Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін айтты

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасын орындау аясында Ақтөбе облысында 2019 жылы көпбалалы, табысы төмен отбасылар мен аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдаудың қосымша шаралары енгізілетін болады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі  хабарлады.

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін айтты

Мұны өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халықпен есептік кездесу кезінде айтқан.

«Көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу үшін бастапқы жарнаны субсидиялауды енгізуді, аз қамтылған отбасыларға берілетін бір жолғы жәрдемақыны 70 мыңнан 140 мыңға дейін көбейтуді, аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке дейінгі мекемелердегі тамақтану төлемін  70%-ға төмендетуді жоспарлап отырмыз, көпбалалы отбасылардың оқушылары ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілетін болады. Халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарын оқытуға, қайта оқытуға қосымша 200 млн теңге бөлінеді, жалпы, халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарының ішінен 3 мың ақтөбелік қайта оқытылады, тағы бес мың адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылады. Көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыруда ешқандай қиындық туындамайтын болады. Аталған шараларды жүзеге асыру үшін қосымша кемінде 1 млрд теңге бөлінеді»,- деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі, жалпы әлеуметтік салаға кететін шығын облыс бюджетінің 50%-ын құрайтынын айтты.

Былтыр көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 20 мыңнан аса адам атаулы әлеуметтік жәрдемақы алып, 22,2 мыңнан аса бала «Мектепке жол» және «Қамқор» акциялары аясында мектепке жиналды, 14,6 мың оқушы тегін тамақпен қамтылды, 120 мың бала Қазақстан мен шетелдердің жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалды.

Бұдан басқа, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған 136 бала баспаналы болды. Түрлі акциялар аясында 265 мың ақтөбелікке 3,4 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше