бізге бюджеттік қаражатты орасан үнемдеуге, уақыт ұтуға мүмкіндік береді, өйткені жеке меншік әрқашан құрылысты тез жүргізеді және тез ашады. Әрине, бәсекелестік орта құрылады, біздің мемлекеттік емханалар жеке меншік емханаларға қарап өз көрсеткіштерін жақсартуға тырысады», - деп атап өтті спикер.